Байқауға медицина, ауыл шаруашылығы, өнеркəсіп, мəдениет, журналистика, құрылыс, тау-кен өндірісі тәрізді маңызды салаларда еңбек етіп жүрген арулар қатысқан. Жеңімпаздарды облыс əкімі Құмар Ақсақалов құттықтап, әйелдер қауымының өңір дамуына үлкен үлес қосып келе жатқанын тілге тиек етті.
– Облыста көп жылдан бері əйелдер кəсіпкерлігін қолдауға бағытталған бағдарламалар мен акселераторлар, түрлі жобалар іске асырылып келе жатыр. Сондай-ақ «Жылдың үздік əйелдері», «Үздік əлеуметтік жоба» секілді байқаулар әйелдердің əлеуетін ашуға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Қостанай облысында «Іскер әйелдер қауымдастығының» жүзге жуық белсенді мүшесі болса, солардың қатарында тəжірибелі мамандар, кəсіпорын басшылары, қоғам қайраткерлері бар, – деді өңір басшысы.

Байқау жеңімпазы Айгүл Ильменская 12 жылдан бері «СарыарқаАвтопром» зауытында дəнекерлеуші болып жұмыс істейді.
– Көлікті бастан-аяқ құрастырып шығу – үлкен шаруа, үлкен ұжымның ұйымдасқан еңбегінің жемісі. Жол үстінде кеше ғана өндірістік желіде өзіңнің қолыңнан өткен, шанағын өзің дәнекерлеп шыққан көлікті көргенде, ерекше мақтаныш сезімі кеудеңді кернейтіні рас. Ең бастысы, кәсібім өзіме ұнайды. Жұмысқа да, үй шаруасына да үлгеріп жатырмыз. Бүгінде жолдасым екеуміз үш баланы тәрбиелеп отырмыз, – дейді Айгүл.
Комаров кенішінің өкілі Əсел Тұяқова тау жынысын тасымалдауға арналған алып техника «БелАЗ» жүк көлігін жүргізеді.
– Менің кім болып жұмыс істейтінімді білгенде көп адам таңғалады. Алайда бұл мамандықты кездейсоқ таңдаған жоқпын. Жолдасым да, қайын атам да кеніште еңбек етеді. Əрине, екі қабатты үйдің биіктігіндей алып көлікті басқаруға үлкен жауапкершілік керек. Түзде тау қопарған батыр болсақ, үйде ұсақ-түйек шаруасы таусылмайтын әйелміз. Үш ұл өсіріп отырмыз. Жұмыстан бос уақытта соларға дәмді ас, тәтті тағам пісіріп беріп, соны сүйсіне жеп отырғандарына қарап, жаным жадырап қалады. Ондайда отағасы аналарыңның көлігі таудай, тамағы балдай деп әзілдейді. Әйел адамға от басы – ошақ қасындағы жылудан артық ештеңе жоқ, – дейді Əсел.
Форум аясында кəсіптік даму, əйел белсенділігі, əйел денсаулығы тәрізді өзекті мəселелер талқыланды. Сарапшылар мен мамандар форумға қатысушыларға қазіргі заман əйелінің кəсіби келбетін қалыптастыру, көпшілік алдында сөйлеу мəдениеті, сөйлеу техникасы, жұмыс барысында кездесетін физикалық факторлардың əсері жайында кеңес берді.
Қостанай облысы