Спорт • Бүгін, 08:00

Қарасайлық көкпаршылар дара шықты

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарасай ауданында Алма­ты облысы әкімінің кубогіне арналған ересектер арасындағы коман­далық көкпар лигасының «Батыс өңір­лік кезеңі» өтті. Салтанатты іс-ша­ра шымылдығы ұлт­тық би ансамблі мен жергілікті өнерпаздардың ұлттық рухты аспан­датқан кон­церттік бағдар­лама­сы­мен басталды.

Қарасайлық көкпаршылар дара шықты

«Көкпар – жай ғана ұлттық спорт емес. Бұл – біздің тари­хымыздың қайнары, ерлік, ептілік пен бірліктің рәмізі. Бүгін Қара­сай ауданына ең мықты ойын­шылар өз шеберлігін, жеңіске деген жігерін, халқымыздың спорттық дәстүрлеріне деген құрметін көрсетуге жиналды. Мұндай сайыстар бұқаралық спортты дамытуға, ұлттық спорт түрлерін насихаттауға, жастарды патриотизм мен саламатты өмір салтына тәрбиелеуге ықпал етеді. Спортшыларға сәттілік, әдемі әрі әділ ойын, төзім мен жігер тілеймін», деді облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ақжүрек Таңатаров.

Биылғы сәуір айындағы «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңға енгізілген түзетулерге сәйкес, ұлттық спорт түрлері олим­пиадалық спортпен қатар, ресми түрде басым бағыт ретінде танылды.

«Бүгінде елімізде ата-баба спортын дамыту жолында келелі істер қолға алынды. Қаржыландыру, инфрақұрылым, маман даярлау – мұның барлығы ұлттық спорт түрлерін жаңа сапалық деңгейге көтеруге мүмкіндік береді», деді Алматы облысы ұлттық спорт түрлерін дамыту дирекциясының директоры Елдос Тілебалдиев.

в

Командалық көкпар лигасы біздің өңірде алғаш рет өткізіліп отыр. «Батыс өңірлік кезеңге» 5 команда қатысты. Жалпы 60-тан астам спортшы өздерінің ат үстіндегі шеберлігін, так­тикалық дайындығын көрсетті. Сонымен қатар командалық көкпардың көрігін қыздырған тұлпарлардың төзімділігі мен ұлттық ойынға ерекше бейімділігі көрермен назарын аудартты.

Жарыстың бас төрешісі Сәбит Қасенов командалық көкпар – нақты тактикалық жоспарға құрылған, заманауи спорттық сайыс екенін, мұндай формат ірі турнирлерді жүйелі өткізуге, спортшыларды кәсіби деңгейде дайындауға, жастар арасында ат спорты мәдениетін дамытуға мүмкіндік беретінін тілге тиек етті.

Байрақты бәсекеде Қарасай ауданының командасы жеңіске жетті. Финалдық сайыста олар Жамбыл ауданының көкпар­шыларынан басым түсті. Ал турнирдің қола жүлдесі «Кемер­тоған» командасына бұйырды.

Еске сала кетейік, қатысу­шылар финалдық кезеңге жолдама үшін бақ сынады. Онда батыс және шығыс өңірлерінің ең үздік командалары кездеседі. «Алматы облысы әкімінің кубогіне ар­налған командалық көкпар лигасының шығыс өңірлік кезеңі» 26–29 қараша аралығында өтеді. Ал финалдық кезең осы жылдың желтоқсан айына жоспарланған.

Жеңімпаздар мен жүлде­герлер дипломдармен, медальдармен, кубоктармен, сондай-ақ ақшалай сыйлықтармен марапатталады.

Көкпар ойыны Алматы об­лысының дене шынықтыру және спорт басқармасының, облыстық спортты дамыту орталығының, ұлттық спорт түрлерін дамыту дирекциясының және «Ала­тау» облыстық көкпар федера­циясының қолдауымен өткізілді.

 

Алматы облысы