Білім • Бүгін, 08:17

Талапты оқушының жетістігі

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылордада өткен «Inno Fest Qyzylorda − 2025» инновациялық IT жобалар сайысы тағы бір ауыл баласының талабын танытты. Сырдария ауданы Шаған ауылындағы №37 мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы Нұрислам Айбекұлы 1600 жас қатысқан жарыста «Software Dev» бағытында топ жарып, 1 миллион теңге сыйақыға ие болды.

Талапты оқушының жетістігі

Инноваторлар сайысында жобасын сәтті қорғаған Нұрислам 12 жас­та. Информатика, ағылшын және физика пәндерін ерекше ұнататын ол әр тақырыптан өзіне керекті мәлімет алатынын айтады. 

Нұрислам әзірлеген «Extrnos» жобасының идеясы ағылшын бағдар­ламашысы Терри Дэвис жасаған операциялық жүйеден басталыпты. Ұялы телефондарға арналған қауіпсіз операция жүйесін жасап шығуға Нұрислам 7 ай жұмсаған. «Android» пен iOS-қа қарағанда мықты әрі қауіп­сіз бұл жүйе телефонды хакерлік шабуыл­дардан қорғап, байланыс құралының жұмысын жылдамдатуға мүмкіндік береді.

 Оқушысының талабын ұштаған мұғалімі оның ынтасын арттырып, пән олимпиадалары мен түрлі байқау­ларға қатысуына ықпал етіпті. Кейін­нен Қызылорда стартаптар мен ІТ өңірлік хабының жетекшісі Жанарыс Түбекбаевтан сабақ алып, жаңа технологияның қыр-сырына қанықты.

«Жүйені орнату үшін телефонда «Android», «Raspberry Pi», «ARM64» архитектурасы болуы керек. Телефонға оны компьютер арқылы орнатамыз. Жоба аяқсыз қалмайды, әлі жұмыс атқарамыз. Толық аяқтауға әлі де уақыт қажет», дейді жас өнертапқыш.

 

Қызылорда