Сурет: abai.kz
Турнирге Түркиядағы бірнеше қала мен жоғары оқу орындарында оқитын қазақ студенттерінен құралған командалар қатысты. Ойын барысында жанкүйерлер өз командаларын белсенді қолдап, ерекше атмосфера қалыптастырды.
– Жарыстың мақсаты – қазақ студенттері арасындағы достықты нығайтып, олардың спортқа қызығушылығын арттыру. Сондай-ақ шетелде оқып жүрген жастарымыздың басын біріктіру, – деді Қазақстанның Ыстанбұл қаласындағы бас консулы Аманқұл Нұриддин.
Сонымен дәстүрге айналған «Birlik Arbella Super Cup» футбол турнирінің биылғы чемпионы Сакарья қаласының студенттері атанды. Анкара шаһарының студенттері қызықты ойын өрнегін көрсетіп, 2-орынды иеленді. 3-орын Ыстанбұл қаласындағы Халич университеті мен Ескишехир қаласының командаларына бұйырды.
Әсіресе бізді Афьон қаласындағы «Бірлік» қазақ жастары ұйымының қонақжайлылығы айрықша тәнті етті. Олар жарысқа келген команда мүшелерін жылы шыраймен қарсы алып, барлық жағдайды жасады. Қатысушыларды көлікпен алып жүрді. Қаланың әсем жерлерін аралатып, жақсы демалыс ұйымдастырды. Студенттердің бәрі өздерінің үйлерінде жүргендей сезінді. Бір жағынан, іс-шараның осындай жоғары деңгейде өтуіне олардың ұйымшылдығы мен қонақжайлылығы ерекше әсер етті.
Бір сөзбен айтқанда, бұл футбол турнирі спорттық жарыс қана емес, Түркиядағы қазақ жастарының бірлігін көрсетті.
Қарақат БЕРДАЛЫҚЫЗЫ
Түркия