Қаныш Сәтбаевтың академиялық мектебінен шыққан ғалым Жабайхан Мүбәрәкұлы елімізде философия мектебінің негізін қалады. С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың философия-экономика факультетін бітіргеннен кейін М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемелекеттік университетінің аспирантурасына түсіп, кандидаттығын, докторлығын қорғап, дүниежүзі ғалымдарына ғылыми негіздемелерін мойындатқан ірі ғалым.
Қазақ КСР Ғылым академиясы Философия және құқық институтында еңбек етіп, дамытып, ұзақ жыл бойы басшылық етіп, кейіннен Ұлттық ғылым академиясының академик-хатшысы, қоғамдық ғылымдар жөніндегі вице-президенті болды. Осы кезеңде ол білікті басшы болып қана қойған жоқ, ауқымды еңбектер жазды, қазақ ғылымында өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Академик Жабайхан Мүбәрәкұлы өмірінің соңғы жылдарына дейін ғылымнан қол үзген жоқ. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жұмыс істеді. Бүгінде Жабайхан Әбділдин құрған философия ғылыми мектебі әлем ғалымдары мойындаған мектеп ретінде жұмысын жалғастырып келеді. Ғалым жас мамандарға және өз отбасының өнегесі бола білді. Қазақтың маңдайына біткен майталман, абыз ғалым жасының үлкендігі, ғылымдағы дүниежүзі мойындаған жетістіктеріне, атақтарына қарамастан, қарапайымдылығымен ерекшеленетін. Бүгінде ғалымның мектебінен шыққан 100-ден астам ғылым докторы философия саласында күрделі ғылыми мәселелермен айналысып жүр.
Академик Ж.Әбділдиннің ғылымдағы кешенді еңбектері бағаланып, мемлекеттік наградаларға – «Барыс», «Парасат», «Құрмет» ордендері және халықаралық деңгейдегі көптеген сыйлыққа ие болды. Атағы әлемге мәшһүр болған ғалымның артында баға жетпес құнды еңбектері қалды. Оның барлығын шәкірттері еліміздің игілігі жолында қолданып, академиктің бастаған ісін жалғастырады деп сенеміз. Ғалымның аты өшпейді. Жақындарына қайғыра көңіл айтамыз. Алла алдынан жарылқап, жатқан жері пейіш болсын!
Мұрат ЖҰРЫНОВ,
ҰҒА академигі