Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ
«Біз Халық Конституциясын келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілігімізді терең сезіне отырып қабылдадық. Ата заң – қуатты, күшті, бәсекеге қабілетті Қазақстанның жаңа Жарғысы. Жаңа Конституция – көне заманнан бері бабаларымызға бағдар болған дала заңдарының бүгінгі жалғасы, ұрпақтар арасындағы сабақтастық көрінісі», деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиында.
Президент айтқандай, Ата заң – мемлекетіміздің ұзақмерзімді мақсат-мұратын айқындайтын, ұлтымыздың келешек тағдырына тікелей әсер ететін тарихи құжат. Сондықтан Негізгі заңның қабылдануы елдің саяси жүйесін жаңғыртып қана қоймай, қоғамдағы әділдік пен заң үстемдігін нығайтуға жол ашады. Бұл – заман талабына сай өзгерістердің көрінісі, халықтың сұранысына жауап берген маңызды шешім.
Отандық және шетелдік сарапшылар елімізде сәтті өткен Конституциялық реформаны, кешегі жалпыұлттық референдум мен жаңа Конституцияның қабылдануын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының шынайы жүзеге асуы деп бағалап отыр. Оснабрюк университетінің (Германия) профессоры Георг Гесктің айтуынша, ел өміріне қатысты маңызды шешім қабылдар кезде өз азаматтарынан «Сендер мұны қалайсыңдар ма?» деп сұрау дәстүрі әлемнің көп мемлекетінде кездеспейді. Ол біздің елімізде демократия қағидаттары салтанат құрып, жаңа Конституцияны қабылдауда халықтың пікірі толықтай ескерілгенін, ал ауқымды реформа азаматтардың белсенді атсалысуымен жүзеге асқанын атап өтті.
Халықтың қолдауымен өмірге келген жаңа Конституциямыз адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселесіне ерекше мән беруімен де айрықша мәнге ие. Құжатта адам құқығы мемлекеттің ең жоғары құндылығы екені айқын көрсетіліп, оның сақталуына кепілдік беретін нормалар күшейтілді. Бұл өз кезегінде әрбір азаматтың заң алдында тең болуын қамтамасыз етіп, қоғамдағы сенім мен тұрақтылықты арттырады.
Ең бастысы, жаңа Ата заңымыз Қазақ елінің мыңжылдық мемлекеттілік тарихын тайға таңба басқандай шегелеп, Егемендігіміз бен Тәуелсіздігіміздің тұғырын биіктетті. Президент атап өткендей, оның әр нормасы, әр тармағы Тәуелсіздігімізді нығайта түседі.
Жаңа Конституция 1 шілдеден бастап ресми түрде өз күшіне енеді. Ал елімізде жаңа мерекелік дата өмірге келді. Алдағы жылдан бастап 15 наурызды мемлекеттік мереке – Конституция күні ретінде ұлттық деңгейде атап өтетін боламыз.