Көрмеде жаһандық ірі өндірушілер жол-құрылыс техникасының, материалдар мен жабдықтардың жаңа түрлерін ұсынды. Ал елорданың тазалығына жауапты «Астана Тазалық» ЖШС қала көшерін, асфальт жолдарын тәулік бойы тазалауға жәрдемдесетін, қауіпсіздікті сақтайтын жаңа экологиялық жабдықтарды көрсетті. Оның ішінде жасанды интеллект шешімдері өндіріс үдерістерін жеделдетуге, бақылау дәлдігін арттыруға және адами факторды төмендетуге мүмкіндік береді.
«Астана Тазалық» серіктестігі техниканы пайдалану бөлімінің басшысы Тимур Ахметовтың айтуынша, қала тазалығына жауапты мекеменің ЖИ технологиясын енгізгеніне 3 айға жуықтапты. Содан беріге дейін озық құрылғы жол бойында қалғып кеткен 6 жүргізушіні сол заматта оятып алған.
«Астана Тазалық» ЖШС басшылығы көрмеге ЖИ-дің коммуналдық саладағы мүмкіндігін көрсетуге келіп отырғандарын айтты. Яғни осы арқылы елдегі тазалыққа жауапты мекемелерді ЖИ-дің озық мүмкіндіктерін пайдалануға шақырып отыр.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қазір экономиканың әрбір саласына жасанды интеллект технологиялары енгізіліп жатыр. Қаланың тазалығына жауапты мекеме болған соң, біз ЖИ-ді көліктерімізге енгізуді ұйғардық. Жұмысшылардың қауіпсіздігі үшін барлық ЖИ шешімдерді бір экожүйеге тоғыстырдық. Ол үшін әрбір көлікке датчик, бейнекамера орнатамыз. Негізі, мекеме балансында 400-ге жуық техника бар. Оның ішінде қар тазалайтын, қар тиейтін көліктерден бөлек, шағын техникаларымыз сайланған. Қазір 100 көлікке бейнекамера орнатып, ЖИ мен байланыстырдық, басқа көліктеріміз де көп ұзамай камерамен қамтылады», дейді мекеменің бөлім басшысы Т. Ахметов.
Білсеңіздер, серіктестікте жұмысшылар түнгі ауысымға да шығып, қаланы қардан тазалайды. Түнде қалада кептеліс жоқ. Ал техникалық мақсаттағы көліктің салмағы ауыр, жылдамдығы төмен. Мұндай жағдайда жүргізушілер жолда жиі шаршайды, ұйқы қысады.
Енді көліктерге орнатылған терминал жүргізушінің жанарын бақылап отырады. Егер қалғып-мүлгіп кеткен жағдайды байқаса, небәрі 3 секундта жүргізушіні оятып алады. Сол секілді жүргізуші жылдамдықты шамадан тыс асырса, телефонмен сөйлессе дерек бірден басшылыққа түседі. Мұның барлығын әуелі жүргізушінің, жолдағы басқа да көліктердің, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалған қадам деп түсіндік.