Шымкент дамыған мегаполис болса да шеткі аймақтарында инфрақұрылым жетпеген елді-мекендер әлі де бар. Шаһардың Абай ауданына қарасты Қызылжар-2 шағынауданында табиғи газ мүлдем жоқ еді, тұрғындары ауыз суға жарымайтын, жарық та жиі сөніп қалатын. Осы елді мекен халқы мәселе көтеріп, үндерін жоғары жаққа жеткізді. Соның нәтижесінде былтыр көктемнен бастап шағынауданға инфақұрылым тартыла бастады. Ауыз су келді, электр желісі жүргізілді, табиғи газ жеткізілді.
Алқап, Ордакент, Нұрлыкент, Сығанақ, Тереңөзек, Көлкент көшелерінің тұрғындары осыған дейін суды тасымалдап ішіп, үйлерін көмірмен жылытқан. Сәл жел тұрса жарық өшіп әбден қиналыпты. Бүгінгі таңда 265 үйде орталықтандырылған құбыр суымен тартылған ауыз су бар. Электр қуаты бойынша мәселе толығымен жойылды. Орталық көшемен өткен құбыр арқылы үйлер шетінен табиғи газға қосылып, халық игілігін көріп жатыр.