Фото: Ашық дереккөз
ТЖМ мәліметінше, санитарлық рейс «Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы» РМҚК-ның үйлестіруімен ұйымдастырылды.
«Гипербариялық орталық Шымкентте орналасқандықтан, ал Жетісай ауданында шұғыл медициналық көмек көрсетуге қажетті арнайы жабдықтар жеткіліксіз болғандықтан, науқасты тасымалдау қажет болды», делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Түркістан облысы Жетісай ауданының Алғабас ауылында екі қабатты жеке тұрғын үй өртеніп, 12 адам мерт болды. Оның 9-ы бала. Қызыл жалын 360 шаршы метрді шарпыған.
Мемлекет басшысы жеке үйде болған өрттің салдарынан қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтты.
Сонымен қатар Президенттің тапсырмасы бойынша Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылындағы жеке үйде болған өрттің себептерін тергеу жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды.
Жеке тұрғын үйдегі өрттің салдарынан екі ересек және бір бала ауруханаға жеткізілген. Қазір барлығы жансақтау бөлімінде жатыр.
Қаза болған балалардың ең кішісі – 2024 жылы туған, қалғандары – 2009, 2010, 2012, 2015, 2017, 2019 және 2021 жылдары дүниеге келген. Балалардың бесеуі бір отбасынан шыққан – үш қыз және екі ұл. Басқа отбасынан 2018 жылы туған қыз бала аман қалды. Оқиға орнынан суреттер жарияланды.
Вице-премьер Қанат Бозымбаев өрттің себептерін тергеп-тексеру бойынша құрылған Үкіметтік комиссия мүшелеріне бірқатар тапсырма берді.
Бұған дейін дәл осы 12 адамның өмірін қиған өрттен зардап шеккен 1986 жылғы ер адам Шымкент қаласындағы гипербариялық оксигенация орталығына жеткізілген еді.