Палата спикері мейманға ілтипат білдіріп, Қазақстан Палестинаны араб әлеміндегі маңызды серіктестердің бірі ретінде қарастыратынын және екі ел арасында түрлі саладағы қатынастарды дамытуға мүдделі екенін атап өтті. Кездесуде екіжақты достық қарым-қатынастарды нығайтуға жоғары деңгейдегі белсенді және сенімді диалогтің ықпалы зор екені де сөз болды.
«Бүгінде екі ел арасында саяси диалог жоғары деңгейде жалғасып келеді. Палестина Президенті Махмұд Аббастың 2022 жылы Астанада өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитіне қатысуы – соның айқын дәлелі. Саммит аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Палестина Президентімен кездескенін ерекше атап өткен жөн. Бұл келіссөздер екі ел арасындағы өзара түсіністік пен серіктестікті нығайтуға маңызды серпін берді. Біз алдағы уақытта да сіздердің елдеріңізбен түрлі саладағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделіміз әрі Палестинаны нығайтуға бағытталған бастамаларды әрдайым қолдаймыз», деді М.Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат төрағасы Газа секторындағы бұрын-соңды болмаған гуманитарлық ахуалға алаңдаушылық білдірді. Ол бейбіт тұрғындардың зардап шегуі қабырғаны қайыстыратынын айтып, жанжалды дипломатиялық жолмен шешудің маңызды екенін тілге тиек етті.
«Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының тиісті қарарларына сәйкес, Палестина халқының заңды құқықтарын, сондай-ақ «екі халық үшін екі мемлекет» қағидатын дәйекті түрде қолдайды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, жанжалды дипломатиялық жолмен шешу – тұрақты бейбітшілік пен қауіпсіздікке қол жеткізудің жалғыз жолы. Біздің басты қағидатымыз – гуманитарлық көмектің қауіпсіз, үздіксіз, шартсыз қолжетімді болуы, азаматтардың қорғалуы және инфрақұрылымның қалпына келтірілуі», деп М.Әшімбаев екі елдің Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы және басқа да институттар мен халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылдың басым бағыттарына назар аударды.
Сондай-ақ тараптар Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі шеңберіндегі бірлескен жұмысты талқылап, қақтығыстарды бейбіт жолмен шешудің және рухани дипломатияны дамытудың маңызы жөнінде сұхбат құрды.