Өндіріс 10 айда 5,8%-ға ұлғайды
Биыл өңдеу өнеркәсібінде оң динамика сақталып отыр. Он айдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 24 трлн теңгеден асып, 5,8%-ға артқан. Өсім ең алдымен, металлургия, машина жасау, химия саласы, сондай-ақ құрылыс материалдары сынды негізгі сегменттерде өндіріс көлемін ұлғайту есебінен қалыптасқан.
– Биыл өңдеу өнеркәсібінде 1,5 трлн теңгеге 190 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бүгінде оның 147-сі жүзеге асты. Нәтижесінде, 18 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Олардың қатарында қытайлық Chery, Changan, Haval, Tank брендтерінің жеңіл автомобильдерін, тамақ өнеркәсібіне, тұрмыстық техникаға арналған алюминий қаптамаларын, сондай-ақ жүнді қайта өңдеу мен тоқыма материалдарын өндіру жөніндегі жобалар бар. Аталған жобалар толық өндірістік қуатына шыққан кезде өңдеу өнеркәсібінің көлемі жылына 2,3 трлн теңгеге ұлғаяды, – деді Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.
Былтырғы жылдың қорытындысында мұнай өңдеу көлемі 17,9 млн тоннаны құраған еді, биылғы жоспары да осы деңгейде. Ол туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты. Министрдің сөзіне қарағанда, бүгінде мұнай өңдеу зауыттары америкалық, жапондық технологиялық үдерістерді басқарудың ең жақсы Honeywell, Yokogawa автоматтандырылған жүйелерін пайдалана отырып, цифрландырудың жоғары деңгейімен ерекшеленіп отыр.
Өңдеу қуатын кеңейту жобалары бойынша, Мұнай өңдеу саласын дамытудың тұжырымдамасына сәйкес 2025–2032 жылдар аралығында мұнай өңдеу көлемін жылына 18-ден 30 млн тоннаға дейін ұлғайту жұмыстары басталған.
– 2040 жылға қарай заманауи отын-мұнай-химиялық конфигурацияда қуаты 10 млн тонна мұнай өңдейтін жаңа үлкен сыйымдылықтағы ірі зауытты іске қосу мен өңдеу қуатын 30-дан 40 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып жатыр. Жаңа зауыттың өңдеу тереңдігі 95%-ды құрайды. Бұл жобаларды жүзеге асыру ішкі нарықтың жанар-жағармай материалдарына өсіп келе жатқан сұранысын 100% қамтамасыз етуге, сондай-ақ мұнай өнімдерін көршілес елдерге экспорттауға мүмкіндік береді, – деді Е.Ақкенженов.
Технологиялық егемендіктің негізі
Өңдеу өнеркәсібін дамыту экономиканың орнықты өсуінің негізгі шарты екені мәлім. Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру, еңбек өнімділігін арттыру, жаңа технологиялар енгізу мен еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін нығайту жөнінде нақты міндеттерді айқындап берді.
– Дәл осы өңдеу секторында қосылған құны жоғары өнімдер жасалады. Біліктілігі жоғары жұмыс орындары ашылады. Өңдеу саласы еліміздің технологиялық егемендігін қалыптастырады. Бүгінде ішкі жалпы өнім құрылымындағы өңдеу секторының үлесі шамамен 13%-ды құрайды. Экономиканы белсенді түрде әртараптандыру ісін жалғастыру маңызды. Өткен жылы өңделген өнім экспорты 23 млрд доллардан асты. Бұл ретте металл бұйымдары ғана емес, сонымен қатар машина жасау, химия, тамақ өнімдерінің экспорты да артып келеді. Біздің мақсатымыз – ішкі жалпы өнімдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесін 2030 жылға қарай 15%-ға дейін, 2035 жылға қарай 18-20%-ға дейін жеткізу. Бұл нақты орындалатын міндет екенін ерекше атап өтемін, – деді О.Бектенов.

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»
Бұл тұрғыда бізде шикізат, энергия, қолайлы географиялық жағдай, жас әрі білімді адам капиталы, тағы басқа да не қажеттінің бәрі бар. Отандық тауар өндірушілерге жүйелі қолдау көрсету – алға қойылған мақсатқа қол жеткізудің маңызды шарты. Мәселен, бірқатар салада қабылданған өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету тетігі қазірдің өзінде өз нәтижесін беріп отыр.
– Кәсіпорындар қуаттылықты жүктеу мен жаңғыртуды жоспарлаудың болжамдауға болатын шарттарын алды. Келесі жылдан бастап реттелетін сатып алулар нарығында шын мәнінде жұмыс істеп тұрған отандық кәсіпорындарға басымдық беретін отандық тауар өндірушілердің тізілімі іске қосылады. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында өңдеу өнеркәсібіне инвестиция салуды басым бағыт ретінде айқындап берді, – деді Үкімет басшысы.
Биыл 10 айда осы секторға салынған инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 30%-ға жоғары. Мұндай өсім, ең алдымен, Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында жаңа өндірістердің іске қосылуына байланысты болып отыр. Биыл Картаға сәйкес 190 жобаны іске асыру көзделген. Қазірдің өзінде 147 жоба пайдалануға берілді.
– Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі салалық мемлекеттік органдармен, өңір әкімдіктерімен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін Картаның қалған жобаларын іске қосуды қамтамасыз етуі қажет. Елдегі индустриялық жобалардың басым бөлігі арнайы экономикалық, индустриялық аймақтар аумағында іске асырылып жатыр. Бұл олардың индустрияландырудың тірек алаңдары ретіндегі маңызды рөлін айқын көрсетеді, – деген О.Бектенов, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне Ұлттық экономика, Қаржы министрліктері, өңір әкімдіктерімен бірлесіп, басымдық берілген Арнайы экономикалық аймақтар мен Индустриялық аймақтарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жөнінде нақты мерзімдері мен қаржыландыру көздерін көрсете отырып, егжей-тегжейлі жоспар әзірлеуді тапсырды.
Агроөнеркәсіп кешенінде өнімді қайта өңдеуді дамыту жөнінде 2028 жылға дейінгі кешенді жоспар іске асырылып жатыр. Ол кәсіпорындарды қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету, жеңілдікті несиелер беру мен экспорттық әлеуетті арттыру шараларын қамтиды. Келесі жылы секторда бірқатар ірі жобаны іске асыру жоспарланған. Оның қатарында Жамбыл облысында қант зауытын, Алматы облысында жеміс-жидекті қайта өңдеу зауытын, Шымкент қаласында құс фабрикасын іске қосу көзделіп отыр.
– Ауыл шаруашылығы министрлігі жоспарланған барлық жобаның уақтылы пайдалануға берілуін қамтамасыз етуі қажет. Бүгінде өңдеу өнеркәсібін дамытуда жасанды интеллект технологияларын қолдануды қоса алғанда, цифрлық трансформациялау мәселелері басты мәнге ие болып отыр. Бізде осындай технологияларды қолданудың оң мысалдары аз емес, – деді Премьер-министр.
Мәселен, «Алтыналмас» алтын өндіру кәсіпорнында ашық карьерлердегі логистиканы оңтайландырып, техника жұмысын бақылайтын цифрлық жүйелер қолданылады. KAZ Minerals кеніштерінде жасанды интеллект көлемді деректерді талдап, жабдықтар жұмысын оңтайландырады әрі әртүрлі тәуекелдерді анықтап-тіркейді. ERG компаниясында ондаған цифрлық ассистент жұмыс істейді.
Дәрі-дәрмек бағасының цифрлық ережесі
Отандық фармацевтика саласына қаржы тартуды ынталандыру мақсатында инвестициялар туралы келісімдер жасалып жатыр. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіруге қатысты 9 инвестициялық жоба қолға алынды. Премьер-министр Денсаулық сақтау министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге үш ай ішінде барлық ұйымдастыру жұмыстарын аяқтап, инвесторлармен келісімдердің жасалуын қамтамасыз етуді жүктеді.
– Дәрі-дәрмекке баға белгілеудің жаңа цифрлық жүйесі фармацевтикалық нарықтағы барлық қатысушы үшін бірыңғай ережелерді бекітті. Биыл препараттарға бағаны төмендетудің арқасында мемлекет дәрілерді сатып алуда 36 млрд теңгеден астам қаржы үнемдеді. Бұл қаражат халықты қосымша дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бағытталады, – деді Үкімет басшысы.
Сатып алу бағаларының төмендеуі өндірушілер мен жеткізушілерге ұнай бермейтіні түсінікті. Бірақ ел азаматтарының мүддесін басшылыққа алу керек. Сонда ғана дәрілер әділ бағамен сатып алынатын болады.
– Отандық фармацевтикалық өндірушілерді әрі қарай да қолдаймыз. Бірақ мемлекеттік қолдау шаралары сапалы медициналық өнімді жеткізетін, бағаны жасанды түрде өсірмейтін нарықтың адал қатысушыларына ғана көрсетіледі, – деді О.Бектенов.
Оқу орындары өнеркәсіппен интеграцияланады
Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктері өнеркәсіп кәсіпорындарымен міндетті түрде серіктестік орната отырып, цифрландыру жөніндегі модульдерді техникалық университеттер мен колледждердің оқу бағдарламаларына интеграциялауы қажет. Үкімет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне онлайн-платформаларды пайдалана отырып, өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмыскерлерін базалық цифрлық құзыреттерге оқыту бағдарламасын іске қосуды жүктеді. Сөйтіп, жалпы айтылғандарды ескере отырып, бірқатар негізгі міндеттерді атап көрсетті.
Бірінші, ұзақмерзімді шарттар мен оффтейк-келісімшарттар тетігі – отандық тауар өндірушілерді қолдаудың тиімді құралдарының бірі. Биыл отандық өндірушілермен кәсіпорындарға өз өндірістері мен дамуын сенімді түрде жоспарлауға мүмкіндік беретін осындай 879 келісім жасалды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жасалған ұзақмерзімді шарттар мен оффтейк-келісімшарттардың жалпы санын келесі жылдың соңына дейін кемінде 1 мыңға жеткізу жүктелді.
Екінші, елімізде заманауи цифрлық технологияларды, соның қатарында жасанды интеллектіні пайдаланып отырған өңдеу кәсіпорындары 20%-ға да жетпейді. Германия, АҚШ сияқты дамыған елдерде проактивті мониторинг жүйелері жабдыққа қызмет көрсету шығындарын 15%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Өнеркәсіп және құрылыс пен Жасанды интеллект министрліктеріне өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарында жабдықтарға предиктивті қызмет көрсету, сапаны автоматты бақылау мен өндірісті оңтайландыру үшін жасанды интеллектіні енгізуге арналған жаңа жобаларды іске асыруды қамтамасыз ету шарасы міндеттелді.
Үшінші, өңдеу өнеркәсібіне арналған ғылыми зерттеулер әлеуетін кеңейту қажет. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, өңдеу саласындағы ғылыми зерттеулерді қолдаудың кешенді шаралар пакетін әзірлеу туралы тапсырма берілді.