Тағзым • Бүгін, 07:48

Ақындық миссиясын атқарып кетті!

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Біз Күләш Ахметованы түсімізде ғана көрдік. Оянып кетсек, қасымызда жоқ екен, аспанға ұшып кетіпті... Темірхан Медет­бек, Жәркен Бөдеш, Есенғали Раушанов та жоқ, оянып кетсек...

Ақындық миссиясын атқарып кетті!

Сурет: kaz.zakon.kz

Олардың кітаптары екі-ақ мың тиражбен шығады. Соны екі мың қазақтың өзі де оқымайды, кітапханаларда шаң басып жатыр. «Адамды адам еткен кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген Әбіш әулиенің сөзі қалды, өзі – жоқ!

Атамзаманнан – осы пародокс! Қазақ халқы қазақ поэзиясынан, кем дегенде 40-50 жыл кейін қалып қойды. Біздің әдебиет оқырманы жоқ әдебиет; Хакім Абай әзер қалыпқа түсірген оқырман қазақ тыңдарман қазаққа айналып кеткелі қашан? Бәріміздің маңдайымызға жазылған тағдыр-таланымыз осындай боп тұр. Біз қазір ХХІ ғасыр емес, ХІХ ғасырда ғұмыр кешіп жүрміз! Оларды көзімен тінтіп, көңілімен тұшынып оқымаған қазақ күндердің күні ұлағатты ұлттан топас тобырға айналып кетуі мүмкін, ақыннан айырылып қалдық деп, қабырғасы қақырап жатқан елдің құлағына алтын сырға; ұлттық трагедия осы ғой.

Хош, жұлдыздардың ішіндегі жарығы, арулардың ішіндегі аяулысы Күләш апай! Сізге енді түктің де керегі жоқ, Сіз ақындық миссияңызды абыроймен атқарып, мәңігілікке бет алдыңыз, Алла алдыңыздан жарылқасын! Арман жоқ Сізде! Арман – бізде... Ғафу етіңіз бізді!

 

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты 

Соңғы жаңалықтар