Сурет: kaz.inform.kz
Кеңесте Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері сөз сөйледі. Экология министрлігінің деректеріне сүйенсек, елдегі киіктердің саны бүгін рекордтық деңгейге жетті. Қазір 4 млн болса, төлдеген соң шамамен 5 млн-ға жетеді. Осындай қарқынды өсуді ескере отырып, уәкілетті органдар Зоология институты дайындаған биологиялық негіздеме негізінде ауыл шаруашылығына зиян келтірмеу, экожүйелік тепе-теңдікті сақтау мақсатында жануарлар санын тұрақты басқару жөнінде іс-шаралар жүргізді.
Биылғы 1 шілдеден 30 қарашаға дейін 196 мыңға жуық киік ұшасы отандық ет өңдеу кәсіпорындарына берілді. Жұмыстар ғылыми ұсынымдарға сәйкес қатаң түрде жүргізілді.
Дериваттарды есепке алуға әрі сақтауға ерекше назар аударылады. Киіктердің мүйізі таңбаланып, министрлікке қарасты «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК ұйымында күшейтілген күзет пен мамандандырылған инфрақұрылым жағдайларында сақталады.
Дериваттарды цифрлық таңбалау мен халықаралық реттеу мәселелері жеке қаралды. «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп толық қадағалауды әрі заңды айналымды қамтамасыз ететін киік мүйіздерін таңбалау жобасы жүзеге асырылып жатыр. Ұсынылған жүйе CITES Халықаралық конференциясында қолдау тапты әрі отандық дериваттардың экспортына шектеулерді кезең-кезеңімен алып тастауға негіз ретінде қарастырылады.
Жиын қорытындысында Роман Скляр Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен басқа да мүдделі мемлекеттік органдарға 2026 жылға киік санын тұрақты басқаруға дайындық бойынша шаралар қабылдауды, сондай-ақ CITES шешімдерін ескере отырып, дериваттардың таңбалануы мен айналымы жөніндегі нормативтік базаны қалыптастыруды аяқтауды тапсырды.