Меморандум аясында тараптар орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқу үдерісіне ғылыми, инновациялық және цифрлық технологияларды, сондай-ақ жасанды интеллектіні енгізу, STEM бағыттарын дамыту және жас ғалымдарға қолдау көрсету бойынша бірлескен жобаларды іске асыруға келісті.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына орай елімізде ғылымды дамытуға айрықша басымдық беріліп отыр. Бұл меморандум – болашақ зияткерлік әлеуетті қалыптастыру жолындағы нақты қадам. Бүгінде ерте жастан ғылымға баулу мақсатында білім ұйымдарында STEM-зертханалар, заманауи пәндік кабинеттер мен түрлі шеберханалар арқылы зерттеу инфрақұрылымы қалыптастырылады. Биыл мектеп оқушылары 80-ге жуық халықаралық және республикалық ғылыми жобалар байқауына қатысты. Бұл болашақ ғалымдарды тәрбиелеу бағытындағы жұмыстарды сапалы жалғастырудың өзектілігін көрсетеді,– деді Ж. Сүлейменова.
Айта кетейік, жыл басынан бері халықаралық олимпиадалар мен ғылыми байқауларда 1 564 оқушы 879 жүлде алса, оның ішінде 171 алтын, 312 күміс, 394 қола медаль иеленген. Сондай-ақ елімізде халықаралық беделді ғылыми жарыстарда жеңіске жеткен оқушылар мен олардың педагогтеріне бір реттік мемлекеттік сыйақы төлеу жүйесі енгізіліп жатыр. Бұған дейін мұндай ынталандыру халықаралық пәндік олимпиадаларда жүлдегер болғандарға берілген еді.
Азамат ҚҰСАЙЫН