Құдайға шүкір, заман талабына сай жұмыс істеп тұрған оқу орындары еліміздің кез келген өңірінде бар. Тәуелсіздіктің елең-алаңында аудан орталығы мәртебесіне ғана ие болған Түркістанда Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті шаңырақ көтеретінін кім болжай алған. Бүгінде Ясауи университетінің түлектері дүниенің төрт бұрышында еңбек етіп, еліміздің интеллектуалды абыройын арттырып жатыр. Экономикалық, географиялық, инфрақұрылымдық тұрғыдан шет қалған Петропавлда, Мағжанның Қызылжарында АҚШ ЖОО-сы – Аризона университеті Қазақстан жастарын оқытатын болады десе, кім сенер еді.
Жә, тақырыбымызға оралайық. Интеллектуалды тарихымызға олжа салған оқу орындарының қатарында профессор А.Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты тұр. Бұл институтты осыдан 30 жыл бұрын құрған да, оқу-материалдық базасы мен профессор-оқытушылар құрамын жасақтаған да, жаңа оқу ғимараттарын, жатақханасын тұрғызған да аяулы ағамыз Амангелді Құсайынов еді.
Жоғары мектеп ісіне ол үлкен даярлықпен келді. Біріншіден, әкесі репрессияға ұшырағаннан кейін тағдырын кермек дәмінен молынан татып алды. Жалғыз шешесі қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай ер жеткізді. Табиғатынан алғыр бала оқуда қамшы салдырмады. Қазақ университетінің тарих факультетіндегі аса белсенді студенті ретінде көзге түсті. Өмірлік берік ұстанымынан бір сәтке ажыраған жоқ.
Студент шағында құрылыс отрядының жетекшісі болып, материалдық өндіріс саласынан тәжірибе жинақтады. Онысы кейін Еуразия университетінің басшысы болып кеткенде, әсіресе жаңа университеттің бас ғимаратын салғанда барынша пайдасын тигізді.
«Әттеген-айлар» да болмай қалмады. Бірінші кірпішінен шатырын жапқанға дейін өзі қадағалаған ғимараттың тұсаукесер рәсіміне жаңа басшылық қырын қарағандықтан шақырусыз қалды. Осыны көзіміз көргенде ішіміз қазандай қайнады, бірақ қолдан келер дәрмен жоқ еді. Ал әділетсіздік оның өмір жолында аз кездеспеді. Оған әлдекімдей мүжілмеді, қайта ақылына ақыл қосты, ширай түсті.
Екіншіден, ЖОО-да қандай қызмет атқарса да, профессор-оқытушылар құрамының сапасына ерекше мән берді. Әсіресе жастарды тартуға барын салды. Сол жылдары еңбек жолын Еуразия университетінде бастаған жас мамандар бүгінде айтулы ғалымға, ұлағатты ұстазға айналды. Олар: Ербол Тілешов, Самал Төлеубаева, Вячеслав Евсеев, Сарқыт Әлісжанов, Қарлығаш Байтанасова, т.б.
Өткен ғасырдың 90-жылдарында А.Құсайыновтың бастамасымен Ақмола тарихында бұрын-соңды болмаған жаңа үрдіс орын алды. Ол – 1995 жылы ашылған мемлекеттік емес нысандағы Еуразия гуманитарлық институты еді. Жоғары білім және ғылым министрлігінің талабы бойынша меншік нысанына қарай оқу-тәрбие жұмысына бөле-жара қарау болмаған, қойылған талап екеуіне де бірдей болды. Сол себепті түлектерге де сұраныс әрқашан жоғары деңгейде сақталды. Олар беделді мекемелерге жұмысқа орналасып жататын. Ақиқатын айтсам, сол жылдары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жұмыс істеген мен гуманитарлық институттан, ондағы оқу-тәрбие үдерісінен тарыдай өзгешелік көрген емеспін. Нәтижесінде, гуманитарлық институт тез жетілді. Бұл да тәуелсіздігіміздің, институт басшылығы ұстаған саясаттың дұрыстығын көрсетеді. Жас институттың басшылығында болған С.Оспанов, М.Сарыбеков, А.Исмаилов сияқты жігіттер жоғары мектептің білікті басшыларына айналды. Бұлар бармақ басты, көз қыстыдан мүлде хабарсыз, кіршіксіз таза жандар еді. Осы орайда институтқа оның негізін қалаған профессор А. Құсайынов есімінің берілуін дұрыс табылған шешім деп білемін. Тізе қоса жұмыс істеудің арқасында гуманитарлық институт білім кеңістігіндегі орны мен міндетін қателеспей таба алды. Бұл туралы институт ардагері профессор Қадыр Ахметов былай дейді: «Өткен уақыт аралығында ЕАГИ еліміздің жоғары білім кеңістігінде сапалы білімнің, кәсібиліктің және халықаралық серіктестіктің жарқын үлгісіне айналды. Институт Қазақстан Аккредиттелген жоғары оқу орындары қауымдастығының, Білім ұйымдары қауымдастығының және Орталық Азия менеджментті дамыту қорының белсенді мүшесі ретінде отандық және аймақтық білім жүйесінің дамуына үлесін қосып келеді. Халықаралық байланыстар да кеңейіп, ЕАГИ шетелдік серіктестермен, соның ішінде АҚШ-тың Бейбітшілік корпусы сияқты ұйымдармен тығыз ынтымақтастық орнатты. Бұл әріптестік студенттер мен оқытушылардың кәсіби тәжірибесін арттыруға, білім сапасын халықаралық деңгейге көтеруге септігін тигізді».
Институт Қазақстанның жас заңгерлер қауымдастығы мен Жастар парламентінің бастамаларын қолдай отырып, ел болашағының қозғаушы күші саналатын жас буынды әлеуметтік белсенділікке, көшбасшылық пен азаматтық жауапкершілікке баулып келеді. Жоғары оқу орнының беделі халықаралық деңгейде де мойындалған. Женевадағы (Швейцария) Бизнес және басқару жоғары институты сарапшылар кеңесінің шешімімен ЕАГИ «Мінсіз іскерлік беделі үшін» Алтын медалімен марапатталды. Бұл марапат – институттың сапалы білім, кәсіби этика және халықаралық серіктестік қағидаттарына адалдығының айғағы. Институттың ғылыми әлеуеті де жыл сайын артып келеді. Профессор-оқытушылар құрамы ғылыми жобалар мен зерттеулерге белсенді қатысып, студенттермен бірге инновациялық бастамаларды жүзеге асырып жатыр. Халықаралық конференциялар, семинарлар мен академиялық ұтқырлық бағдарламалары ЕАГИ-дің білім кеңістігін жаңа деңгейге көтеріп отыр. Еуразия гуманитарлық институты – бүгінде халықаралық әріптестіктің кең желісін қалыптастырған беделді жоғары оқу орындарының бірі. Институт әлемнің жетекші университеттерімен тығыз байланыс орнатып, білім мен ғылымды халықаралық деңгейде интеграциялауға ерекше көңіл бөліп келеді. ЕАГИ-дің шетелдік серіктестері қатарында Interculturelle Weiterbildungsgesellschaft (Германия, Дюссельдорф), Таллин университеті (Эстония), Баку еуразиялық университеті (Әзербайжан), Абант Иззет Байсал атындағы Болу университеті (Түркия), Новосибирск мемлекеттік педагогикалық университеті (Ресей), Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университеті (Өзбекстан), Миссури университеті (АҚШ), Мухаммадия Сидоарджо университеті және Ататүрік университеті (Түркия), Бұхара мемлекеттік педагогикалық институты (Өзбекстан), Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университеті, сондай-ақ Индонезияның бірқатар жоғары оқу орындары – Батари Тоджа Боне институты, Анди Матаппа педагогикалық институты, Бенгкулу, Фаджар, Фамика және Шығыс Индонезия университеттері бар. Сонымен қатар институт Ресейдің беделді жоғары оқу орындарымен – Орынбор мемлекеттік университеті мен П.Г. Демидов атындағы Ярославль мемлекеттік университетімен ғылыми және академиялық байланыстар орнатқан. Қазақстанның жетекші оқу орындары – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті де ЕАГИ-дің тұрақты серіктестері қатарында. Бұл ынтымақтастық студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын қамтамасыз етіп, ортақ ғылыми жобалар мен мәдени бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр. Халықаралық серіктестік – ЕАГИ дамуының стратегиялық бағыты ғана емес, сонымен қатар білім мен ғылымдағы сапаның кепілі. Институт өзінің 30 жылдық даму жолында әлемдік білім кеңістігіне еніп, халықаралық деңгейде мойындалған ғылыми-әдістемелік орталыққа айналды. Бұл жетістік – ұстаздар мен ғалымдардың табанды еңбегінің, ашық диалог пен үздіксіз дамуға ұмтылыстың жемісі.
Уақыт шіркін жүйрік қой. Кеше ғана қаз-қаз тұрып, тәй-тәй басқан институт 30-ға толыпты. Алған асулары аз емес. Болашағы жарық. Рухани атасы Амангелді Құсайынов арамызда жоқ болса да, перзентіндей ұжымын иесіз қалдырып кеткен жоқ. «Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді». Бұл да айдай анық ақиқат.
Ханкелді Әбжанов,
академик, тарих ғылымдарының
докторы, профессор