Картинаның актерлік құрамында танымал актерлер мен қазақстандық киноның жаңа есімдері бар: Қобыланды Болат, Әзиз Бейшеналиев, Нұржан Садыбеков, Қайрат Әділгерей, Бахтияр Қожа, Рамазан Әмірғалиев, Назар Шархан, Асан Мәжит және басқа да актерлер.
Премьера алдында режиссер Нұржан Еркінұлы Астананың сериалдың нуар стиліндегі визуалды тіліне қалай әсер еткенін баяндап берді.
«Кадрдағы суық палитра кейіпкерлердің күйіне, іс-әрекетіне тікелей ықпал етеді. Бұл жерде қала – жай фон емес, оқиғаның толыққанды қатысушысы», – деді ол.
Режиссердің айтуынша, түсірілім толығымен Астанада өткен, сондықтан көрермендер қаланың көптеген танымал локацияларын көре алады.
Визуалды шешім мен түстік өңдеуге Голливудта 30 жылдан астам тәжірибесі бар маман Джефф Ольм жауапты болған. Ол Disney, DreamWorks, Sony Pictures, Warner Bros. студияларымен жұмыс істеген, ал өзінің портфолиосында Titanic, The Fifth Element, Harry Potter секілді әйгілі жобалар бар.
Премьера алдында актерлер де түсірілім барысындағы сәттерді еске алды.
«Қақтығыс көрінісін түсіріп жатқанбыз. Кейіпкердің күйіне соншалықты кіріп кетіппін, дубль біткен соң сөйлей алмай қалдым. Ешкіммен тілдеспей, көлікке отырып, бірден кетіп қалыппын», – деп бөлісті басты рөлдердің бірін сомдаған Базил Сұлтанғазы.
Түсірілім алаңында күтпеген импровизациялар да орын алған. Режиссердің айтуынша, әнші ALEM түсірілімге жай ғана «көруге» келген, алайда сол сәтте оған арнайы рөл ойлап табылып, әнші кадрға кірген.
«КОБА» криминалдық драмасы Нью-Йорк, Стокгольм және Римдегі халықаралық кинофестивальдерге қатысқан және жоғары бағасын алған.
Сериал авторлары көрерменге қылмыс туралы емес, ақиқат пен әділдіктің құны туралы оқиғаны ұсынады.