Театр • Бүгін, 08:20

Жаңалығы жетерлік «ROMEO & JULIET»

10 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Бұл дүниеде Ромео мен Жульетта туралы хикаядан асқан мұңды повесть жоқ» дейді көне заманнан жеткен әйгілі сөз. Осы бір мәңгілік махаббат туралы аңыз ғасырлар өтсе де, өз мәнін жоймай, көрермен жүрегін тербеп келеді. Уақытқа бағынбайтын әйгілі трагедия жақында Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры сахнасында жаңаша өріліп, өзгеше бояуда көрерменін қуантты.

Жаңалығы жетерлік «ROMEO & JULIET»

Әдебиет алыбы Әбіш Кекіл­баевтың көркем аудармасында қазақша сөйлеген шығарма көрерменін ең әуелі осы тіл әуезділігімен баурап алды. Ақ өлеңмен өрілген, бейне-лік бояуы бай көркем туын­ды ә дегеннен өзімен бірге спектакль ішіне елітіп ала жөнеледі.

Қойылымның тағы ерекшелігі ұжым ізденісіне жаңа тыныс әкелу мақсатында театрға арнайы шақырылған Ресейдің театр және кино режиссері Ұланбек Баялиевтің шығармашылық қолтаңбасы дер едік. Классикалық пьесаларды тосын шешімдермен жаңаша түрлендіріп ұсынатын суреткерлік тың көзқарасымен танылған режиссер аталған спектакльді синема-эпос жанрында жандандырған екен. Бұл дегеніңіз – визуалды көркемдік пен театрлық эпосты тоғыстыратын тың бағыт, көрерменді жаңа әлемге жетелейтін ерекше тәсіл, яғни театр әлемін кинематографиялық бейнелеу тәсілдерімен байыту. Көрермен сахналық қойылымнан ғана емес, жан-жақты бейнеленген көркем әлемге енгендей әсер алады. Атап айтсақ, жарықтың күрделі палитрасы, музыка мен пластиканың үндесуі, кадр секілді сан құбылатын сахналық мизансценалар – бәрі-бәрі трагедияны жаңа көркемдік биікке шығарған жарқын шешімдер.

р

«Шекспирдің тілі – болмысқа тікелей қарау. Мен үшін бұл шығарма – қоғамдағы қайшылықтар мен адам жанындағы нәзіктіктің қақтығысы. Біздің нұсқа сезімнің тазалығын қорғау туралы. Мені «Ромео мен Джульеттаны» орыс тіліне аударған Борис Пастернактың «Өшпенділік пен мейірімділік» деген сөзі шабыттандырды. Көпшілігі бұл шығармадан махаббат қасіретін ғана көреді. Бірақ өшпенділік жайлаған қазіргі заманда, мемлекеттер арасындағы соғыстар, отбасындағы жанжалдар көбейіп тұрғанда адамзатты махаббат қана емес, мейірімділік те құтқарады. Сол себепті де «Ромео мен Жульеттаны» театр сахнасында жаңа қырынан ұсынуға ұмтылдық», дейді режиссер төл сараптауындағы спектакльдің негізгі мақсатымен бөлісіп. Ұланбек Баялиевтің айтуынша, қойылымның көркемдік тілі кинематограф пен эпосқа жасалған ишараларға толы.

«Мәселе тек динамикада емес. Бұл – кинематограф пен эпос сынды мәңгілік жанрға жасалған құрметтің белгісі. Ең қызығы, бұл тәсіл қазақы болмысқа – оның темпераментіне, даналығына, бейнені терең қабылдайтын табиғатына сәтті үйлесті. Біз айтулы қойылымда еуропалық ойлау мен азиялық дүние­танымды тоғыстыруға тырыстық», дейді режиссер.

р

Иә, спектакльдің көркемдік шешімін жасау – үлкен шығармашылық еңбекті талап ететін күрделі үдеріс. Бұл міндетті қоюшы суретші Қанат Мақсұтов абыроймен атқарып шыққан. Ол сахнаны тек декорация емес, кейіпкерлер тағдырын жеткізетін поэтикалық кеңістікке айналдырған. Сол секілді спектакльдің ажарын ашу үшін костюмдер топтамасын сәтті жасақтау да спектакльге ерекше салмақ береді. Бұл тұрғыдан келгенде, театр мен «JADO» сән үйінің шығармашылық коллаборациясы сән өнері мен сахналық эстетиканың сәтті тоғысы десек, артық айтқандығымыз емес. Белгілі дизайнер Жадыра Сахиева мен жас дарын Ақбота Қапсалаң дайындаған костюмдер әр кейіпкердің мінезін ашып, қойылымның көркемдік атмосферасын тереңдеткен.

«Бұл қойылымда қазақы нақышпен байытылған «Ромео мен Джульетта» мүлде басқа үнмен сөйлейді. Таныс трагедия, өшпенділік пен тағдыр туралы хикая көрерменге жүрекке жақын жаңа бояу бедерінде көрінеді. Ал сахналық кеңістік пен костюмдерде бейнеленген ұлттық нақыш – ою-өрнек, мата фактурасы, бояулар үйлесімі қойылымның рухани әлемін ерекше айқындайды. Қазақтың болмысына жақын табиғи түстер мен әдет-ғұрпын ескере отырып жасалған әр деталь көрерменге түсінікті, жүрегіне жылы тиетін көркем эпосқа айналды деп ойлаймын. Қазақы болмыспен терең үндескен оюлар, ұлттық мата, реңк үйлесімі – сахна сәні ғана емес, кейіпкерлердің жан дүниесін, махаббат пен тағдырдың күрделілігін көркем тілмен жеткізетін құрал», дейді дизайнер Жадыра Сахиева.

р

Дизайнер атап өткен көркемдік талғам спектакль музыкасынан да айқын аңғарылды. Композитор Олжас Дәлелхан трагедияның нәзік лиризмін, тағдыршешті сәттердің драмалық қуатын әуен арқылы сәтті сөйлете білген. Спектакльде қазақы әуен мен классикалық ырғақты тоғыстыра білген театрдың «Theatre Avenue» бэнді сүйемелдейді. Жанды музыка әр көрініс пен сезімге дем беріп, көркемдікті еселей түскен. Мұны көрерменді то­лықтай сахналық әлемге енгізудің ең әсерлі тәсілдерінің бірі деп білеміз. Ал хореог­раф Салтанат Сұңғат пластикалық тіл­дің көркемдігін арттырып, сахналық әрекеттердің әсер ету қуатын күшейтсе, қақтығыс көріністерін Бекзат Бағытжанов шынайы әрі шебер қоя білген.

Сонымен қатар «Ромео мен Жульетта» сөз болғанда спектакльдің ең маңызды пластикалық элементтерінің бірі – жарық ту­ралы айтпай кетуге болмайды. Бұл тұрғыдан келгенде жарық қою маман­дары Арсений Макаров пен Азамат Бе­к­бембетов ізденісі көрерменін эстетика­лық әсем әсерлерге жетелейді. Суретшілер қойылымның ішкі ритмі мен сезімдік динамикасын ұтқыр ұстап, трагедияның әр сәтін көркем тілмен сөйлете білді.

Спектакль болғаннан кейін, әлбетте, актерлік ойынның маңызын ешқандай көркемдік шешім алмастыра алмайтыны хақ. Бұл – қойылымның ең ұрымтал тұсы. Кейіпкерлерді бекітуде режиссер таңдауы дөп түскен. «Қаллеки» театрының кілең «сен тұр, мен атайын» деген сайдың тасындай сақа сахнагерлерінің ғаламат актерлік ансамблі шынымен-ақ көрерменіне қайталанбас рухани көңіл күй сыйлайды. Әсіресе ерлі-зайыпты Капулеттилер – Ержан Нұрымбет пен Сая Тоқманғалиева шеберлігі көрерменді бірден баурап алды. Олардың арасындағы нәзік сезім мен ішкі шиеленіс, махаббат пен отбасылық міндеттердің қақтығысы шынайы көрініп, қойылымды  көркемдік биікке көтерді. Ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіл сомдаған Пірәдар бей­несі – үйлесімді үштікті толықтырып, сахналық динамиканы жаңаша биікке көтерді. Сахнагерлердің өзара үйлесімі, көзге көрінбейтін ішкі байланысы спектакльге ерекше көркемдік қуат сыйлап, қойылымның тереңдігін байыта түсті. Көрермен олардың әр қимылынан, әр диалогінен кейіпкерлердің жан дүниесін, сезім мен тағдырдың күрделілігін түсініп, түйсінді.  Бұл үштік сахнаға дем беріп қана қоймай, қойылымның көркемдік сапасын бейнелілік биігінде сәтті сараптай білді деп сеніммен айта аламыз. Сол секілді спектакльде көп ішінен дараланып, ерек ізденісімен есте қалған, актерлік мүмкіндігімен тәнті еткен тағы бір жас актер – Меркуцио рөліндегі Ұлан Қабылды да айрықша атап өткіміз келеді. Әртіс бойындағы тең өрілген ішкі һәм сыртқы пластика, үн үйлесімі – барлығы көрерменін бірден бауарап әкетті. Ботагөз Мақсұтова сахналық өмір сыйлаған Сүт ана бейнесінің де қойылымның көңіл күй бояуын арттырудағы рөлі зор.

о

Сонымен қатар спектакльдің бас кейіпкерлері – қос ғашық Ромео мен Жульеттаның нәзік сезімін сахнаға жеткізу – әр режиссер мен актер үшін үлкен жауапкершілік. Ромеоны театрдың жар әртістері – Бибарыс Орман мен Ақжол Мамыр кейіптесе, Жульетта жауап­кершілігі Ситора Анварова мен Саида Сағыноваға жүктеліпті. Әр­қайсы­сының ізденісінен кейіпкерінің көңіл түкпіріндегі сезімін, махаббаттың нәзік те ауыр халін өз жүректерінен өткізіп, көрерменіне барынша шынайы жеткізуге тырысқан талпынысына куә болдық. Жас актерлердің шынайылығы қойылымның жүрек лүпілін анық сезіндіретін басты күш десек, сол қуат премьераның екі күнінде де сахна жақтан айқын сезілді. Осы үшін де барша шығармашылық құрамға қошемет дейміз. Тоқетерін түйгенде, Уильям Шекспирдің «Ромео мен Жульеттасы» – ғасырлар өтсе де, өз құнын жоймайтын классикалық туынды. «Қаллеки» театрының жаңа премьерасы сол таусылмас махаббат идеясын бүгінгі заман тілінде сөйлеткен сыршыл спектакль биігінде үн қатты.