Бүгінде елді мекен төңірегіндегі жолдардағы негізгі мәселелердің бірі малдың көлік жолына жақын маңда жайылып, әрі-бері өтуінде болып отыр. Әсіресе түнде өз аяғымен жайылатын өрістегі ірі-қара жол-көлік шырғалаңына жиі себеп болып, жүргізушілер мен жолаушылардың өміріне қауіп төндіреді.
Абай облысында бұл мәселені шешу үшін заманауи технологиялар енгізіле бастады. Аудан әкімдіктерінің қолдауымен жергілікті полиция бөлімшелері патрульдік қызметі аумақты тұрақты бақылауға, автожол маңында еркін жайылып жүрген малды жедел анықтауға мүмкіндік беретін дрондармен жабдықталды. Жоғары сапалы камерасы бар ұшқынсыз алғыр аппараттар малдың жүрген жерін анықтап, нақты уақыт режімінде көрсетіп, тез әрекет етуге жағдай жасайды.
Мәселен, Жаңасемей ауданында жүргізілген бақылау жұмысы барысында 59 бас жылқы анықталып, жол жиегінен алыстатылған. Мамандардың айтуынша, қараусыз жүрген мал Семей – Өскемен және Омбы – Майқапшағай бағыттарындағы қозғалысы көп жолдарда жиі кездесетіні байқалды. Дрондарды қолдану бұл қауіп-қатерді айтарлықтай төмендетіп, өңірдегі жол қауіпсіздігі деңгейін жақсартуға мүмкіндік бермек.
Статистика да бұл жұмыстың тиімділігін растап отыр. Мәселен, жыл басынан бері полиция қызметкерлері малдың қараусыз жайылуына қатысты 2 284 құқық бұзушылықты анықтаған. Арнайы айып тұрақтарына 9 729 бас мал жеткізіліп, олардың иелері «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 408-бабымен жауапкершілікке тартылған.
Әрине, бұл да – оңай шаруа емес. Аяқты мақұлық қауіп-қатер дегенді қайдан ұқсын, от қуалап жайыла береді. Ол үшін мал иесі айыппұл арқалауы да – дау тудырмай тұрмайтын жайт. Осы ретте жаңа технологияның мүмкіндігін тиімді пайдаға асыру қай тарапқа да құба-құп іс болып отыр.
«Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру талаптарының бұзылуына қатысты 201 дерек тіркеліп, материалдар ветеринарлық инспекцияға жолданды. Заманауи технологияларды профилактикалық іс-қимылдармен ұштастыру полицияға оқыс оқиғалардың алдын алуға ғана емес, мал иелерінің жауапкершілік мәдениетін арттыруға да мүмкіндік береді. Осындай кешенді тәсіл Абай облысының жолдарын анағұрлым қауіпсіз етуге өз үлесін қосып жатыр», дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Абай облысы