Театр • Бүгін, 09:45

Өзбекстанда «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының премьерасы өтті

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ташкентте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға мемлекеттік сапары аясында Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры ұсынған «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының премьерасы өтті. Қойылым Орталық Азия аймағының мәдени өміріндегі ең жарқын оқиғалардың бірі болды.

Өзбекстанда «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының премьерасы өтті

Қойылым Әлішер Науаи атын­дағы Мемлекеттік академиялық Үлкен театр сахнасында алғаш рет көрсетілді. Премьераны Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева тамашалады. Сондай-ақ құрметті қонақтар ретінде Орталық Азия елдері мәдениет министрліктерінің басшылары мен Әзербайжанның Мәдениет министрі шақырылды.

Хамит Шаңғалиевтің музыкасы режиссер Давиде Ливерморенің көркемдік шешімімен үйлесе отырып, көрерменді Алтын Орда дәуіріне жетелейтін әсерлі атмосфера жасай алды. Көрермен Алтын Орда тарихындағы оқиғалар аясында өрби­тін трагедияларды көзбен көріп, сол кезеңнің рухын терең сезіне алады. Алтын Орда – түркі халықтары тарихында ерекше орны бар рухани мұраның қайнар көзі.

Операны сахна­лау жұмысы халық­аралық ғылыми ынтымақ­тас­тықтың үлгісіне айналды. Жобаға Қазақстан, Ресей,Түркия ғалымдары атсалысты. Алтын Орданы зерттеу орталығының жетекшісі Ильнур Миргалиев, Ыстанбұлдағы Мармара университетінің профессоры Ильяс Кемалоғлу және тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлан Атығаев, Маралтай Ыбыраев жазған опера либреттосы драматург Алмас Нүсіптің пьесасы негізінде әзірленген.

Ал режиссері Давиде Ливерморе – әлемдік опера өнеріндегі майталман аты аңызға айналған әншілермен және әлемнің жетекші театрларымен жұмыс істеген тұлға. Оның қойылымдары Ла Скала, Рим операсы, Туриндегі Театро Реджио және Генуядағы Карло Феличе театрларында сахналанған. Мэтрдің жобаға қатысуы операны халықаралық деңгейге көтерді.

Музыкалық жетекші әрі қоюшы ди­рижері – Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, Абай атындағы театр­дың бас дирижері Нұржан Байбосынов.

Ташкенттегі премьера қазақ және өзбек мәдениеті мен тарихының терең үндестігін паш еткен шығармашылық диалогке айналды. Бұл синтез екі халық­тың мызғымас ортақ тарихи жадын, ру­хани жақындығын айшықтаған өзіндік «өнер көпірін» қалыптастырды. Бұған дейін опера Алматы, Ыстан­бұл, Қазан қалаларында сахналанып, көрер­меннің ыстық ықыласына ие болған еді.  

Соңғы жаңалықтар