Аймақтар • Кеше

Қарағандыда 63 мыңнан астам ЖРВИ жағдайы тіркелді: Дәрігерлер балалар арасындағы өсімге алаңдаулы

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды облысында маусымдық вирустық инфекциялар күрт көбейіп, әсіресе, дәрігерлер балалар арасындағы аурушаңдықтың артуына назар аудартып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қарағандыда 63 мыңнан астам ЖРВИ жағдайы тіркелді: Дәрігерлер балалар арасындағы өсімге алаңдаулы

Фото: istockphoto.com

Балалар неге көп ауырып жатыр?

Облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті 1 қазаннан бері 63 мыңнан астам жедел респираторлық вирустық инфекция жағдайын тіркеген. Науқастардың 56 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар. Лабораториялық талдаулар да балалар арасында вирустардың белсенді айналымда екенін растайды.

Өңірде тұмаудың А (H3N2) штаммы анықталған 35 науқастың 80 пайыздан астамы – екпе алмаған балалар. Дәрігерлер бұл штамм жаңа вирус емес екенін, белгілері классикалық тұмаумен сәйкес келетінін айтады.

Қандай вирустар көп таралып жатыр?

Тұмаудан бөлек, респираторлық инфекциялардың өзге түрлері де биыл жоғары деңгейде тіркеліп отыр. Зерттелген үлгілердің 59 пайызы оң нәтиже берген. Оның ішінде:

  • риновирус – 40%,
  • парагрипп – 19%,
  • боковирус – 11%,
  • аденовирус – 8%,
  • РС-вирус – 1,2%.

ДДСҰ болжамы бойынша биыл A (H1N1), A (H3N2) және B штаммдары негізгі айналымда болуы тиіс. Бұл штаммдардың барлығы қазіргі вакциналар құрамында бар, сондықтан дәрігерлер екпе алудың маңызды екенін айтып отыр.

Мектептер қашықтықтан оқыту форматына көшіріле ме?

Білім беру ұйымдарында күнделікті мониторинг жүргізіліп отыр. Бір сыныптағы аурушаңдық 10%-дан аспайтындықтан, мектептерді жаппай қашықтан оқыту форматына көшіру мәселесі қарастырылмаған. Мектептер мен балалар мекемелерінде сүзгілер күшейтіліп, белгілері бар адамдар дәрігерге жіберіліп жатыр.

Бүгінде облыста 143 мыңнан астам тұрғын тұмауға қарсы вакцина алған. Вакцинациялау науқаны жалғасып жатыр.

Алдын алу шаралары қандай?

Санитариялық қызмет мамандары тұрғындарға адам көп жиналатын орындарды шектеуге, үй-жайды желдетуге, қол гигиенасын қатаң сақтауға және ауру белгілері байқалғанда өзін-өзі емдемей, дәрігерге көрінуге кеңес береді.

Айта кетейік,  Денсаулық сақтау министрлігі елде тұмаудың жаңа түрі анықталмағанын, сондай-ақ эпидемиологиялық жағдай бақылауда екенін мәлімдеген болатын.