Саясат • Бүгін, 00:45

Ілкімді істерге бастайтын іскерлік байланыс

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Астанада вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстан-Швейцария іскерлік кеңесінің V отырысын ашты.

Ілкімді істерге бастайтын іскерлік байланыс

Сурет: primeminister.kz

Өз сөзінде ол Швейцария Қазақстан экономикасындағы жетекші инвес­тор­дың бірі болып қала беретінін атап өтті. Швейцариялық компаниялар энер­гетика, машина жасау, тамақ және фар­мацевтика өнеркәсібінде, бірқатар технологиялық салада жұмыс істейді.

2025 жылдың тоғыз айының қоры­тындысы бойынша екі ел арасын­дағы тауар айналымы шамамен 1,1 млрд долларды құрады. Қазақстан машина жасау, фармацевтика, медицина, биотехнология, цифрландыру, көлік-логистикалық инфрақұрылым мен жаңартылатын энергия көздері салаларында швейцариялық бизнестің қатысуын арттыруға ниетті. Вице-премьер еліміздің инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасауға дайын екенін атап өтті.

Екі ел ынтымақтастығындағы маңыз­ды жобаның бірі – Астанадағы «Штадлер Қазақстан» компаниясының базасында жолаушылар вагоны өндірісін локализа­циялау. Бүгінде 557 жоғары техно­логиялық вагон жеткізуге келісім­шарт жасалды. Оның алғашқы тобы жыл соңына дейін жеткізіледі.

Серік Жұманғарин Қазақстан Швей­царияның, соның ішінде Лугано қаласының, цифрлық валютаны дамыту мен блокчейн технологиясын қолданудағы тәжірибесіне қызығушылық танытатынын бөлек атап өтті.

«Қазақстан – бүгінде өнеркәсіптік кластер қалыптастыруға дайын алаң. Біз консорциумдар құруға, технологиялық кооперацияны дамытуға дайынбыз», деді вице-премьер.

Отырыс соңында қатысушылар ынтымақтастықты дамытуға әрі өзара іс-қимылдың әртүрлі саласында екіжақты сауда-экономикалық қатынасты нығай­туға бағытталған бірқатар құжат пен келісімге қол қойды.