Аймақтар • Бүгін, 07:45

Абай елінің айнасы

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Абай облыстық «Semei» телеарнасының ақпарат айдынына шыққанына 60 жылға толды. Осынау жылдарда халық пен биліктің ортасында алтын көпір бола отырып, елдің ұлттық рухын, таным көкжигенін байытуға барынша ықпал етіп келеді.

Абай елінің айнасы

Бүгінде «Semei» телеарнасы тәулігіне 14 сағат хабар тара­тады. Көрерменге 30-ға жуық авторлық бағдарлама ұсынады. Жаңалықтар қызметі күніне бес рет эфирге шығады. Ақпа­раттық кеңістікте арна жұмы­сын жаңа деңгейге көтеру мақ­сатында «Digital Semei» шығармашылық бөлімі ашылып, жаңа медианы дамыту ісі басталды.

Телеарна алғаш рет Қытай Халық Республикасынан тіке­лей ақпарат таратып, халық­аралық деңгейде эфирге шық­ты. Ұлы Абайдың 180 жыл­дық мерейтойы кезінде арна тікелей эфир арқылы және әлеуметтік желілерде жедел ақ­парат таратты. Сонымен қа­тар биыл көптеген деректі фильм мен «Таза Қазақстан» бағдарламасына байланысты тәрбиелік мәні бар бейнероликтер түсірілді. Телеарнаның мерейтойы аясында Семей қаласындағы бір көшеге бел­гі­лі диктор, Қазақстанның ха­лық әртісі Әнуарбек Байжан­баевтың есімі берілді.

Өңірдің айнасына айналған телеарнаның 60 жылдығына арналған салтанатты іс-шара Абай атындағы облыстық кітапханада өтті. Оған облыс әкімі Берік Уәли, «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының директоры, белгілі журналист Болат Мүрсәлім және ардагер журналистермен қатар қаланың зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиында өңір басшысы теле­арна ұжымын мерейлі мерейтоймен құттықтады.

«Алпыс жыл – тек бір ұжым­­­ның ғана емес, тұтас өңір­дің тарихына айналған зор белес. Уақыттың сынынан өткен, ұлттың үнін жеткізген руха­ни арнаның мерекесі. Мемле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Түптеп келгенде, мемлекет те, журналист те ұлт үшін қызмет етеді, ел тағдырын шешуге атсалысады. Өйткені ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес болған. Қазір де солай» деген сөзі Семей телеарнасының жолына, рухына дөп келеді. Сол алғашқы хабарлардан бас­тап бүгінге дейін халықтың үмі­тін, елдің тынысын жеткізді. Ел үшін жаңа дәуірдің бас­тауы болды. Сол кезден бері Семей телеарнасы – уақыт­тың куәсі, елдің айнасы, рух­тың мінбері болып келеді. Бүгінгі мерейтой – өткенге тағзым, болашаққа сенім сыйлайды! Алпысжылдық абыройлы тарих ел мен елді, ұрпақ пен ұлт­ты жалғаған алтын көпір! «Semei» телеарнасы – Семейдің үні, Абай елінің рухы!», деді облыс әкімі.

Жиында телеарнаның ар­да­герлері мен қызметкер­ле­ріне мерейтойлық марапат та­быс­талды. Өңір басшысы салта­натты кеште телеарна ұжы­мына облыс жұртшылығы атынан автокөліктің кілтін табыс етті.

 

Абай облысы