Пікір • Бүгін, 09:07

Лебіздер легі

10 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Аманғос Төлеуов,

«Степное» ЖШС директоры, Қазақстанның Еңбек Ері:

Лебіздер легі

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болуым ауыл шаруашылығы саласын өрістету бағытында тер төгіп жүрген барша азаматқа көрсетілген құрмет деп білемін. Саналы ғұмырымның 55 жылын ауыл шаруа­шылығына арнап, елімнің өркендеуіне өз үлесімді қосып келемін. Біздің «Степное» ЖШС елдегі агроөнеркәсіптік кешенін дамытып, қайта өңдеу, мал шаруашылығын дамытуда жаңа технологияны енгіздік. Наубайханада пісірілген нан өнімдері өңір халқының 35–40%-ын қамтамасыз етеді. Бірнеше мектептің оқушылары біздің компанияның қаржыландыруымен ыстық тамақпен қамтылады.

Халықтың 37 пайызы ауылда тұратындықтан, ауыл шаруашылығы сала­сын дамытудың стартегиялық маңызы зор. Президент форум­да елі­міз­дің жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі рейтингінде алдыңғы лекте тұрға­ны үлкен жетістік екенін атап өтті. Десе де бұған тоқ­ме­йіл­сіп отыра беруге болмайтынын ескерткен Мемлекет басшы­сы агро­өнер­кәсіп­тік кешенді күшейтудің маңызы жоғары екеніне тоқталды. Жер-ана еңбек еткен адамның терін өтеусіз қалдырмайтынын ұмытпасақ игі.

 а

Гүлнар Әбдіраманова,

сауыншы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері:

– Мемлекет басшысы қарапайым ең­бегімізді бағалап, өз қолымен мара­паттағаны үлкен қуаныш. Бұл мерей­лі іс-шара мені ғана емес, бүкіл аудан халқын қуантты десем, артық айтқандық емес. Мен аудандағы «Sharkul food» ЖШС шаруашылығында сауыншымын. Шаруашылықта 500-ге тарта сауын сиыр бар. Күнделікті 10 тоннадан астам сүт сауылады. Біздің шаруашылық заманауи жабдықтармен толық жарақтанған. Жұмыс істеуге қолайлы орта қалыптасқан, қызметкерлерге не қажеттің бәрі қарас­тырылған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қарапайым еңбек адамдарының мерейі үстем болып, жоғары деңгейде марапатталып жатуы зор мәртебе. Мен сияқты қаншама еңбеккердің құлшынысы оянып, ел дегенде жұмыла еңбек етуге ынта-ықыласы ауып отыр.

Осы тұрғыда елімізде шаруашылықтарды дамытып, еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік жасап отырған Президентке, жа­уапты тұлғаларға алғысымыз шексіз.

 

 пп

Алтынбек Абатов,

«Көксу қант зауыты» ЖШС директоры,

Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері:

– Мемлекет басшысының Жарлығымен құр­метке бөленгеніме қуаныштымын. «Қазақ­стан­ның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайрат­кері» деген атақты биыл тұңғыш рет беріліп отыр. Жетісу облысындағы «Көксу қант зауыты­ның» іргесі 1934 жылы қаланған. Ғасырға жуық тари­хы бар өндіріс орнында еңбек ететін 500-ге жуық әріптесім­нің де еңбегі орасан деп білемін. Еліміз тәуелсіздігін алған жылдар ішінде де зауыт өңір­ді қантпен қамтамасыз етіп келеді. Қазір біздің зауытта қант қызыл­шасын диқандардан қабылдау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Әзірге 130 мың тонна өнім қабылдап, оның 80 мың тоннасын өңдедік.  Жоспарға сай биыл 235 мың тоннаға дейін қант қызыл­шасын жинап, өңдеуді көздеп отырмыз. Жетісу облысы шаруа­ларының өнімдерінен өңделіп өндірілген қант елі­міздің әр өңіріне де жөнелтіледі. Бүгінде зауыттың ауқымын кеңейту жұ­мысының алғашқы кезеңі басталды. Заманауи технология­мен жабдықталып, іргесі кеңігенде жыл сайынғы өндіретін қант өнімі­нің көлемі артады. Жаңа жұмыс орындары да ашылады. Ауыл шаруа­шы­лығы саласына қолдау артқан сайын еңбеккерлердің де ісі ілгері басады.

 

 сс

Серік Дүйсенбаев,

еңбек ардагері, «Парасат» орденінің иегері:

– Агрофорумда марапатталғандардың 80 пайызы – ауыл шаруашылығы саласындағы мамандар. Оның да көпшілігі қарапайым механизаторлар мен малшы, егінші қауымы. Даладағы еңбеккерлер жұмысы шын бағалана бастады. Кейінгі екі-үш жылда ди­қан­дардың мол өнім алуына тоқталсақ, салаға заманауи технология енгізіліп, әр там­шы су ақылмен жұмсалып жатыр. Қызылорда диқандары жер­ді лазерлік тегістеумен өңдеп, мол өнімге қол жеткізе бастады. Егіншілер озық технологияны жылдам меңгеріп, ел қамбасын молайтып отыр. Тағы бір қуанарлық жағдай, Президент осы форумда мал шаруашылығындағы субсидия мен жеңіл несие ісіне арнайы тоқталып, тиісті мемлекеттік ведомстволарға тапсырма берді. Бұған қоса саладағы сан алуан шаруаны цифрландырып, жасанды интеллект жетістіктерін батыл енгізуді тапсырды.

Расында, көзін тапса ауыл қаланы таза азық-түлікпен қамтамасыз етуге толық қабілетті. Оған шүбәміз болмауға тиіс. Қазірде ауыл адамдары бойкүйездік пен жал­қау­лыққа жол бермесе, заманының бай-бақуат азаматы болуына мүмкіндік көп.

 

 нн

Нұртаза БЕРДИЕВА,

Атырау облысы «Шоқпартоғай» ауыл шаруашылығы кооперативінің сауыншысы, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иегері:

– Атырау облысындағы Шоқпартоғай ауылын­да 2000 жылдан бері түйе сауамыз. Бес баламыз бар. Қазір бала-шағамыз есейіп, кәсіпке қолғабыс етеді. Екі келініміз де таң атар-атпастан бізбен түйе саууға шығады. Күйеуім екеуміз отау құрып, еңбекке енді араласа бастағанда жұмыс қазіргіден де қауырт еді. Бір өзім 50 түйе сауып жүрген кездер болды. Бір адамға бұл ауыр, машақаты көп жұмыс болған соң, таңғы 3.00-де тұрып іске кірісетінбіз. Отағасы да әр кез қолдау көрсетіп, қолғабыс етуден танған емес. Қазір де бір өзім 30-35 түйені сауып жүрмін. Еңбек адамды есейтеді, ширатады. Нарықта жақсы ашытылған, сапалы шұбатқа бұрыннан сұраныс бар, бола да береді деп ойлаймын. Әсіресе коронавирус пандемиясында таза өнімге сұраныс артты. Қазір өнімімізді іргедегі Құлсары қаласында өтетін жәрмеңкеге шығарамыз. Үйден де алып кетіп жатады. Тіпті өзім көлікке отырып алып, орталыққа да жеткіземін, базарға да апарамыз. Ауылдағы ұзақ жыл еңбегімізді елеп жатқан Мемлекет басшысына алғысымыз зор.

 

 пп

Тұрсынбай  Садуақасов,

Қостанай облысы «Үйкескен» ЖШС директоры,

ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иегері:

– Қостанай облысындағы Үйкескен ауылының бауырында туып, киелі мекенде өстік. Шұрайлы жердің ырзық-несібесін көріп жатырмыз. Бидай егеміз. Өкінішке қарай, осыдан бес жыл бұрын ел-жұрт тегіс басқа өңірлерге қоныс аударған соң, ауылымыз қысқарып кетті. Қазір 40 жұмысшымыз Ұзынкөл ауданынан қатынайды. Қолдан келгенше ауданды дамытуға септесетін бастамаларды қолдап, ағайынға көмек қолын созудан қашпаймыз. 2003 жылы серіктестік құрылғалы салада табан аудармай еңбек етіп келеміз. 22 жыл дегеніңіз зулап өте шығыпты. Одан аудан түрленді, заман өзгерді. Дегенмен, аудандағы еңбекқор қауымның ниет-тілегі сол қалпы өзгеріссіз қалды. 2014 жылдан бері «Елсан агро» серіктесігін басқарамын. Сол аралықтан беріге дейін ауылшаруашылық бағытындағы жеріміз 9 мың гектарға ұлғайды. Өзіміздің күнделікті атқарып жатқан еңбегімізді Мемлекет басшысы бағалап жатқанына қуаныштымыз. Бұл расында менің ғана емес, шаруашылықта еңбек ететін барлық жұмысшының еңбегі, маңдай тері деп білемін. 

Соңғы жаңалықтар