Оның сөзінше, антибиотиктер – ХХ ғасыр медицинасындағы ең ұлы жетістіктердің бірі. Олардың арқасында адамзат бұрын жаппай өлімге әкелген көптеген жұқпалы ауруларды жеңе алды. Алайда антибиотиктерді ұзақ жылдар бойы кеңінен және бақылаусыз пайдалану жаңа қауіптің туындауына себеп болған.
– Антибиотиктерге төзімділік – бактериялардың бұрын оларды тиімді жойған антибиотиктердің әсеріне қарамастан өмір сүріп, көбейе алу қабілеті, яғни бейімделуі. Бұл құбылыс табиғи эволюциялық процесс нәтижесінде пайда болады. Бірақ оның таралуы антибиотиктерді шамадан тыс қолдануынан жылдамырақ жүреді, – деді ол.
Маман Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамына сәйкес, 2050 жылға қарай антибиотиктерге төзімді инфекциялар жыл сайын миллиондаған адамның өліміне әкелуі мүмкін екенін атап өтті.
Оның айтуынша, антибиотиктерге төзімділіктің таралу себептері:
- антибиотиктерді дұрыс қолданбау - дәрігердің тағайындауынсыз қабылдау,
- бұрынғы дәрілердің қалдығын пайдалану, емдеу курсын аяқтамау;
- антибиотиктерді вирус тудыратын ауруларға қолдану, мұндай жағдайда олар тиімді емес;
- мал шаруашылығында антибиотиктерді жануарлардың өсуін тездету мақсатында пайдалану.
Әсел Қалықова бұл айтылған жағдайлардың алдын алып, антибиотиктерді орынсыз қабылдамау қажет екенін ескертті.