Саясат • Бүгін, 08:45

Ішкі саясатсыз іс түзелмейді

20 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 5 қарашада еліміздің болашағы үшін аса маңызды құжат – «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл құжаттың маңызы неде? Енді соған кеңінен тоқтала кетсек.

Ішкі саясатсыз іс түзелмейді

Сурет: janalyq.kz

Кез келген ұлттың тұтастығын, бірлігін, ынтымағын нығайта­тын мемлекеттік саясаттың ең басты саласы – ішкі саясат. Елдің ішкі саясаты мығым болмаса, сыртқы күштердің арандатуы­на, ықпалына түскен халық қандай жағдайға душар болатынын тарихтан жақсы білеміз. Осы құжат Президенттің Жолдаулары мен сөйлеген сөздері, Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары негізінде, Ұлттық құрылтай мүше­лерінің, мемлекеттік органдардың, қоғамдық және ғылыми ұйым­дардың ұсыныстарын ескере отырып әзірленіпті. Мұнда еліміздің ішкі саясатының мақсаты елді келешекте тұрақты дамыту үшін қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақ­тылығын қамтамасыз ету екені баса айтылған. Осы мақсатты жүйелі түрде жүзеге асыру үшін ішкі саясаттың негізгі алты қағи­да­тын белгілепті. Олар – «Заң мен тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт», «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет», «Адал азамат», «Таза Қазақстан».

Осы қағидаттарға зер салып, анықтап қараған адамға бәрі көрініп тұр. Бұлар мемлекеттік құрылыстың бірыңғай бағыт-бағдарын айқындап береді. Мәселен, біріншіден, «Заң мен тәртіп» қағидаты елімізде құқықтық мемлекеттің негізін қалауды білдіреді. Қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлы ата­мыз айтқандай, «Тәртіпсіз ел бол­майды, тәртіпке бағынған құл болмайды». Ел болашағын ойла­сақ, бүкіл азамат тәртіпке бағы­нып, заң аясында ғана әрекет жасайтын мемлекетке айналуымыз керек.

Екіншіден, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл билік пен халық арасындағы өзара іс-қимыл құралы іспетті. Мем­лекет халыққа жақын болу үшін қолдан келетін барлық мүмкін­дікті жасап жатыр. Бұған мысал ретінде e-gov, e-otinish, тағы басқа да тетіктер арқылы түрлі мемлекеттік қызметтерді халыққа қолжетімді етті. Әлі де бұл салада көп жұмыс жасалып жатыр.

Үшіншіден, «Әртүрлі көз­қарас – біртұтас ұлт» қағидаты елі­міз­дегі түрлі ұлт пен ұлыс арасында өзара түсіністік орнату жолын ашады. Бұл мәселеде бәрі­нің басын «бір ұлт» аясында біріктіретін мемлекеттік тіл екенін Президент Қ.Тоқаев өз сөзінде бірнеше мәрте айтқан болатын. Сондықтан еліміздегі өзге этностардың құқығын ескере отырып, болашақта бір мемлекеттік тіл аясында бірігу мәселесін қолға алған жөн.

Төртіншіден, «Күшті Прези­дент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» алдағы уақытта еліміздегі саяси басқару үлгісінде өзгерістер болатынын аңғартып тұр. Бұл дегеніміз, президенттік басқару үлгісіндегі елімізде ық­палды Парламент бір палаталы болып өзгеріп, атқарушы би­лік Үкіметіміз Президент пен Пар­ламент алдында есеп беретін жү­йеге көшетінімізді білдірсе керек.

Бесіншіден, «Адал азамат» – қа­ғидаты азаматтық қоғамға бет бұра бастағанымыздың көрінісі. Елдегі кез келген азамат құқығы қорғалып, ойлау па­йымы ескерілуге тиіс. Меніңше, қоғамда адал еңбек етіп, өз күнін көріп жүрген қарапайым жұмысшыдан бастап, мемлекет­тік қызметшілерге дейін барлығы осы «Адал адам» қағидатын ұстануы керек.

Алтыншыдан, «Таза Қазақ­стан» – қарапайым экологиядан бастап, қоғамдағы жемқорлық­қа жол бермеуіміз қажет. «Таза Қазақстан» адамның мінез-құлқы, жүріс-тұрыс этикасы ғана емес, айналадағы қоршаған ортаны аялап, сақтаудың да үлгісі болмақ.

Аталған құжат ұлт үшін аса маңызды осындай алты қағидатты ортаға салса, «Жалпыұлттық құндылықтар және нышандар» деп аталатын келесі тарауда «Тәуелсіздік және отаншылдық», «Бірлік және ынтымақ», «Әділдік пен жауапкершілік», «Заң мен тәртіп», «Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік», «Жасампаздық пен жаңашылдық» сияқты негізгі құндылықтар туралы сөз болады. Осы бөлімде «Жалпыұлттық нышандар» атты арнайы тарау бар.

Жарлықтың соңғы тарауында еліміздің ішкі саясатының жеті басым бағытына тоқталған. Бірінші бағыт «Қоғамдық диалог» негізінде  еліміздегі азаматтық қоғам институттарын дамытуға қажетті құқықтық, экономикалық және басқа да жағдайлар жасау керектігі айтылған.

Екінші бағыт «Этносаралық диалог» бойынша елімізде ұлты, нәсілі, басқа да белгілер бойынша кемсітудің барлық түріне түбегейлі қарсы тұрып, мемлекеттік органдар, ұйымдар және азаматтық қоғам инсти­туттары этносаралық қатынастар саласында өзара тиімді іс-қимыл жасау керектігі баяндалады.

Үшінші бағыт «Дін сала­сын­дағы саясат» деп аталады. Мұнда еліміздің дін саласындағы мем­лекеттік саясатының тиімділігін қамтамасыз ету үшін мемлекетті дамыту ісінде зайырлылық қағи­дат­­тарын тұрақты түрде ілгері­лету, конфессияаралық келісім­ді, дінаралық толерант­ты­лықты ны­ғайту, дінді деструк­тивті мақ­саттар үшін пайдалануға және діни наным-сенімді ұстануға біреу­ді мәжбүрлеуге жол бермеу керек­тігі сөз болған.

Төртінші бағыт еліміздің «Мәдени-гуманитарлық саясатына» арналған. Осы тарауда еліміздегі барлық этностың тілдерін дамытуға қолайлы жағдай жасай отырып, мемлекеттік тілдің халықты ұйыстырушы тіл ретіндегі әлеуетін дамыту керектігі нақты жазылған.

Бесінші бағыт «Отбасы сая­сатына» негізделген. Бұл ба­ғыт­та еліміздегі тұрмыстық зор­лық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы тұру, әйелдер мен ба­лалардың қауіпсіздігін қамта­масыз ету, отбасы саясаты сала­сын­дағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру қажет екені айтылған.

«Жастар саясаты туралы» алтыншы бағытта жастар арасында патриоттық тәрбие беру жүйе­сін дамыту, мемлекеттік рәміз­дер­ге құрметпен қарауды дәріп­теу мәселесі сөз болады. Соңғы бағыт – «Ақпарат саясатында» елімізде ағартушылық, ғылыми-танымдық және тәрбиелік мәні бар сапалы контентті дамыту, масс-медиа саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру қажет екені баса айтылған.

Қорыта айтқанда, бұл құжатты еліміздегі барлық мем­лекеттік орган өз қызметінде ескеруге міндетті екені жазыл­ған. Сондықтан аталған Жарлық еліміздегі қоғамдық-саяси, эко­номикалық және әлеуметтік сипаттағы маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдау кезінде негізгі бағдар болатыны сөзсіз.

 

Жылбек КЕРІМБЕК,

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың аға оқытушысы, PhD