Айбын • Бүгін, 08:15

Армия генералының алты қыры

170 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Осы күнге дейін «Армия генералы» деген ең жоғарғы әскери атаққа екі-ақ қазақ ие болған екен. Алғашқысы – Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, Қазақ­стан­ның тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағам­бетов, кейінгісі – екі рет еліміздің қорғаныс министрі, одан соң сенатор болған Халық қаһарманы, әскери ұшқыш Мұхтар Алтынбаев. Кейіпкеріміз Сағадат батырды ұстаз санап, үлгі тұтатынын, майдангерден көп нәрсені үйренгенін үнемі айтып отырады. Бұл да – ұрпақ сабақтастығының бір мысалы. Мұх­тар Қапашұлының ел білмейтін жақсы қасиеттері жетіп артылады. Біз соның ішінен өзімізге аян алтауына тоқталуды жөн көрдік.

Армия генералының алты қыры

Атакәсіпке адалдық

Өзі Қарағанды секілді шахтерлер қаласында туып-өссе, оның үстіне әкесі Қапаш ақсақал «Ленин» орденді кенші болса, бала Мұхтардың басқа мамандықты таңдауы мүмкін емес те еді. Солай болды да. Бірнеше жыл жер астында кен қазып, үлкен өмір мектебінен өтті, атакәсіпке адалдық таныттты. Әйтсе де аспанға деген құштарлық жүрегінің түбінде жатқаны анық.

Бір сұхбатында М.Алтынбаев ұшқыш болуды бала кезден армандап, даңқты ұшқыштарды үлгі тұтқанын айтады. Олардың ішінде қарағандылық жерлесі, өзі сияқты шахтада еңбек еткен Кеңес Одағының батыры Нұркен Әбдіров те бар. Жергілікті аэроклубқа алғаш барғанда жасың жетпейді деп қабылдамай қойған екен. Келесі жылы барлық емтиханды үздік бағаға тапсырып, таңдаған мамандығының қыр-сырын меңгере бас­тайды. Мектептен қол үзбей аэроклубта екі жыл білім алады.

«Мектептен соң шахтаға жұмысқа тұрсам да, ұшуға деген құштарлық маған маза берген емес. Армансыз адам құспен тең емес пе?» дейді Мұхтар Қапашұлы өткенді еске алып. Екі жылдан соң запастағы сержанттардың 11 айлық әскери жиынына шақырады. Сол жолы МиГ-17 ұшағын меңгеріп, запастағы офицер атағын алған соң қайта шахтаға оралады.

Дегенмен қалайда ұшқыш болу ойынан бір шыққан емес. Шахтада алты жыл еңбек етсе де, бала күнгі арманы ақыры өз дегенін істеп, 1969 жылы әскер қатарына запастан шақырылады.

 

Мерген ұшқыш

Армавирдегі авиация училищесін жедел бітірген соң, әскери ұшқыштың қиын да қызықты өмірі басталады. Бір ғана мысал, салыстырмалы түрде қысқа мерзім ішінде кіші лейтенанттан полк командиріне дейін көтерілу табандылық пен еңбекқорлықтың жарқын белгісі болса керек.

Бертін келе алғырлығы мен табиғи талантының арқасында заманауи әскери ұшақтарының барлық түрін меңгеріп, «мерген ұшқыш» атағын алды. Еліміздің Қорғаныс министрі болған кезде де қолы штурвалды аңсап, әскери ұшақпен көкке көтерілуге тырысатын.

1996 жылы АҚШ-қа қызметтік сапармен барғанда ол тұңғыш рет F-16 жойғыш ұшағының штурвалына отырады. Аризона штаты полигонында нысаналарды бомбалап, оқ атады. Бұл оқиға сол кездегі Америка Құрама Штаттарының Қорғаныс министрі Уильям Перридің назарынан тыс қалған жоқ. Салтанатты қабылдауда ол: «АҚШ тарихында алғаш рет шетелдік генерал АҚШ жерін бомбалады», деген кезде М.Алтынбаев: «Америка жерін тек полигондарда ғана бомбалауды тілеймін», деп жауап берген екен.

2003 жылы Мұхтар Қапашұлы Жетіген әскери әуе базасында елімізге жаңадан әкелінген АҚШ-тың «Хьюе-2» тікұшағын көкке көтерді. Қазақ министрінің кәсіби шеберлігіне АҚШ-тың сол кезгі еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Лари Нэппердің де тәнті болғанын көзіміз көрді.

М.Алтынбаевтың жетпіс жылдығында Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, ғарышкер Т.Әубәкіров ағамыз ағынан жарыла сөйлеп, қазақтан ғарышқа ұшуға тиіс азаматтардың тізімінде біздің кейіпкеріміздің де бол­ғанын айтты. Сол жолы Тоқтар Оңғарбайұлы Мұқаңның кәсіби шебер­лігінің мысалы ретінде бір ғана оқиғаны есіне алды. Кезінде су жаңа әскери ұшақты қабылдау барысында оны кім сынақтан өткізеді деген сұрақ туады. Сонда дивизия командирі Алтынбаевты ұсынған екен. Мәскеудегілер «Басқа фамилия табылмай қалды ма?» деп үзілді-кесілді қарсы шығады. Комдив бәрібір алған бетінен қайтпай, бұл жауапты міндетті қазақ жігітіне сеніп тапсырады. Кейін Мәскеуге «Ұшақ көкке сәтті көтерілді, штурвалда Алтынбаев» деп баяндаған көрінеді.

 

Ер – туған жеріне

1985 жылы Г.Жуков атындағы әскери академияны бітірген соң, Түркістан әскери округінің Самарқандағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс дивизиясы командирінің орынбасары болды. 1986 жылғы мамыр айынан бастап авиакорпус 12-әуе шабуылына қарсы қорғаныс армиясының құрамына кірді. Кейін корпус 17-әуе шабуылына қарсы қорғаныс дивизиясына айналған соң, Алтынбаев сол дивизияның командирі болып тағайындалды. Реті келгенде айта кету керек, кеңес одағы кезінде жоғары әскери шен алып, мұндай ірі құрамалар мен дивизияларға басшылық жасаған қазақ некен-саяқ.

Алғаш рет генерал атағын алғанын естіген сәттегі бастан кешкен көңілсіз жайды Мұхтар ағаның өз аузынан естіген едік. Сол әңгімені қаз-қалпында ұсынсақ: «Жоғары әскери атаққа ұсынғаным туралы ұзынқұлақтан хабардар едім. Сөйтіп жүргенде бір күні Мәскеуден, бас қолбасшылықтан қоңырау шалынды. Телефон тұтқасын көтергенімде ар жағындағы дауыс: «Алтынбаев, саған генерал атағы берілді, қазақ болғаныңа қара­мас­тан...» демесі бар ма! Мені құттықтаған түрі. Төбемнен біреу мұздай су құйып жібергендей, қуанышым сап тыйылды».

Біздің кейіпкеріміз кеңес одағы тарағаннан кейін де Түрікменстанда әскери қызмет атқарды. Сол елдің Орталық партия комитеті саяси бюросының мүшесі болды, абырой-атақтан да кенде емес еді. Сапармұрат Ниязовпен де қарым-қатынасы өте жақсы болатын. Бірақ туған топыраққа қарай бүйрегі бұрды да тұрды. «Бізге керексің» деп Қазақстанға жібергісі келмеген уақытта С.Ниязов қазақтың «Ер – туған жеріне» деген бірауыз қанатты сөзіне тоқтап, қазақ генералын құрметпен шығарып салған екен. Одан бергі өмірі мен әскери қызметін ол түгелдей туған Ота­нына бағыштады.

 

Ана тілінің жанашыры

Кеңес одағы кезінде әскери қызмет атқа­рып, жоғары лауазымда болған қазақ аза­маттарының басым көпшілігі ана тіліне шорқақ немесе мүлдем білмейтін. Олар­ды бұл үшін айыптау да қиын. Өйт­­­кені кеңес армиясы тек орыс тілінде «сөй­леді». Бірақ сол жоғары шенді офи­цер­­лердің ішін­де ана сүтімен бойына да­ры­ған тілін қас­­тер­леп, ұмытпағандары да болды. Сол аздың қатарында біздің кейіп­кері­міз де бар.

Мұхтар Қапашұлы қорғаныс министрі кезінде де, кейін Сенат депутаты болғанда да БАҚ өкілдерімен өте тығыз қарым-қатынас жасады. Өткір сұрақтардан қашпайтын, қашанда екі тілде еркін, сауат­ты жауап беретін. Журналистер де сол үшін үнемі оны іш тартып тұратын.

Осы жерде өзіміз куә болған Парла­менттегі бір кездесу еске түсіп отыр. Ол туралы Шерхан Мұртаза ағамыз «Бір кем дүние» кітабында жазды да. Енді Шерағаңа сөз берейік: «Парламенттің Мәжіліс палатасы. Қорғаныс министрі, келбеті келіскен генерал Мұхтар Алтынбаев мінбеге көтерілді. Қазақша сөйлей бастады. Бұл өзі әдейі жоспарланған кездесу. Сөйте тұра зал гу-гу. Екеу-екеу, топ-топ болып сөйлесіп отырған депутаттар. Әрі-бері, ерсілі-қарсылы жүргендер де бар. Генерал зал тынышталар ма екен деп біраз үнсіз тұрып еді, гу-гу тыйылмады. Сонда генерал: «Ал ендеше, мен орысша да сөйлей аламын», деп орысшаға көшіп еді, зал құлаққа ұрған танадай тынды да қалды. Құдай сорлатқанда, сол депутаттардың басым көпшілігі қазақтар еді. Осының бәрін өз көзіммен көріп, өз құлағыммен естіген мен едім. Өкініштен өртеніп кете жаздағаным есімде. Е, Құдай! Біз бейбаққа өзің сана-сезім бере гөр! Бір кем дүние».

 

Отбасы құндылығын ардақтаған

Кез келген мықты азаматтың ту сыртында тірек болып бір мықты әйел тұрады деген тәмсіл бар. Әлбетте, әйел отба­сының ұйытқысы, шаңырақтың бере­кесі екені мәлім. Ал аттың жалы, атан­ның қомында жүретін әскери адам­ның жұбайы болу бұл салмақты еселей түспек.

БАҚ өкілдеріне берген барлық сұхбатында Мұхтар Қапашұлы өзінің құдай қосқан қосағы, жан жары туралы үнемі асқан жылылықпен, ерекше ілтипатпен еске алып отырады. Бір жолы «Өмір бойы менімен бірге әскери қызметтің бар ауыртпалығы мен ыстық-суығын тең бөліскен жұбайымды әйел адамның идеалы деп айтар едім», деп ағынан жарылған екен.

Біреу білер, біреу білмес, Мұқаң болашақ жарымен он жыл бір мектепте оқыған. Осындайда «Енисей мен Еділді шатастырып картадан, ең ал­ғаш­қы махаббат басталады партадан» деген ел аузындағы ән еске түседі. Он сегіз жасында отбасын құрып, Гүлбану Рахымбайқызымен елу жылдан аса тату-тәтті өмір сүрді. Өкінішке қарай, асыл жең­ге­міздің өмірден озғанына да, міне, он жыл­дың жүзі болып қалыпты...

 

Ұлағатты ардагер – ұрпаққа үлгі

Мұхтар Қапашұлы әлі де – әскери сапта. Ол «ҚР Қарулы Күштерінің арда­гер­лері» қоғамдық ұйымының төрағасы ретінде белсенді жұмыс атқарып келді. Ардагерлер қоғамдық өмір мен онда­ғы өзгерістерге сергек қарап, өскелең ұрпақ­қа оң бағыт сілтеуден шаршаған емес.

Сонымен қатар М.Алтынбаев – «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі Бақылау кеңесінің төрағасы. Бұл – Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан немесе із-түзсіз жоғалған қазақстандық жауынгерлерді мұрағаттар мен майдан даласынан жүйелі түрде іздестірумен айналысатын еліміздегі жалғыз ұйым. Осы уақытқа дейін оның ресми сайтына хабарсыз кеткендердің ұрпақтарынан 12 мыңдай өтініш келіп түскен. 4 500-ден аса жауынгердің жерленген жерлері мен жеке басы анықталды. Майдан даласынан табылған 21 боздақтың сүйегі елге жеткізіліп, әскери құрметпен жерленді. Осынау сауапты істің басы-қасында ардагер аға бастаған абзал азаматтар жүр.

Армия генералы М.Алтынбаев алдағы желтоқсан айында сексеннің сеңгіріне шығады. Біз мерейтой иесін құттықтай отырып, зор денсаулық, сарқылмас қажыр-қайрат, ел игілігі жолындағы еңбегіне табыстар тілейміз.

 

Әбубәкір СМАЙЫЛОВ,

Қарулы Күштер ардагері