Әлем • Бүгін, 20:44

Қазақстаннан барған ерлі-зайыптылар Сидней казиносында жасырын камера арқылы 1,18 млн доллар ұтып алған

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аустралияның Сидней қаласындағы Crown казиносында Қазақстаннан барған ерлі-зайыпты жандар жасырын камера мен құлаққаптарды пайдаланып, 1,18 млн АҚШ долларын иемденді деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстаннан барған ерлі-зайыптылар Сидней казиносында жасырын камера арқылы 1,18 млн доллар ұтып алған

Guardian басылымына New South Wales полициясының мәліметінше, 36 жастағы Дилноза Исраилова мен 44 жастағы Алишерихожа Исраилов «алаяқтық жолмен қаржылық артықшылық алу» бабы бойынша айыпталып, Barangaroo ауданындағы казино аумағында қамауға алынған.

Бейсенбі күні казино қызметкерлері әйелдің үстіндегі Mickey Mouse бейнесі бар жейдеге бекітілген шағын құпия камераны байқап қалған.

«Казино қызметкерлері полицияға хабар берді. Оқиға орнына келген офицерлер әйел мен оның 44 жастағы күйеуін ұстады», делінген полицияның мәлімдемесінде.

Тергеу барысында ерлі-зайыптылардан магниттелген шағын зондтар, батареялар және камера қызметін жасырын атқаруға мүмкіндік беретін қосымша құрылғысы бар телефон, сондай-ақ арнайы жасалған айна-тіркеме тәркіленген.

Полиция олардың 2025 жылдың қазан айында Қазақстаннан Сиднейге келгенін, сол күні-ақ Crown мүшелігіне тіркелуге өтініш бергенін хабарлады.

Қазан мен қараша айлары аралығында олар казиноға бірнеше рет барып, жалпы 1,18 млн доллар ұтып, қауіпсіздік қызметінің күдігін тудырған.

«Мобильді телефондар арқылы үстелдегі ойын карталарын жасырын түсіріп, олар терең орналасқан құлаққаптар арқылы сырттан нұсқау алып отырған. Осылайша карталық ойындарда алдап жеңіске жеткен», деп мәлімдеді NSW полициясы.

Полиция Kent Street көшесіндегі олардың жалға алған пәтерін тінту кезінде түрлі ойын құралдары, бағалы әшекейлер және 2 000 еуро тапқан.

Ерлі-зайыпты жұп жұма күні жергілікті сотқа жеткізілді. Олар кепілге босатуды сұрамаған, сот кепілді автоматты түрде қабылдамады.

Дилноза Исраилованың ісі ақпанда қаралады. Ал Алишерихожа Исраилов 11 желтоқсанда Downing Centre сотына шығуы тиіс.

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының басшысы Питер Фо мәлімдегендей, полиция мен казино қауіпсіздік қызметінің үйлесімді жұмысы мұндай құқық бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік береді.

«Біздің детективтер казиноның қауіпсіздік қызметімен тығыз жұмыс істейді. Мұндай серіктестік ойын индустриясының тазалығын қамтамасыз ету үшін өте маңызды», деді ол.