Digital • Кеше

«Alem.Cloud» – өңірдегі ең ірі есептеу орталығы

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының ауқымды цифрландыру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі ұлттық суперкомпьютерлік кластер ресурстарын пайдалану бойынша өтінім беруге арналған «Alem.Cloud» платформасын таныстырды.

«Alem.Cloud» – өңірдегі ең ірі есептеу орталығы

Сурет: profit.kz

«Alem.Cloud» суперкомпьютері әлемдегі ең қуатты жүйелердің TOP-500 рейтингіне еніп, 86-орынды иеленді. Бұл оның өңірдегі ең ірі есептеу орталығы ретіндегі мәртебесін растайды.

Енді мемлекеттік органдар, ғылыми және білім беру ұйымдары, стартаптар, жеке компаниялар, сондай-ақ «Astana Hub» резиденттері «Alem.Cloud» ресурстарын пайдалана алады. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жасанды интеллектіні дамытудың ұлттық міндеттері мен жобалардың стратегиялық маңызын ескере отырып, суперкомпьютер ресурстарын бөлу ережелерін әзірледі.

Суперкомпьютерді пайдаланудың басым бағыттарына мемлекеттік басқару, білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы мен су ресурстары, мұнай-газ саласы, тау-кен металлургия кешені, энергетика, геология және барлау, көлік пен логистика, өнеркәсіп, құрылыс, роботтехника мен дрондар, киберқауіпсіздік, сондай-ақ қаржылық технологиялар кіреді.

Платформа арқылы өтінім беру үшін қолданушы сілтемеге өтіп, қажетті ресурстардың көлемін (GPU), CPU, RAM, SSD таңдайды, сондай-ақ жалға алу мерзімін көрсетеді және жобаның сипаттамасын енгізеді. Плат­формада қажетті конфигурацияны есептеп, құнын шығаратын арнайы калькулятор қарастырылған. Әрбір өтінім заңды тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталады.

Ұлттық суперкомпьютер есептеу ресурстарының тұрақты әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді. Қызметтер тәулік бойы қолжетімді, деректер резервтік көшірмелермен қорғалған, ал SLA талаптарының сақталуы жүйенің қолжетімділігі мен түсінікті болуына кепілдік береді. Бұл компаниялар мен ұйымдарға өз жобаларын сенімді түрде жоспарлап, тиімді жүзеге асыруға көмектеседі.