Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Кеңес дәуірінен кейін кеңшарлар мен ұжымшарлар таратылып төрт түлік малдың көбі халықтың қолына өткені белгілі. Алайда кейінгі жылдары құрылымдық өзгерістер болды. Ұлттық статистика бюросының дерегіне қарасақ, бүгінде малдың шамамен 45 пайызы фермерлер мен шаруа қожалықтарына, 10 пайызы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына тиесілі. Қалған бөлігі жеке үй шаруашылықтарының еншісінде. Елде 9 млн-ға жуық ірі қара, 4,6 млн жылқы, 23 млн-нан астам қой-ешкі, 300 мыңға жуық түйе бар.
Малдың тең жартысын ұстап отырған фермерлер – халықты таза ет, сүт, қымызбен қамтамасыз етіп отырған басты күш. Олар соғым маусымында да, жәрмеңке кезінде де негізгі жеткізушілердің қатарында. Бірақ мемлекет тарапынан берілетін қолдаудың теңгерімсіздігі олардың еңбегіне кедергі болып тұр. Субсидия мен жеңілдіктердің 70–80 пайызы бар болғаны елдегі малдың 10 пайызын ұстайтын ірі кәсіпорындарға тиесілі.
Соған қарамастан, фермерлер өз еңбегімен ұлттық тағам мен дәстүрді сақтап отыр. Әсіресе жылқы шаруашылығы кейінгі жиырма жылда айтарлықтай өрістеді. Егер 2005 жылы елде 1,3 млн жылқы болса, бүгінде 4,6 млн-ға жеткен. Соның 75 пайызы фермерлердің үлесінде. Бұл – олардың халық сұранысына бейімделіп, экономикалық әрі мәдени тұрғыдан өміршең бағыт ұстанып отырғанының айғағы.
Нақтылай түссек, басқа түлік түріне қарағанда жылқыны бағу жеңіл. Ол қыстан тебінмен шыға алады. Бұл фермерге жем-шөп тұрғысында үнем. Бұған қоса, халқымыз тегіс жылқы етін тұтынады. Қымыз тұтыну көрсеткіші де жылдан-жылға өсіп келеді. Сондай-ақ жылқы мінсең көлік қой. Міне, Үкіметтің субсидиялық қолдауынан көп жағдайда тысқары қалып отырған фермерлер өз әрекеттерін халық сұранысымен сәйкес ұстап, ұлттық құндылықтарымыз бен тағамымызға адалдық танытып, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде халықтың ең сенімді серігіне айналып отыр. Мен мұны «мал өсірудің фермерлік стратегиясы» деп атағанды жөн көрдім.
Алайда фермерлердің орта жасы бүгінде 50 мен 70 аралығында. Көпшілігі ата кәсіпті жалғастырып жүрген аға буын. Ал олардың балалары мен немерелері малға келуге ниетті емес. Мысалы, Шығыс Қазақстанның Катонқарағай ауданындағы Өрнек ауылында мал ұстайтын негізгі азаматтардың жасы 60-тан асқан. Балалары қалада, фермерлік бейнетті өмірден бойын аулақ ұстайды. Бұл үрдіс жалғаса берсе, он бес жылда ауылдар малдан, ел ата кәсіптен айырылуы мүмкін.
«Қазір менің 40–50 жылқым, бірнеше сиырым бар. Бірақ ұлдарым ауылға оралғысы жоқ. Өйткені мемлекеттен қолдау аз, малмен күн көру ауыр. Қымыз өндіргеніміз үшін берілетін аздаған субсидия да тоқтады», дейді жергілікті фермер Бақытжан Метченов.
Бұл – Өрнекке ғана тән емес, бүкіл елге ортақ жағдай. Егер бүгінгі буын кетсе, ертеңгі күні олардың орнын басатын адам қалмайды. Бұл – ауылдардың босауына, мал санының азаюына, ақырында азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қауіп. Ал субсидия мен мемлекеттік қолдаудың 70–80 пайызы небәрі 10 пайыз мал ұстайтын ірі кәсіпорындарға тиеді.
Жастардың мал шаруашылығына келмеуінің басты себебі – қолдау жүйесінің күрделі әрі тиімсіздігі. Субсидия алу үшін құжаттық кедергілер көп, ақпарат жетіспейді, ал шалғай аудандарда инфрақұрылым мен интернет тапшылығы сезіледі. Мәселенің бір ұшы мемлекеттік саясаттағы теңсіздікте жатыр. Субсидия алу тәртібі күрделі, көп құжатқа қол жеткізу қиын. Жоғарыда айтқандай, көптеген ауылда интернет пен кеңес беру орталықтары жоқ. Шекаралық өңірлердегі фермерлер бұл тұрғыда тіпті шет қалып отыр.
Негізінде фермерлерді қолдаудың мемлекет үшін стратегиялық маңызы зор. Әсіресе шекаралық өңірлерде. Еліміздің кең байтақ даласы, әсіресе оның шекаралық өңірлері фермерлер мен олардың малынан босап қалатын болса, бұл еліміз үшін үлкен қатер. Шын мәніне келгенде, әрбір фермер – патриот. Қазақ фермерлерінің ерліктері Америка ковбойларынан артық болмаса, кем түспейтіні анық. Сондықтан фермерлерді мемлекеттік тұрғыдан қолдау маңызды.
Фермер Елмұрат Әмірешевтің айтуынша, «жер мен малдан айырылған ауыл – шекарадан айырылған ел». Бұл сөздің астарында үлкен шындық бар. Шекара бойындағы ауылдар босаса, бұл ұлттық қауіпсіздікке де тікелей әсер етеді. Расында да, фермер – ауыл мен мемлекеттің шынайы тірегі, жердің қорғаушысы.
Сарапшылар мен ауыл белсенділері Үкіметке нақты ұсыныстар ұсынып отыр. Біріншіден, шекаралық шалғай өңірлерде мал шаруашылығын жалғастырғысы келетін жастарға арнайы грант пен 5 жылдық қолдау бағдарламасын енгізу ләзім. Екіншіден, субсидия алу процесін жеңілдетіп, электронды жүйелерді ауылға қолжетімді ету аса маңызды. Үшіншіден, шағын фермерлерге арналған жеке субсидиялық пакет әзірленіп, мал азығын дайындау мен өнім өткізуді қамтуға тиіс. Төртіншіден, аға буын фермерлерге мотивациялық төлем белгілеу арқылы олардың тәжірибесін жастарға үйрету ісін ынталандыру керек. Бесіншіден, ауыл фермерлерінің үнін еститін ұлттық кеңес құрып, олардың пікірін мемлекеттік шешімдерге енгізу тетігі қажет.
Мал шаруашылығы – тек экономикалық сала емес, ұлттық болмыс пен дәстүрдің діңгегі, ел қауіпсіздігінің тірегі. Егер фермерлерге тең мүмкіндік берілмесе, қазақ халқы ата кәсіптен, ал ауыл – өз жанынан айырылуы мүмкін.
Сұңғатолла ӘЛІПБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
газетінің ардагері