Бүгінде еліміздің ғылымы мен білімі заман талабына сай жаңарып, қарқын ала түсті. Жас ұрпақ ең алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алып, түрлі саланың дамуына үлес қосып келеді. Бұл – тәуелсіздіктің нақты нәтижесі, ел болашағына салынған берік негіз.
Бір жағынан, жылдар бойы қалыптасқан артық шүкіршілік, пендешілік әдет, ашкөздік сияқты қасиеттер, екінші жағынан, ноқтаға үйренген малдай жуастық, айналаға – көршілерімізге жалтақтай қарау секілді мінездер әлі де түрлі себептермен еркін қимылдауымызға белгілі бір шектеу болып отырғанын да мойындауымыз керек.
Кең-байтақ жеріміз бар, жер қойнауы қазынаға толы. Халқымыз да көп емес. Осындай мүмкіндіктерді көріп, «Неге біз бұдан да жақсы өмір сүрмейміз? Неге кейбір араб елдеріндегідей деңгейге көтеріле алмадық?», деп сауал қоятындар табылады. Бұл – орынды сұрақ.
Жылдам дамып, байыған елдер ең бірінші өз өмірін қажетті заңдармен қамтамасыз етіп, сол заңға түгелдей бағынып өмір сүре алған халықтың арқасында өркендеді. Екіншіден, мұндай елдердің басында геосаяси мүмкіндіктерді терең ескеріп, оны тиімді бағытта ұстай білген, өзге мемлекеттермен байланысты тек халықтың жағдайын жақсарту үшін пайдаланған басшылары болды. Үшіншіден, өскелең ұрпақты жан-жақты білім алып, тілдерді меңгеріп, озық ғылымға қызығушылық танытатын, өз елінің шынайы патриоты болып қалыптасуына ерекше көңіл бөлінген. Өткенге сын көзбен қараумен қатар, егемендіктің ең қиын кезеңдерінен өтіп келе жатқанымызды да тереңірек түсінсек екен деймін.
Бізде қазір жоғарыдағы үш бағытқа мүмкіндік бар ма? Иә, бар. Қалғаны – өз қолымызда. Бірінші бағыт барлық мәселені қамтиды. Екінші бағыт бойынша әлемдік деңгейде мойындалған тәжірибелі саясаткер, елге жаңа серпін беріп отырған басшымыз бар. Үшінші бағыт – біздің болашағымыз.
Аз-кем жетістігімізге мақтанбай, межемізді және талғамымызды әрқашан биік ұстауға талпынуымыз қажет. Тілімізді ғана емес, дінімізді де сыйлап, қастерлей білуіміз керек. Алайда кейбір жағдайлар, ханафи мәзһабында жоқ ағымдарға еліктеп, қыздарымыздың бет-бейнесін бүркеп қара жамылуы, ұлдарымыздың білім алудан гөрі жат қылықтарға бейім болуы көңіл қынжылтады. Көп жыл бойы солтүстіктегі көрші елдерге еліктеп, мұсылмандықтан алыстап қалғанымыз рас, енді қайтадан қазаққа жат әсіреңкілікті, жаман әдеттерді қойсақ екен.
Жұма күндері өрімдей жастардың мешіттің маңына сыймай жүргенін көргенде олардың жұмысы мен сабағы қайда екен деп ойлайсың. Тіпті кейбірі мектеп оқушылары екенін де байқауға болады.
Дінге құрметпен қараймын. Мен – мұсылманша жоғары білім алған, мешіт ұстап, Құран үйренген молданың немересімін. Сонау 80-жылдары араб елдерінің бірінде біраз жыл қызмет істеп, аздап тілін де меңгергенмін. Сол елдің халқы негізінен бірегей, әдеттегідей киінеді. Ал біздің қыз-келіншектеріміз, керісінше, халқымызда бұрын-соңды болмаған, көзге жат, бет жауып, бас орап, түрі де түсі де үйлеспейтін киімдерді жиі киетін болып барады. Бұл көрініс ойлантады, дәстүр мен қазіргі заман сәнінің арасында күрделі шекара барын түсінесің. Осыларды көргенде «Атың шықпаса жер өрте» деген мақал ойға орала береді. Жастарымызды дүмше діншілдік пен діни радикализмнен тек жан-жақты білім сақтап қала алады деп есептеймін.
Тіл жойылса, ұлт та жойылады. Ұлты жоқ мемлекетте терең тамырлы тарих та болмайды. Қай мемлекеттің де негізі – халқы мен мемлекеттік тілі. Көп этносты мемлекеттерде сол ұлттың тілі мен мәдениетіне қолдау көрсетілмесе, олар әлсірейді. Алдымен аты-жөндері сақталады, кейін тілі мен мәдениеті, діні әлсірейді, ал соңында ұлт тек атын ғана сақтап, ақырында жойылады.
Біз – өз дініміз бен тілімізге ғана емес, барлық отандастарымызға жағдай жасап отырған елміз. Қазір көптеген жастарымыз үш, тіпті одан да көп тілдерді игерген. Ана тілімізді, яғни мемлекеттік тілді толық меңгермеген жастарға ата-анасы мен ортасы қолдау көрсетсе, шетел тілін игерген адам үшін ортақ тілді меңгеру қиындық тудырмайды.
Бір кезде Ресейде кейбір адамдар француз тілінде сөйлегенді мақтан тұтатын. Қазір бізде де орыс тілінде сөйлегенді дәреже көретіндер бар. Қазақстан халқының басым бөлігі орыс тілін біледі, бұл да – бір байлығымыз. Дегенмен алдымен өзіңді, ұлтыңды, тіліңді сыйлай білуіміз керек. Қазақтар қазақпен өз тілінде сөйлесетін уақыт болды.
Білімді, еңбекқор, отансүйгіш ұлтжанды жастарды тәрбиелеу ел болашағы үшін аса маңызды. Жастар осы қасиеттерге ие болу үшін ғаламтордан алған білімінен бөлек, ғылыми, әдеби, тарихи және мәдени салалардағы кітаптарды да пайдалану керектігін түсінуге тиіс. Тек жан-жақты дамыған адам өзіне де, ортаға да, отанға да тиімді және пайдалы қызмет көрсете алады.
Бір қуанышты жайт – бүгінгі жастар білімге құштар әрі белсенді. Көбі жаңа заман талаптарына сай ойлай біледі және «үкімет маған не береді?» деп қол қусырып отырған жоқ. Өскелең ұрпақ жеке кәсіпкерлікке бейім, жаңа технологиялар мен техниканы тез меңгереді. Мамандық таңдауда да елеулі өзгеріс байқалады: жастар заманауи сұранысқа ие, болашағы зор мамандықтарға бет бұрып жатыр.
Президентіміз жариялаған «Жаңа Қазақстан» идеясы жастарға қоғам өмірінің барлық саласында бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктер ашып отыр. Осы орайда айта кетейін, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен айда жасаған маңызды халықаралық іссапарлары Қазақстанның сыртқы саясатындағы беделін айқындап берді. АҚШ басшысы Дональд Трамптың шақыруымен Вашингтонға сапары барысында Қасым-Жомарт Кемелұлына көрсетілген жоғары құрмет Қазақстан Президентінің халықаралық аренадағы рөлін айқындайды. Сол сапарда бірнеше миллиард доллар көлеміндегі стратегиялық келісімдерге қол қойылып, Қазақстан мен АҚШ арасындағы қатынастар жаңа стратегиялық деңгейге көтерілді. Америкадан оралғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Мәскеуге мемлекеттік сапармен барып қайтты. Құдай қосқан көршілеріміздің Қасым-Жомарт Кемелұлына көрсеткен достық жылы ықыласын ақпарат құралдары жарыса жазды, көрсетті. Өзбекстан, Қырғызстанға барған сапарларында да елдер арасында экономикалық интеграцияны нығайтуға бағытталған маңызды меморандумдарға қол қойылды. Мемлекет басшысының сан қырлы ынтымақтастықты дамытуды көздейтін, парасатты және батыл саясатын жоғары бағалап, қолдауымыз қажет.
Ендігі мақсат – осы мүмкіндіктерді ұтымды және тиімді пайдаланып, Жаңа Қазақстанның іргетасын қалауға бағытталған жаңа қоғамдық сананы қалыптастыру. «Біздің тарих – бұл да бір қалың тарих, оқулығы әлі жұп-жұқа бірақ тағы», деп әйгілі Қадыр Мырза Әлі ақын айтқандай, жазылмаған, жазылғаны оқылмаған, бұрмаланған, тіпті құрдымға кетіп бара жатқан тарихымыздың терең екенін, тарихи ақиқатты өскелең ұрпақ білуі керек. «Біз қазақпыз» атты өлеңімдегі:
«Тарихымыз тереңнен басталатын,
Жалғасты, кезі бітіп бос қалатын.
Жетеміз әлі талай белестерге,
Біз қазақпыз, қазақпыз, саспа, халқым!»
деген жолдар осындай ойдан туған еді.
Жастарымыз әлем әдебиетінің озық үлгілерін оқып қана қоймай, өзіміздің әдебиетімізбен де сусындаса, өзіне және өмірге қажет рухани байлыққа қол жеткізер еді. Бұл жерде қаламгерлеріміздің айлар, тіпті жылдар бойы отырып жазған еңбектерін кейде жариялауға көмек іздеп, қысылып қалатыны да – ойландыратын жағдай. Мұндай қиындық мәдениет саласында да әлі аз емес, ал олардың шешімдері – уақыт еншісінде.
Аты бар да заты жоқ күйде болған Ғылым академиясының қайтадан өз орнына оралуы көңіл қуантады. Қазақтың біртуар азаматы Қаныш Имантайұлы құрған ғылымның қарашаңырағынан халықтың күтері көп.
Мұның бәрі менің жеке пікірім ғана. Сөз соңында айтарым, қазақта «Біреу келіп, біреудің қазанына ас салмайды» деген мағыналы сөз бар. Әр адам, әсіресе өскелең ұрпақ, өз бақытын алдымен өзі іздеуге тиіс. Өз елімізде, өз жерімізде өмір сүріп отырған, мүмкіндігі мол халықпыз. Біз бақыттымыз!
Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ,
Қазақстанның Еңбек Ері, Мәжіліс депутаты,
«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы