Саясат • Бүгін, 08:00

Президент дипломатиясы: Бейбіт саясаттың берекелі нәтижесі

30 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Кез келген мемлекетті жа­һандық үдерістерден бөлек қа­растыру мүмкін емес. Экономикалық әрі страте­гиялық мақсаты айқын елдің алыс-жақын шет мемлекет­термен байланыс орнатуы – заңдылық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мұхиттың арғы жағасы мен бергі бетінде тығыз қарым-қатынас орнатып, ел мүддесі үшін сапарлар жасауы – осының бір дәлелі.

Президент дипломатиясы: Бейбіт саясаттың берекелі нәтижесі

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Жер жүзінде бейбітшілік орнық­са, экономикалық ахуал жақса­рып, халықтың тұрмысы түзелетіні анық. Өйткені соғыс, жанжал, қақты­ғыс сынды құбылыстар әлемдік экономи­калық тетіктерді шайқалтып, нарық­тың тұтастығын бұзады. Бүгінгі бизнес өзара бір-біріне тәуелді, ал ел экономикасының негізгі тірегі де – осы бизнес. Сондықтан геосаяси текетірестердің болмағаны бәрі­мізге тиімді. Мемлекет басшысы бейбіт­шілік пен өзара сенімді нығайту арқы­лы экономикалық байланыстарды кеңей­туді көздейді. Сол себепті әлем ел­дерінің ешқайсысын таңдап-талға­май, барлығымен тең дәрежеде қаты­нас орнатып, халықаралық тұ­рақ­­тылықты сақтауға шақырып келеді.

Қытай – бейнеткештігімен, табан­ды­лығымен озық шыққан мемлекет. Тынымсыз еңбек арқылы бұл ел әлемдік экономиканың ірі қозғаушы күшіне айналды. Көлік құрастыру ісін кеш бас­тап, аз уақыт ішінде көш басына шығуы да халықаралық қауымдастықтың назарын аудартты. Тек автокөлік емес, электроника, тұрмыстық техника, жеңіл және ауыр өнеркәсіп, заманауи технологиялар саласында да Қытай бүгінгі таңда жаһандық нарықтан берік орын алған. Ірі державаның негізгі экспорт бағыттары – АҚШ, Гонконг, Жапония. Ал өзі мұнай, темір, табиғи газ, алтын сынды шикізатқа тәуелді болғандықтан, бұл ресурс­тарды Оңтүстік Корея, Жапония, Аустралия, АҚШ, Германия мен Тайваньнан импорттайды. Мұның бәрі әлемдік экономиканың өзара тығыз байланыс­та екенін көрсетеді. Сондықтан геосая­си текетірестердің өршуі ешбір елге пайда әкелмейді. Саяси тұрақсыздық – экономикалық өсімге кепілдік беретін инвестицияға да, бизнеске де, жалпы халықтың тыныс-тіршілігіне де кері әсерін тигізетін фактор.

Қазір Қытай Қазақстанға біраз инвестиция құйып, көптеген жобаны жүзеге асыра бастады. Өйткені еліміз ішкі тұрақ­тылық сақталған бейбіт мекен болып тұр. Бизнеске береке бей­біт­шілікте дариды. Сол себепті елімізбен жан-жақты серіктестік құруды көздейтіндер көп. Жоғарыда айтқандай алпауыт мемлекеттер арасында импорт және экспорт жасайтын ықпалдастық құрғандар бар. Демек бізге де сауда кеңістігіне кіру үшін алдымен байланыс орнату керек. Президенттің шетке сапарлары осы мүдде үшін. Оның үстіне Қазақстан көп­теген халықаралық ұйымға мүше мемлекет ретінде де жаһандық мәселелерді талқылауға қатыса алады. Ал енді олармен шынайы қарым-қатынас Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың араласуы­мен ілгерілеп келеді. Бұған дәлел – шетелге сапарлардың жемісті өтуі.

с

Елімізде ішкі экономиканы жақ­сарту мақсатында сыртқы нарыққа шығу жолдары жасалып жатыр. «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын, Транскаспий көлік бағытын және «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізін ашу, стратегиялық порттар мен логис­тикалық орталықтардың серіктес­тік желісі құрылып жатыр. Еуразия­лық көлік бағытының ажырамас бөлігі саналатын Қазақстан арқылы халықаралық тауар тасымалы реттелмек. Оның бізге де пайдасы зор. Ол үшін ондаған миллиард инвес­тиция салынды. Көлік-логистика, порт қызметі жолға қойылып, мемлекет мол табыс әкеліп жатқан елдер баршылық. Осынша мүмкіндіктер барда Қазақстанның қол қусырып қарап қалмауы – заңдылық.

ШЫҰ-ға төрағалық еткенде «Көп­жақты диалогті нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» қағидатын еліміз бекер ұстанбады. Еліміз Қытайдың ішкі нарығына енуге, сондай-ақ ұйымға мүше елдермен тауар айналымын 3 трлн дол­ларға дейін жеткізуге ниетті. Бұл мақсатта ШЫҰ экономикасын дамытудың 2030 жылға дейінгі стратегиясын жүзеге асыру жөнінде нақты іс-қимыл жос­пары қабылданған. Ұйымның эконо­ми­­калық әлеуеті жоғары. Сол мүм­­­кіндіктерді мүлт жібермей, то­лық­­қанды пайдалану Үлкен Еуразия­лық белдеуге айналуға жол аша­ды әрі әлемдік сауда­ның тұ­рақты өсімін қамтамасыз етеді.

Шикізатты өндіріп қана қой­май, терең өңдеу табыстырақ болады. Қазір ғылымға көңіл бөлініп, ғалымдарға өңдеу ісін рет­теу мін­деттелген. Нәтижесінде, ғы­лым да дамып, ғалымдарға мол мүм­кіндік беріліп жатыр. Өзімізден шыққан шикізат өзімізге нақты бір зат болып оралатын. Енді қазба бай­лықтарымыз терең өңделеді. Прези­дент ауыл шаруашылығы өнімдерін де терең өңдеуге көшіруді Үкіметке тап­сырды. Жалпы, шикізаттың қай түрі болсын, терең өңделмейінше тауар түрлері көбеймейді. Ішкі сұраныс импорттан арылмайды. Сондықтан өңделгеннің өзімізден артылғанын экспорттау керек. Экспорт пен импортты реттеу үшін инфрақұрылымға көңіл бөлу қажет. Ал Қазақстан шикізаты мен өнімдеріне қызығушылық артып келеді. Еліміздің экспорттық әлеуеті жоғары. Мысалы, әлемдегі титан нарығының 11 пайызы Қазақ­станға тиесілі болса, сол сияқты аэро­ға­рышқа қажетті титанның 20 пайыз­дан астамын да біз қамтамасыз етеміз. Өскемен титан-магний комбинаты шикізаттан дайын өнім алады. Кеуекті титан, титан құймалары мен қорытпаларын шығаратын бірден-бір кәсіпорын. Қазақ титаны кеме жасау, энергетика, аэроғарыш, мұнай-газ саласы мен медицинада қолданылады. Дайын өнім АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Оңтүстік Корея, Үндістан және Қытайға экспорт­талады. Бұл комбинат он жылдықта 25 инвестициялық жобаны жүзеге асыруды мақсат еткен. Ал сол өнімнің бәрін өткізетін сыртқы нарық керек.

Қ.Тоқаев қай елге барса, сол мемлекет басшыла­рының бәрі Қазақстанға да келеді. Еліміздің дамуы­на басымдық берілген орнықты мақсаттары – айқын. Дипломатияны берік ұстанатын Президентіміздің парасаттылығын АҚШ басшысының өзі оң бағалады. Америкада өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының 80-сессиясында Мем­лекет басшысының сөйлеген сөзі көпшіліктің қолдауына ие болды. Алматыда БҰҰ-ның Орта­лық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөнін­дегі өңірлік орталығы ашылды. «Орталық Азия плюс» форматында диалог жүргізіліп жатыр. Пре­зидент текетірестердің кесірінен былтыр әлемдегі тікелей шетел инвестициясы көлемінің 1,5 трлн долларға дейін қысқарып кет­кеніне БҰҰ-ға мүше елдердің назарын аударып, дипломатиялық қатынастарды реттеудің маңызына тоқталды. Әзербайжан мен Арме­ния қарым-қатынасының қалып­қа түсуіне араласқан АҚШ Прези­дентінің араағайындығын атап өтті. Президент алауыздықты тағдырдың жазуы емес, саяси таңдау екенін, одан арылу үшін гуманизм идеясы­на бірігу керектігін ашық айтты. Өйт­кені еліміз халықаралық қатынас­тарды мемлекеттің дамуы мен халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін оңтайландырып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құруды ұсынды. Еліміз жаһандық сенімге селкеу түсірмеуді, халықара­лық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді, ядролық қару қолдану қаупін күрт азайтуды, ядролық державаларды бейбіт диалогке шақыру, жан-жақты әрекетті жандандыруды дұрыс көреді. Президент тіпті
БҰҰ-ға Қауіпсіздік кеңесін реформалауды ұсынды.

Мемлекет басшысының АҚШ-қа екінші сапары жемісті болды. Еліміздің табиғи және қазба байлықтары табысты пайдаланылуға тиіс. Біз шикізатты экспорттауға бейім болғандықтан, оның жергі­лікті жерде терең өңделгені игі. Жалпы, әлемде инвесторлардың әр мем­лекеттің экономикасына инвес­тиция салуы – бұрыннан қалып­тас­қан үдеріс. АҚШ-пен арада құны 17 млрд доллардан асатын қомақ­ты қаржыға келісімдер жасалды. Көпжоспарлы кеңейтілген стра­те­­гиялық серіктестік құрылып, Мем­ле­кет басшысы Қ.Тоқаев пен Аме­рика Президенті Д.Трамптың Ақ үй­дегі кездесуінің сәтті өткеніне қуандық.

Әлемнің жетекші мемлекетте­рімен бейбіт байланыста болу гео­сая­си тұрақтылық үшін де өте қажет. Ал Президентіміз дүниежүзін­де тыныштық орнап, мемлекет­тер арасында риясыз ынтымақтастық болғанын қалайды. Қазақстан­ның Ибраһим келісімдеріне қосылуы бейбітсүйгіш пейілімізді айғақ­тады. Бұл келісім арқылы еліміз саяси қақ­ты­ғыстан сырт айналып, бейбіт диалогті жандандыруға, сонымен қатар БҰҰ Жарғысы негі­зінде халықаралық құқықты қолдау мүмкін­дігіне ие болады. Қазір Таяу Шығыста тұрақтылық шатқаяқтап тұр. Шиеленіс ымыраға келмеудің кесірінен ушығып жатыр. Ал Ибраһим келісімі – бейбіт өмір орнатуға арналған алғышарт. Д.Трамп Қазақстанның Ибра­һим келісімдеріне қосылу туралы шешімін жоғары бағалады. Өз кезегінде, Қ.Тоқаев АҚШ басшы­сының бітімгерлік бастамаларына қолдау білдіріп, Д.Трамптың келе­шекте Орта дәлізді одан әрі дамы­туға ықпал ететін «Трамптың халық­аралық бейбітшілік және өркендеу жолына» қатысты өз ойын білдірді. Америка Қазақстанмен көп­жос­­парлы кеңейтілген страте­гия­лық серіктестікті дамытуға уағда­ласты.

Вашингтонда өткен «Орталық Азия – АҚШ» саммитіне көршілес мемлекеттің басшылары қатысып, келелі кеңес құрды. Орталық Азия мен АҚШ арасында ынтымақтастық жолы ашылды. Қазақстан мен АҚШ арасында энергетика, аса маңызды минералдар, өнеркәсіп, көлік, қаржы, жасанды интеллект, білім секілді негізгі салаларды қамтитын байланыс арта түседі. Мемлекет басшысы америкалық компанияларды инвесторлар үшін жасалған қолайлы жағдайды пайдалануға шақырды. Қазақстанның Құрама Штаттармен стратегиялық серіктес­тігі нәтижесінде ел экономикасына 100 млрд доллардан аса инвестиция тартылып, кейінгі екі жылда тауар айналымы 5 млрд долларға жуықтаған. Американың уранға сұранысының 25 пайызын Қазақстан қамтамасыз етіп келеді. Бүгінде 600-ден аса америкалық компания жұмыс істеп жатыр.

Жалпы, инвестицияның игілігі өңірлеріміздің дамуына оң ықпал етеді. Жылына жүздеген зауыт-фабрика ашу көзделіп отыр. Оның бәрі халықты жұмыспен қамтып, табысын арттыру үшін ауылдарда салынады. Технопарктер, ғылыми қалашықтар, көпқабатты тұрғын үйлер де елді мекендерде ашылады. Мысалы, Түркістан облысында қытай инвесторлар септігімен 8 зауыт салып жатыр. Оның төртеуі ауылдан бой көтереді. Биылдың өзінде 34 мың гектар алқапқа жоғары сұрыпты мақ­та егіп, аудан бюджетіне қомақты салық төлейді. Онда 1,5 мың адам жұмыс істеп, 350-400 мың теңге айлық алып жүр. Елде инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға отандық және шетелдік инвесторлар тартылады. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы еңбеккерлерімен өткен форумда игерілмей жатқан жерлерді кәсіппен айналысуға бейілді ауыл тұрғындары мен инвес­торларға беруді әкімдіктерге тапсырды. Қалай болғанда да мұның бәрі ауылдардың тамырына қан жүгір­тіп, тұрғындардың тұрмысын түзеу­ге мүмкіндік береді. Осылай Қазақ­станның тауар өндіру әлеуеті артса, шетелдік нарыққа шығуға бет алады. Президенттің тыным таппай, әлемді шарлап жүргені – осының қамы.

АҚШ-тан соң іле-шала Мемлекет басшысы Ресейге де барды. Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасын жан-жақты стратегиялық серіктестік пен одақтастық деңгейіне жеткізу жөніндегі декларация қабылданды. Құжат халықтар арасындағы сенім мен ынтымақтастыққа кепіл болады. Кезекті сапарда өнеркәсіп, энергетика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, жоғары техноло­гиялар, цифрландыру, гумани­тар­лық ықпалдастық, жаңа инфрақұ­рылымдық жобаларды жүзеге асыруға көңіл бөлінді. Президент Ресейден Қазақстан экономикасына құйылған инвестиция көлемінің 27 млрд доллардан асқанын айтты. Бірлескен 175 жоба жүзеге асырылып, 20 мыңнан аса ресейлік компания жұмыс істеп жатыр. Көрші елмен іскер­лік байланыстардың жоғары дең­гейін одан әрі қолдауға және бизнес жүргізуге қажетті жағдай жасау мақ­сатымен Эконо­микалық ынтымақ­тастықтың 2030 жылға дейінгі кешенді бағдарламасы қабылданды.

Ресейден келген бойда Президент Өзбекстанға сапар шекті. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёевтің төрағалығымен Қазақ­стан-Өзбекстан Жоғары мем­ле­­кет­аралық кеңесінің екінші оты­ры­сы өтті. Қазақ-өзбек стратегиялық серік­тестігі мен одақтастығын одан әрі тереңдету сияқты өзекті тақы­рыптар талқыға түсті. Екі елге де игілікті келіссөздер жүргізілді. Жал­­пы, екі ел арасын­да сауда-саттық, барыс-келіс дамылдамаған.

Президент сапарларын сынап жатқандар да бар. Алайда осындай келіссөздердің нәтижесінде эконо­ми­камызды көтеру, өңірлерді дамы­ту, халықтың әл-ауқатын жақ­сар­ту жұмыстары әжептәуір ілге­рілейтінін ескергеніміз жөн. Сыртқы нарыққа жол ашылса, отан­дық бизнеске демеу болады. Ал инвес­ти­циялық жобалардың шарапаты халқымызға да тиеді.

 

Қайрат БАЛАБИЕВ,

Мәжіліс депутаты