Үкімет • Бүгін, 00:25

Сенаторлар Астанадағы білім ошақтарын аралады

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенат төрағасы мен палата депутаттары Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалуына мониторинг жүргізу аясында елордадағы бірқатар мектептің қызметімен және инфрақұрылымымен танысты. Сенаторлар бастауыш мектептің мамандандырылған кабинеттерінде, IT-зертханаларда, кітапханалар мен спорт залдарында болып, педагогтермен білім және ғылым саласын дамытудың өзекті мәселелерін талқылады.

Сенаторлар Астанадағы білім ошақтарын аралады

Мәулен Әшімбаев кейінгі жылдары елімізде білім және ғылым жүйесін жетілдіруге арналған кешенді реформалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Нақты айтқанда, талантты оқушыларды қолдау және олардың ғылыми қызметін ынталандыру, адам капиталын дамыту, кедергісіз орта қалыптастыру, мұғалім­дер­дің әлеуметтік мәртебесін арттыру бағытында жүйелі шаралар қабылданды.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2019 жылдан бері білім саласының бюджеті үш есе артты. Осы уақытта 1 млн-нан аса оқушыға арналған
1 200 мектеп ашылды. Оның ішінде Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған білім ордалары да бар. Сондай-ақ «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы белгіленді. Мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында да нақты шаралар қабылданып, кейінгі төрт жыл ішінде ұстаздардың жалақысы екі есе өсті», деп спикер Мемлекет басшысы Тамыз конференциясында белгілеп берген маңызды міндеттерге тоқталып өтті.

Сонымен қатар М.Әшімбаев білім беру тәрбиемен қатар жүретін үдеріс екеніне назар аударды. Ол қазіргі таңда озық технологиялардың қарқынды дамуын тілге тиек етіп, бұл жағдайда жас ұрпақтың бойына дұрыс құндылықтарды сіңірудің маңызды екенін айтты. Осы істе мұғалімдердің рөлі мен жауапкершілігі ерекше екені анық. Сенат төрағасы аталған бағытта Абайдың «Толық адам» философиясы мен Мемлекет басшысының «Адал азамат» тұжырымдамасына негізделген және ұлттық бірегейлікке табан тіреген білім берудің жаңа моделі қажет екенін атап өтті.

«Мектептерге білім беріп қана қоймай, жас буынды рухани дамытатын, жаңа әлемге бейімдейтін, бәсекеге қабілетті ұрпақ етіп қалыптастыратын бағдарлама қажет. Осы орайда еліміздегі мектептер Отанымызды одан әрі өркендететін патриот, білімді, білікті азаматтардың жаңа буынын қалыптастыруға ықпал етеді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

Жалпы, сенаторлар Астана қала­сын­дағы №107 жайлы мектепке барып, ұстаз­дар қауымымен кездесті, сондай-ақ білім беру тәсілдерімен және стандарт­тарымен таныс­ты. Бұған қоса Қазақ­стан­дық халықаралық мектептің (KIS) және Республикалық физика-математика мектебінің басшылығымен және педагогтерімен жүздесті. Депутат­тарға оқушылардың IT-HUB, роботтехника, ЖИ саласындағы жұмыстары және STEM зертханалары мен Apple сыныбы таныс­тырылды.