Фото: Жоғарғы Сот
Анасы баланың қолын байлап, үйде оны жалғыз қалдырып, өзі кетіп қалған. Баланың ұзақ жылап жатқанын естіген көршілер есіктің саңылауы арқылы қараусыз қалған баланы көрген. Қолы байлаулы бала жылап, бөлмені айналып жүгіріп жүрген. Содан кейін көршілер жедел жәрдем шақырған.
«Сарапшылар баланың көгерген жерлерін денсаулыққа жеңіл зиян ретінде бағалады. Сонымен қатар балада психикалық және сөйлеу дамуының тежелуі, ЖРВИ, салмақ жетіспеушілігі және педагогикалық қараусыздық белгілері анықталған», деп хабарлады Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі.
Кейін көршілердің шағымы бойынша бала Балаларды қолдау орталығына орналастырылды.
«Әйел ата-аналық міндеттерін орындамағаны және кәмелетке толмаған балаға қатыгездік көрсеткені үшін кінәлі деп танылды (ҚК-нің 140-бабының 2-бөлігі). Қарағанды облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты баланың ауыр халі анасымен бірге тұрған кезінде пайда болғанын анықтады», делінген хабарламада.
Сотта анасы баласын жалғыз қалдырып, оның қолын байлау арқылы оған нақты қауіп төндіргенін атап өтті. Қорғаншылық және қамқоршылық органдары баланың мүдделеріне сәйкес келетін қорытынды ұсынды.
«Осы мән-жайлар бойынша сот баланың әкесінің талаптарын толығымен қанағаттандырды. Баланың анасының ата-ана құқықтары шектелді. Ал баланың тұрғылықты жері әкесімен бірге болуы анықталды. Анасына алимент төлеу міндеттелді, ал әкесі оны төлеуден босатылды», деп жазылған сот хабарламасында.
Кейіннен әкесі ұлын өзінің ата-анасымен бірге тұратын алты бөлмелі жайлы жеке үйіне апарған. Қазір бала әкесімен және ата-әжесімен бірге тұрады.