Саясат • Бүгін, 07:38

Алыс-беріс арта түседі

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Ходжамырат Гелдимырадовпен кездесті.

Алыс-беріс арта түседі

Сурет: primeminister.kz

Вице-премьер Түрікменстан Қазақстанның Орталық Азиядағы маңызды әріптесі екенін атап өтті. Кейінгі бес жылда екі ел арасындағы тауар айналымы төрт есе өскен, ал кейінгі екі жылдағы өзара сауда тұрақты түрде 500 млн доллардан асып тұр. Мемлекет басшылары алға қойған тауар айналымын 1 млрд долларға дейін жеткізу мақсатын ортамерзімді перспективада еркін орындауға болады.

Келіссөздердің жеке бір блогі ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара сау­дасына арналды. 2025 жылғы 9 айда Түрікменстанға елімізден экспорт негізі­нен өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, қайта өңдел­ген өнімдерді жеткізу есебінен 221,7 млн долларды құраған. 2025 жылы экспорт ұн, өсімдік майы, тағы  басқа да өңдел­ген тауарлардың көбеюіне байланыс­­ты өсті.

Экспорттағы агроөнеркәсіп тауар­ларының үлесі тұрақты түрде 30%-дан асады. Қазақстан бидай ұны, күнбағыс майы, бидай, макарон өнімдері, маргарин, шай концентраттарын жеткізеді.

Серік Жұманғарин тауарларды жеткізу көлемін ұлғайтуды, сондай-ақ бидай, жүгері, жасымық, бұршақ, соя, күнбағыс майы, ұн, қант және басқа да өнімдерден тұратын агроөнеркәсіп өнімінің түрлерін көбейтуді ұсынды.

Түрікменстаннан импорт та өсіп отыр. 2025 жылғы 9 айда ол 141,9 млн дол­ларға жетті. Табиғи газдан басқа жеміс­тер мен көкөністер де жеткізіледі. 2025 жылы қызанақ көлемі 30 мың тонна­дан асты, ол – Түрікменстаннан келе­тін  импорт құрылымындағы екінші маңызды тауар.

«Біз жеміс-көкөніс өнімдерінің біздің нарықта болғанына мүдделіміз. Сіздер жеткізетін барлық нәрсе – қызанақ, жеміс, көкөністі біз «жасыл дәліз» аясында қабыл­дауға дайынбыз», деп атап өтті С.Жұманғарин.

Кездесуде көлік-логистикалық жобаларды дамытуға ерекше назар аударылды. Ходжамырат Гелдимырадов Гератпен шекарада құрғақ порт құрылысының басталғаны туралы хабарлады және Қазақ­станды осы жобаға қосылуға ша­қыр­ды.

Тараптар сондай-ақ «Герат – Тургунди» теміржол желісінің құрылысын қоса алғанда, Қазақстан – Түрікменстан – Ауғанстан – Пәкістан транзиттік дәлізін қа­лыптастыру перспективаларын тал­қы­лады. Серік Жұманғарин мен Ходжамырат Гелдимырадов бизнес үшін қосымша мүмкін­діктер жасауға, елдер арасындағы интег­рацияны кеңейте отырып, көлік, сау­да және логистикалық байланыстарды дамы­ту жөніндегі жұмысты жалғастыруға ниетті екенін растады.