Модель Цифрлық штаб шеңберінде басқарудың стратегиялық және операциялық деңгейін қарастырады. Операциялық басқаруды болашақ Цифрлық трансформация жөніндегі комиссия, яғни қазіргі Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия жүзеге асырады.
Құжат Президенттің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында белгіленген тапсырмалары шеңберінде әзірленіп жатыр.
Штаб стратегияны әзірлеу негізінде тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізу, «орташа табыс тұзағын» еңсеру және цифрлық мемлекет форматына көшуге тиіс міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған бірқатар шешім қабылдады.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметі бойынша жаңа Стратегия ұлттық «мұзжарғыш» жобалар жүйесінде құрылмақ. Олардың әрқайсысында жеке KPI-ы мен тиісті мерзімі көрсетіледі. 10 негізгі бағытты қамтиды. Олар – цифрлық мемлекеттік қызметтер, денсаулық сақтау, білім беру, еңбек нарығы, цифрлық экономика мен деректер, киберқауіпсіздік, роботтехника, цифрлық инфрақұрылым, реттеу және стартаптар экожүйесі.
Мысал ретінде білім беру саласы таңдалды. «ЖИ негізіндегі интерактивті білім беру» жобасында ЖИ-университетін құру, Tomorrow-school-ды кеңейту, GPT Education енгізу және оқушыларға арналған ЖИ бағдарламасын іске қосу көзделеді. Бұл жобалар цифрлық сауаттың өсуін және Қазақстанның PISA рейтингіндегі позициясын жақсартуға мүмкіндік беруге тиіс.
Стратегияны жүзеге асыру ЖИ есебінен экономикалық өсуді жеделдетуге, автоматтандыру және цифрлық сервистер есебінен еңбек өнімділігін арттыруға, мемлекеттік қызметтер мен шешімдер қабылдау мерзімдерін қысқартуға, жаңа жоғары технологиялық салалар мен жұмыс орындарын ашуға, STEM салаларында жаңа цифрлық мамандарды даярлауға әкеледі деп күтілуде.
Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев әлемде ЖИ-ге салынатын инвестициялар жоғары қарқынмен өсіп келе жатқанын айтты. 2028 жылға қарай көшбасшы елдерде ЖИ инвестициялары орташа есеппен жылдық ІЖӨ-нің 4-6%-на жетеді, бұл ЖИ-ды экономикалық өсудің негізгі драйверлерінің бірі ретінде айқындайды. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мұндай инвестициялардың негізгі бөлігі (65%-ға дейін) серверлерді, деректерді сақтау жүйелерін және есептеу кластерлерімен қатар IT-жабдыққа бағытталады, ал сервистер мен бағдарламалық қамтамасыз ету сәйкесінше 15-20% және 20-25%-ды құрайды.