Энергетика министрлігінің ақпаратына сәйкес, ЖЖМ нарығындағы жағдай тұрақты, ірі мұнай-өңдеу зауыттары штаттық режімде жұмыс істейді, қорлар ішкі сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұған қоса елден мұнай өнімдерін заңсыз әкетудің жолын кесу жұмыстары жалғасып жатыр. Жыл басынан бері кеден органдары мен Шекара қызметі заңсыз әкетуге 836 әрекеттің жолын кесті. Сондай-ақ Қаржы мониторингі агенттігі мұнай өнімдерін контрабандамен әрі жалған өңдеумен айналысатын бірқатар ұйымдасқан топтар мен компаниялардың қызметін анықтады. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып келеді. Биыл Агенттіктің өндірісінде 22 қылмыстық іс болды, онда ЖЖМ заңсыз айналымының сомасы 19 млрд теңгені құрады. Шекараның негізгі учаскелерінде мобильді топтар жұмыс істеп жүр, рейдтік, жедел іс-шаралар өткізіліп жатыр.
Жыл басынан бастап Ішкі істер министрлігі тиісті рұқсатсыз қайта жабдықталған көлік құралын басқарған 3 334 жүргізушіні (ӘҚБтК 590-бабының 7, 10-тармақтары), оның ішінде бензин бактарын бензинге (293), дизель отынына (108), газ баллонды жабдыққа (2 933) қайта жабдықтағаны үшін жауапқа тартты.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімшелері мұнай өнімдерін заңсыз әкетумен айналысатын қылмыстық топтардың қызметін анықтау мен жолын кесу жөніндегі жұмысты жалғастырып жатыр. Жыл басынан бері мұнай өнімдерін ұрлау, заңсыз сақтау, тасымалдау фактілеріне қатысты 11 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды.
Шетелге отын ағынын азайту мақсатында мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін әкетуге тыйым салу ұзартылды. Бұған қоса көлік құралдарымен шекарадан өтуге шектеулер енгізілді, шекаралық пункттерде бақылау күшейтілді. Өңірлерде әкім орынбасарларының басшылығымен мұнай базалары мен жанармай құю бекеттерінде отынның болуы мен логистиканың тұрақтылығын бақылайтын штабтар жұмыс істейді.
Кеңесте мұнай базаларын мұнай өнімдерінің айналымын есепке алу мен цифрландыру бақылау құралдарымен жарақтандыруға ерекше назар аударылды. Мұнай базаларының бір бөлігі қазіргі заманғы есепке алу жүйелерімен жабдықталған әрі нақты уақыт режімінде деректерді береді. Мұндай құрылғыларды орнату міндеттілігі мен олардың жоқтығына жауапкершілікті бекітетін заңнамалық түзетулер дайындалды. Сонымен қатар мемлекеттік, корпоративтік ақпараттық жүйелердің интеграциясы жүргізіліп жатыр. Бұл МӨЗ-ден түпкілікті іске асыруға дейінгі отын қозғалысының ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Роман Скляр барлық шаралар еліміздің тұрғындары мен экономикасының қажеттіліктерін басым қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. Үкімет құқық қорғау, бақылаушы органдармен бірлесіп ЖЖМ нарығын бақылауды қатаңдатуды, заңсыз әкетудің жолын кесуді әрі отынның ішкі нарыққа үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етуді жалғастырады.