Ж.Әбділдиннің басшылығымен бұрынғы Кеңес одағына және шетелдерге кеңінен танымал философиялық мектеп қалыптасты. Туған еліне азаматтық берік ұстанымымен де, ғылым жолындағы қабілет-қарымымен де аянбай қызмет етті. Соңында өшпейтін өнегелі, айшықты ізі қалды.
Ж.Әбділдиннің ғылыми еңбектері, негізінен, диалектикалық логиканың өзекті мәселелерін зерттеуге арналды. Оның басқаруымен осы бағытта ұжымдық монографиялар жарық көрді. Диалектиканың ғылыми жүйесі жасалды. Ол қазіргі жаратылыстану ғылымдарының методологиялық мәселелерімен ұштастырылды.
Университетіміздің профессоры Жабайхан Мүбәрәк-ұлының философияның іргелі мәселелері – таным теориясын, диалектиканың әмбебап заңдылықтары мен категорияларын, оның ішкі логикалық байланыстары мен әдістемесін, әлемдік философия тарихын, оның басты өкілдерінің көзқарастарын студент-жастар қауымы ыждағатпен оқып-үйренді.
Қайраткер Ж.Әбділдин азамат ретінде жазықсыз құрбан болған Алаш арыстарын ақтау жөніндегі комиссияны басқарып, олардың ақталып, еңбектерінің жарық көруіне айрықша атсалысты. Шәкәрім, Мағжан, Жүсіпбек, Ахмет пен Міржақыпты туған халқымен қайта қауыштырып, шығармашылық мұраларының ел игілігіне айналуына себепкер болды. Елі, жері, тіпті күллі адамзат үшін де тындырған ісі зор десек, артық айтпаймыз. Бірегей жаратылған, даңғаза мен дақпыртқа, дандайсуға жаны қас азамат еді. Қай істе де ар мен адалдықты, сабыр мен салмақтылықты биік қоятын.
Жабайхан Әбділдин – адамзат пен ғаламзаттың дара құбылысы. Отандық философия ғылымының дамуына, тәуелсіз еліміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан зиялы тұлға еді. Ол шын мәнінде кісілік пен даналықтың үлгісіндей, әділдіктің таразысындай абыз ақсақалымыз болатын.
Адамгершілік қасиеті мол, жаны жайсаң, жүрегі кіршіксіз абзал азаматтың елге сіңірген еңбегі мен жарқын дидарын халқымыз әрдайым жадында сақтайды деп сенеміз. Оның ғылымдағы мол мұрасы мен ғибратты ғұмыры кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала бермек.
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ұжымы