Ғалам ғажаптары • Бүгін, 17:09

Жәшік ішіндегі сапар: Редж Спирстің таңғажайып оқиғасы

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

1964 жылы бүкіл әлемді елең еткізген таңғажайып оқиға орын алды. Аустралиялық найза лақтырушы Редж Спирс Англиядан Аустралияға билетсіз, оның үстіне қарапайым жолаушы емес, пошта арқылы жүк бөлімінде ұшып жеткен. Бұл – тарихта алғаш рет адамның «пошта арқылы» құрлықаралық сапар жасауы еді, деп жазады Egemen.kz.

Жәшік ішіндегі сапар: Редж Спирстің таңғажайып оқиғасы

Редж Спирс сол жылы Англияға Олимпиада ойындарына іріктеу жарысына қатысу үшін барған. Спорттағы болашағынан үлкен үміт күттірген жас жігіт Англияда біраз уақыт дайындалғанымен, жарысқа өте алмайды. Қалтасында көк тиын жоқ, елге қайта ұшуға мүмкіндігі болмаған Спирс тосын шешімге барады. Ол Аустралияға «авиапоштамен» оралу жоспарын құрады.

Досының көмегімен ағаштан 150×90×75 сантиметр көлеміндегі жәшік жасайды. Ішіне ауа кіретін тесіктер, су мен тамаққа арналған ыдыс, жылы киім және қалталық дәрет шелек орналастырады. Сөйтіп, өз-өзін жүк ретінде «орап», «ақысын алған кезде төленеді» (cash on delivery) деген белгімен жолдап жібереді.

Ұшу барысында Спирс бірнеше рет жәшіктен шығып, аяқ-қолын жазған. Ал ең қауіпті сәт Бомбейдегі (қазіргі Мумбай) аралық аялдамада болыпты. Мұнда жүкшілер жәшікті күн астында бірнеше сағат бойы қалдырған. Оның үстіне Спирс сол сәтте жәшік ішінде төңкеріліп, басымен төмен қарап жатқан. Кейін ол бұл сәтті еске алып:

«Мен тіпті есімді жоғалтып ала жаздадым. Бірақ аман қалдым. Менің бар мақсатым – үйге жету еді», деп айтқан.

Бірнеше күндік ауыр сапардан кейін Спирс Перт қаласындағы әуежайға жеткізіледі. Ол жерде багаж қоймасындағы қабырғаны тесіп, ешкімге байқалмай қашып шығады. Бірнеше сағат өткен соң, еркіндікке шыққан «жолаушы» ең алдымен достарына хабарласып, өз елінде жүргенін жеткізеді.

Егер Англиядағы көмекшісі үнсіз қалған болса, бұл оқиға ешкімге беймәлім күйде қалар еді. Алайда ол Реджтен хабар ала алмай, мазасызданып, журналистерге болған жайтты айтып береді. Сол сәттен бастап Спирс әлемдік сенсацияға айналады. Газеттер оны «адам-пошта», «жәшіктегі саяхатшы» деп атап, фотосын бірінші бетке шығарады.

Оның батылдығына таңданғандар көп болды. Кейбірі мұны ерлік деп бағаласа, енді бірі ақымақтық пен тәуекелдің шегі деді.

Редж Спирс кейін де біраз жыл ел назарында жүрді. Алайда ол өзін батыр деп санамаған. Бір сұхбатында: «Мен жай ғана үйге жеткім келді. Сол сәтте басқа амал жоқ еді», деген болатын. Уақыт өте келе оның бұл оқиғасы көптеген деректі фильм мен телебағдарламаларда көрсетіліп, ерекше адам төзімділігі мен тапқырлықтың үлгісі ретінде айтылады.