Өзі алыста жүрсе де, жүрегі қазақ деп соққан сол қандастардың тарихи отанына деген сезімі ерекше. Кеше Назарбаев университетінде «Отандас ғалымдар форумы» өтті. Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен, «Отандастар» қорының ұйымдастыруымен тұңғыш рет өткен іс-шараға АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея, Қатар, Франция, Өзбекстан, Моңғолия сияқты елдерден келген 40-тан астам ғалым қатысып, баяндама жасады. Жаңа идеялар мен көзқарастарды талқылау мақсатында ұйымдастырылған жиынға елімізден 100-ден астам ғалым-зерттеуші қатысты.
Бірлік біздің ең үлкен күшіміз екені даусыз. Ортақ болмысымызды бағалап, болашақ ынтымақтастыққа жол ашу арқылы жаһандық кеңістікте бәсекеге қабілеттілігімізді арттыра аламыз. Аталған форумның ынтымақтастық, жаңашылдық және рухани мұраға адалдық қағидаттары келешекке ұмтылған еліміздің парасатын білдіретіні анық.
Ел ғылымын дамытатын отандық ғалымдар
Форумның ресми ашылуында сөз алған Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы – ресми өкілі Айбек Смадияров іс-шараның маңызын ерекше атап өтті. Ол отандас ғалымдарды біріктіретін мұндай алаңның ел ғылымын жаңа деңгейге көтеретін стратегиялық бастама екенін айтты.
– Ғылым – елдің экономикалық өсімінің, инновациялық серпінінің, жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің негізгі тірегі. Қазіргі заманда жаңа білім жүйесі мен оны инновацияға айналдыру қабілеті мемлекеттің даму деңгейін айқындайтын басты факторға айналды. Сондықтан ғылым жүйесін жетілдіру, халықаралық ынтымақтастықты күшейту – біздің стратегиялық міндетіміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңес отырысында шетелде жүрген отандас ғалымдардың ел дамуына қосатын зор үлесін атап өткен болатын. Президент олардың бастамаларына институционалдық және қаржылық қолдау көрсетілетінін мәлімдеп, Қазақстанда зерттеу жүргізуге шақырды. Бұл – ұлттық ғылымның жаһандық ғылыми кеңістікпен терең интеграциялануына жасалған маңызды қадам, – деді ол.
Сондай-ақ іс-шараға Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов қатысып, отандық ғылымның жаңғыруы мен халықаралық ынтымақтастықты кеңейтудің маңызына тоқталды. Вице-министр министрлік шетелдегі отандық ғалымдармен тығыз байланыс орнатып отырғанын атап өтті.
– Бұл басқосу тек кәсіби пікір алмасу ғана емес, ұлт бірлігін нығайтып, отандық ғылымның болашақ бағытын айқындайтын маңызды іс-шара деп есептейміз. Осы ретте «Отандастар қорының» ерекше миссиясын атап өткім келеді. Қор шетелдегі қазақтардың ұлттық болмысын сақтауға, тарихи Отанымен байланысын күшейтуге және олардың ғылым мен білім саласына қосатын үлесін арттыруға ұзақ жылдар бойы жүйелі түрде еңбек етіп келеді. Бүгінде шетелде жұмыс істеп жүрген отандас ғалымдар Президент жанындағы Ғылым мен технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңесінің жұмысына белсенді түрде тартылып, еліміздегі жоғары оқу орындары мен ғылыми зерттеу зертханаларымен бірлесіп, жұмыс жүргізіп отыр. Сонымен қатар отандық жас ғалымдар шетелде отандастарымыз басқаратын зертханаларда тағылымдамадан өтіп, бірлескен ғылыми жобаларға қатысып келеді. Қазір министрлік шетелде тұратын қазақстандық ғалымдармен тұрақты әрі тығыз байланыс орнатқан. Солтүстік Америкадағы қазақтардың PhD қауымдастығы, «Qazaq Association PhD», «Source North America», «Qazaq International Scientific and Technological Association» сияқты ұйымдармен жемісті әріптестік орнады. Бұл бастамалардың негізгі мақсаты – еліміздегі ғалымдар мен шетелдегі отандас зерттеушілер арасында берік ғылыми көпір қалыптастырып, оларды ортақ жобаларға біріктіру, – деді ол.
Назарбаев университетінің президенті Ахмад Вакар да оқу орнының шетелдегі қазақ ғалымдарын елге тарту бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, ғылымның болашағы отандық мамандардың ғылыми әлеуетіне тікелей байланысты.
– Қазақстан сияқты жас мемлекеттердің ішінде дәл осындай әлеуетке ие елді табу қиын. Бұл – кездейсоқ дүние емес. Себебі бұл ел, ең алдымен, адам капиталына инвестиция салып отыр. Біз бүгін елімізден тыс жерде еңбек етіп жүрген 40-тан аса беделді зерттеушіні және Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 100-ден астам ғалымның басын қосып отырмыз. Бұл – өте маңызды кездесу. Университет ретінде біз де шетелде жұмыс істейтін қазақ ғалымдарын елге тарту бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеміз. Өйткені елдің де, университеттің де болашағы талантты ғалымдарға байланысты. Бұл университет мен сияқты сырттан келген адамдарға ғана сүйеніп өмір сүре алмайды. Бізге отандық ғалымдар қажет, – деді ол.
«Отандас ғалымдар форумының» ұйымдастырылуына тікелей ұйытқы болған «Отандастар қорының» төрағасы Данияр Қадыров бұл қордың қолға алып отырған төртінші ірі халықаралық жобасы екенін баяндады. Бұған дейін 2019 және 2023 жылдары өткен «Отандастар форумдары» шетелдегі қазақ диаспорасын біріктірсе, былтырғы «Кәсіпкерлер форумы» отандастар арасындағы іскерлік ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтерді. Ал биылғы форум – ғылым мен инновация бағытындағы ақыл-ой саммиті. Негізгі мақсат – отандас ғалымдардың әлемдік тәжірибесін елдің ғылыми дамуына бағыттап, елімізді халықаралық ғылыми қауымдастыққа ашық, серіктестікке бейімді мемлекет ретінде таныту.
– Астананың төріндегі Назарбаев университетінде еліміз үшін ерекше стратегиялық маңызы бар жиын – «Отандас ғалымдар форумы» өтіп жатыр. Бұл – шетелде табысты еңбек етіп жүрген қазақ ғалымдарын еліміздің ғылыми-инновациялық экожүйесіне тартуға бағытталған кең ауқымды халықаралық алаң. Форумға 12 елден 40-тан астам және елімізден 100-ге жуық көрнекті ғалым мен сарапшы шақырылды.
Бүгінде шетелде мыңдаған қазақ ғалымы түрлі салада үздік зерттеулер жүргізіп, жетекші университеттер мен зерттеу орталықтарында еңбек етіп жүр. Солардың тәжірибесін елге тарту – еліміздің болашақ дамуы үшін стратегиялық міндет. Форумның тағы бір ерекшелігі – елімізде туып, кейін өзге елге барып ғылыммен айналысып жүрген, бүгінде әлемдік ғылыми ортада танылған отандастар да қатысады. Бұл ғылыми интеграцияның жаңа көпірі, жаңа мүмкіндігі. Жиын барысында шетелдік және отандық ғалымдар ғылыми жобаларын таныстырып, инновациялық шешімдер мен технологияларды Қазақстан экономикасына және ғылымына енгізу жолдарын талқылайды. Форум аясында бірлескен зерттеулерге арналған коллаборациялар құрылып, жас ғалымдарға арналған ғылыми мектептер мен тәлімгерлік бағдарламалары талқыланады. Бұл – ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейтіп, елдің зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған нақты қадам, – деді төраға.
Ұлттық баға жетпес капиталы
Салтанатты жиыннан кейін форум пленарлық отырысқа жалғасты. Онда шетелдегі қазақ ғалымдары баяндама жасап, ғылым саласындағы жаңалығын таныстырып, жобаларын көрсетті. Солардың бірі – Франциядан келген медицина ғылымдарының докторы, психиатр Құрманбек Дәуітқанұлы.

– Мен Францияның Париж қаласындағы университет ауруханасында дәрігер-психиатр болып қызмет атқарамын. Осы форумда бүгінгі қоғамдағы өзекті тақырыптардың бірі психикалық денсаулық және әлеуметтік қолдау туралы айттым. Бұл тек медицина мамандарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.
Қазақстандағы мүмкіндігі шектеулі адамдардың қиындықтары және олардың тұрмысын жоғарылату туралы ұсыныс айтқым келеді. Өкінішке қарай, мүмкіндігі шектеулі жандар әлі де көптеген кедергіге тап болып отыр. Олардың ішінде жолдардың қолжетімсіздігі, жүргінші жолдарының мүгедектігі бар адамдарға бейімделмеуі, қоғамдық көліктердің шектеулі қолжетімділігі – автобустарға, пойыздарға мінудің қиын болуынан мүмкіндігі шектеулі жандарда әлеуметтік оқшаулану, осыдан туатын депрессия, мазасыздық және өзін-өзі төмен бағалау сияқты көңіл-күй болып жатады. Мұндай жағдайлар адам психикасына тікелей әсер етеді. Сондықтан да біз төмендегідей шешімдерді дамытуымыз қажет. Біріншіден, психологиялық қолдауды күшейту – тек клиникада ғана емес, қоғамда, мектепте, жұмыс орындарында жүзеге асыру. Екіншіден, қоғамдық іс-шараларға қатысуға жағдай жасау – үйлесімді спорт, мәдениет және білім жүйесі. Инклюзивті қала жоспарлау – әрбір жүргіншілер жолы, аялдама, ғимарат мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қолжетімді болуы тиіс. Инклюзия – жай ұғым емес, бұл адамның қадір-қасиетін, оның қоғамнан тең игіліктену құқығын мойындау. Психикалық денсаулықтың іргетасы бала кезден басталады. Үйлесімді, қолайлы отбасылық орта баланың тұлға ретінде қалыптасуына зор әсер етеді. Мұндай отбасында сүйіспеншілік, ашық қарым-қатынас, эмоционалды тұрақтылық сияқты құндылықтар дамиды. Бұл қасиеттер адамның болашақта қоғамға бейім болуына, дені сау қарым-қатынас құруына және өмірлік қиындықтарды жеңуіне көмектеседі.
Қорыта айтқанда, психикалық денсаулық – адам өмірінің өзегі. Ол тек жеке адамның мәселесі емес, бүкіл қоғамның дамуына әсер етеді. Психикалық денсаулықты қолдау тек дәрігердің емес, психологтердің, әлеуметтік қызметкерлердің, қоғамдық ұйымдардың, тіпті отбасы мен қоғамның бірлескен еңбегі арқылы жүзеге асады. Ал Қазақстанда біз өз қоғамымызда инклюзивті дамыту, отбасы үйлесімін сақтау, балаларды қорғау, әйелдерге қолдау көрсету және жалпы психикалық денсаулық мәдениетін көтеруге атсалысуымыз қажет, – деді ғалым.

Осы форумға арнайы келген Германияда туған қазақ ғалымы, PhD Шенол Жадик тебіреніп былай дейді: «Осы форумға қонақ спикері ретінде шақыру – мен үшін үлкен құрмет. Бұл басқосу тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлемдегі қазақ қауымдастығы үшін үлкен мағынаға ие. Дүниежүзінде өзгерістер жылдам жүріп жатыр, ал біз осы өзгерістердің ішінде өз мәдениетімізді, ұлттық болмысымызды, ортақ тарихымызды қаншалықты сақтап келеміз? Шетелдегі қазақ ұйымдарымен ынтымақтастықты нығайту, отандастарды елдегі саясат пен реформалар жөнінде хабардар ету, тіл мен мәдениетті сақтау – мұның бәрі болашақ ұрпақ сүйенетін берік іргетас болмақ. Сонымен қатар осы форумның білім, инвестиция және кәсіби мүмкіндіктерді қолдауға бағытталған бастамалары әлемнің әр түкпіріндегі кез келген қазақтың өз елінен алыстаса да, байланыста болуын қамтамасыз етеді.
Шетелде өмір сүріп, қызмет атқарғандықтан, әлемнің әр жерінде табысты еңбек етіп жүрген қазақтардың ерекше қабілеттеріне көзім жетті. Ғалымдар, өнер адамдары, кәсіпкерлер, дәрігерлер, инженерлер, ұстаздар мен жаңашылдар біздің ұлт жастарынан көп шығыпты. Олар жай ғана білікті мамандар емес – олар ұлттың баға жетпес капиталы. Олардың кәсіби тәжірибесі, шығармашылығы және жаһандық көзқарасы – Қазақстан дамуы үшін орасан құнды ресурс. Сол таланттарды қолдау, олардың жетістіктерін мойындау және елге пайдасын тигізуге жол ашу – форумның ең маңызды міндетінің бірі.
Форум аясындағы пленарлық отырыстар, мәдени бастамалар, бизнес таныстырылымдар мен жастар бағдарламалары – өзара байланыс пен алмасуға арналған ерекше алаң. «Абай үйі» мәдени орталығы, білім гранттары, инвестициялық мүмкіндіктер және дарынды жастарға арналған жазғы лагерь сияқты жобалар біздің ұзақмерзімді көзқарасымызды айқын көрсетеді. Сонымен бірге ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып, әлемдік аренада табысқа жететін білімді, сенімді жаңа буынды қалыптастыру. Мен «Отандастар қорының» жұмысын толық қолдаймын және әрбір қатысушыны белсенді атсалысуға шақырамын. Бірлесе әрекет ете отырып, бүкіл қазақ халқы үшін жарқын әрі табысты болашақ қалыптастыра аламыз. Қай жерде жүрсе де, әр қазақ баласы елінің абыройы мен қуатына үлес қоса алады», деді ол.
Қазақ тілі ЖИ саласына еркін енуі керек
АҚШ-тың Бостон қаласынан келген компьютерлік кванттық физика және жасанды интеллект саласының маманы Алтынбек Мұрат ЖИ мүмкіндігін қарапайым жүйелерді автоматтандырудан бұрын, ғылыми бағытқа бұрған жөн екенін айтады. Ол жасанды интеллект жүйелерін енгізуде ұраншыл жобаларға емес, ұлт мүддесіне жұмыс істейтін жобаларға басымдық беру керегін атап өтті.

– Жасанды интеллект ғылымның барлық саласын өзгертіп жатыр. Бұл өзгерістерді сөзбен сипаттау қиын – даму қарқыны біздің ойлағанымыздан да жылдам. Мысалы, өз саламда бұрын бірнеше жылға созылатын күрделі ғылыми есептеулерді қазір бірнеше айда, тіпті бірнеше аптада орындауға мүмкіндік туды. Жасанды интеллект арқылы жаңа нанотехнологиялық материалдардың қасиеттерін жылдам болжаймыз. Бұрын ғылыми талдау жасау үшін код жазып, күрделі скриптер әзірлейтін едік, ал қазір дайын агенттерді құрып, жедел нәтиже аламыз. Яғни жасанды интеллект – жай автоматтандыру құралы емес, жаңа ғылыми жаңалықтарға жол ашатын интеллектуалды серіктес деңгейіне жетті. Бұл – орасан мүмкіндік. Физикадан бастап медицинаға дейін барлық саладағы зерттеулерді жеделдетеді. Сондықтан Қазақстанда жасанды интеллект мүмкіндігін кең ауқымда енгізу қажет. Жасанды интеллект тек мәтін, сурет, бейне жасау құралы болып қалмауы керек – оны терең ғылыми деңгейде меңгеру маңызды. Ол үшін суперкомпьютерлер мен ЖИ-дің жаңа теориялары барлық ғалымға қолжетімді болуға тиіс. Бір елдің болашағы оның ғылым мен инновацияға салған инвестициясына байланысты. Бұл – дамыған елдердің тәжірибесінен көрініп отырған ақиқат. Сондықтан жасанды интеллектіге дұрыс инвестиция жасау – стратегиялық міндет. Бұл сала жарнама үшін немесе жемқорлыққа жол ашатын тетікке айналмауға тиіс.
Қазақстанда ғалымдардың әлеуеті өте жоғары. Мықты физиктер, химиктер, математиктер бар. Бірақ мен байқалған бір олқылық – технологиялық идеялардың зертханадан нақты өнімге айналу үдерісі өте баяу жүреді, кейде мүлдем болмайды. Бізге ғылыми инновация ауадай қажет. Жасанды интеллект осы олқылықты жоюға, даму жолын қысқартуға мүмкіндік береді. Сондықтан бізге тек ІТ жобаларды емес, күрделі ғылыми-инновациялық бағыттарды инкубациялайтын орталықтар қажет. Ғалымдардың жұмысы зертханада немесе қағаз бетінде қалып қоймауға тиіс. Біз мұндай жүйені АҚШ-та күнделікті көріп жүрміз: зертханалардағы идеялар стартапқа айналып, әлемдік деңгейдегі компаниялар өркендеп жатыр. Осы бағытқа көбірек көңіл бөлген жөн. Өз тарапымнан біз құрған «Qazaq Scholars» қауымдастығы арқылы отандас ғалымдардың ғылыми идеяларын Бостонның инновациялық экожүйесімен байланыстыруға және қолдауға дайынмын.
Бүгінде қазақтілді жастардың үлесі артып келеді – бұл үлкен қуаныш. Бірақ сонымен қатар бір қауіп бар: егер біз жасанды интеллект пен жаңа технологияларды ана тілінде үйренуге мүмкіндік бермесек, қазақша сөйлейтін жастар жаңа дәуірдің мүмкіндігінен шеттеп қалуы мүмкін. Бұл – әділетсіздік әрі үлкен қиянат болар еді.
Бұдан бөлек, форумда «Ұлы дала» атты халықаралық кітап шығару байқауында жеңімпаз атанған ғалымдар кітабының тұсауы кесілді. Бұл жоба – әлемдегі қазақ қаламгерлерінің еңбегін дәріптеп, Еуразия кеңістігіндегі әдеби байланыстарды жандандыруға арналған маңызды жоба. Кейінгі 3 жылда шетелдегі 28 қазақ қаламгерінің еңбегі кітап ретінде басылып шыққан екен.
Форумға қатысушылар қызмет етіп жүрген ортасындағы мүмкіндікті отандық ғалымдарға ұсынуға дайын екенін айтып, әріптестік орнатып тәжірибе алмасуға шақырды. 2024 жылғы мәліметтерге сүйенсек, әлемде шамамен 3 миллионға жуық, ал бейресми есептер бойынша төрт жарым миллионнан астам қазақ диаспорасы бар. Бұл – тәуелсіз ел үшін орасан үлкен әлеует. Шетелде жүрген қазақ ғалымдары елдің стратегиялық интеллектуалдық ресурсы. Олардың Қазақстанмен тұрақты әрі жүйелі байланыста болуы еліміздің ғылыми және инновациялық дамуына айтарлықтай ықпал етеді.
Дайындағандар –
Дүйсенәлі Әлімақын,
Айтолған Жүнісхан,
«Egemen Qazaqstan»