Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Бүгінде Астананың шет жақтарында орналасқан 16 тұрғынжай алабы бар. Соның ең ірісінің бірі – «Үркер». Елорда орталығынан он шақырымдай қашықтықта бой көтерген шағын аудан кейінгі жылдары көркейе түсті.
Ең бастысы – үркерліктердің көкейкесті әлеуметтік мәселелері біртіндеп оң шешімін тауып жатыр. Зәулім ғимаратқа орналасқан № 12 қалалық емхана ұжымы жергілікті тұрғындарға қалтқысыз қызмет етіп келеді. Үркерліктердің денсаулығын нығайту мақсатында бұдан екі жыл бұрын «Нұра» дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілген. Тұрғынжай алабында футбол, баскетбол ойнап, әртүрлі жаттығумен айналысатын құрылғылар орнатылған бірнеше спорт алаңы бар. Көшелерге жаяужолдар салынып, жол қауіпсіздігіне мән беріліп жатыр.
Былтыр «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында жаңа білім ордасы – 2 мың оқушыға арналған № 33 орта мектеп салынды. Бұл «Үркердегі» жалғыз орта мектепте үш ауысым бойынша оқыту проблемасын толықтай шешуге мүмкіндік туғызды. Қазір Назым Хикмет көшесінің бойында тағы бір мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Ал Қожаберген жырау көшесінде тағы бір балабақша салына бастады.
Елорда орталығының әр тұсына қатынайтын автобустар саны жылдан-жылға көбейтіліп, бесеуге жеткізілді. Қала әкімдігі алдағы жылы «Үркерге» баратын жеңіл рельсті көлік желісінің құрылысын бастауды жоспарлап отыр.
«Үркерде», негізінен, жеке үйлерде тұрып жатқан бір мыңнан астам отбасы былтыр қыста көмір жағу машақатынан біржола құтылды. Олардың тұрғынжайлары жалпы ұзындығы 88 километрдей магистралды газ құбырына қосылды. Биыл тағы 87,7 километр газ құбыры тартылып бітуге жақын. Осы игі іс келесі жылы толық аяқталуға тиіс. Нәтижесінде, шағын ауданның экологиялық жағдайы жақсарып, күзгі-қысқы жылыту маусымында кешкілікте көшелерді тұмшалап тұратын қалың түтін біршама азайды.
Алайда, «Үркердегі» әскери қалашықтағы бірқатар үй магистралды газ құбырына қосылмай, әлі де көмір жағып отыр. Себебі олар – Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық ұланның, құқық қорғау органдарының сардарлары уақытша тұрып жатқан қызметтік тұрғын үйлер. Сондықтан аталған мемлекеттік мекемелер өздеріне тиесілі тұрғынжайды газдандыру мәселесін қарастырғаны жөн. Бұған қоса, шағын ауданда тартылған магистралды газ құбырының елеулі бөлігі сары түсті сырмен боялмай, көшелердің сәнін кетіріп тұр. Мұның өзі құбырдың мерзімінен бұрын тозуына әкелетінін де ескерген жөн.
Биыл үркерліктердің үйлерін орталықтандырылған кәріз желісіне қосу жұмысы жалғасты. Мұнда кейінгі жылдары 14,4 километр кәріз құбыры тартылып, жаңа кәріз-сорғы стансалары салынды. Бұл шаруа да шағын ауданның экологиялық жағдайын жақсартумен қатар, тұрғындар үйлерінің жанындағы әжетқұдықтарды тазалауға жұмсайтын қыруар қаржысын үнемдеуіне септігін тигізді.
«Үркер» шағын ауданы тұрғындарының шешімін күткен мәселелері де аз емес. Мысалы, қазір тұрғындарының саны 36 мыңға тақаған тұрғынжай алабында әлі күнге Халыққа қызмет көрсету орталығы жоқ. Екінші деңгейлі банктер де мұнда өз бөлімшелерін ашуға асығар емес. Салдарынан үркерліктер әртүрлі шаруамен елорда орталығына шапқылап, уақыты мен қаржысын шығындап жүр.
«Үркерде» ашық аспан астындағы жазғы сахнадан басқа, Мәдениет үйі де жоқ. Сол себепті шағын ауданда мәдени-көпшілік іс-шара өткізетін орын табу қиын. Тұрғындар өздерінің мәдени сұраныстарын қанағаттандыру үшін қала орталығына сапарлауға мәжбүр.
Тағы бір назар аударарлық жайт – «Қазпошта» акционерлік қоғамының пошта бөлімшесі болмағандықтан, үркерліктердің көбі газет-журналға жазылмайды. Өйткені, жазылған мерзімді басылымдары қолдарына уақтылы тимейді. Бүгінгі «Үркердің» жарығы мен көлеңкесі, міне, осындай.