Сурет: e-history.kz
Басқосу аясында «Көне Бозоқ қалашығының археологиялық қазбалары негізінде ашық аспан астындағы Ұлттық парк құру» жобасының толықтырылған тұжырымдамасы талқыланды.
Негізгі тақырып Еуразия кеңістігіндегі дала өркениеттерінің қалыптасуы мен дамуына әсер еткен Ұлы дала мәдениеті хақында өрбіді. Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз Қазақстанды әлем өркениетінің дербес бөлігі ретінде танытуымыз керек. Қазақ халқының әмбебап әрі бірегей өмірлік тәжірибесін толық ашып көрсету маңызды. Бұл қазіргі Қазақстанның миссиясын терең түсінуге септігін тигізеді. Көшпелілер өркениетінің бесігі болу дегеніміз – өз еліңнің өткенін есте сақтау ғана емес. Сонымен бірге, бұл – түрлі халықтар мен мәдениеттерді, дәуірлер мен кеңістіктерді ортақ игілік үшін жұмылдыру деген сөз. Тарихымыздың әр белесі бізге бөлінуді емес, бірігуді, қиратуды емес, жасампаз болуды үйретіп келеді. Сондықтан Қазақстан Ұлы дала жүрегі ретінде бүгін де өзінің тарихи миссиясын жалғастыра беруі керек» деген пайымы конференцияның басты ұстанымы болды.
Конференция жұмысына Ресей, Өзбекстан, Мысыр, Ирландия және Тунистен жетекші ғалымдар қатысты. Мысырдан келген қонақ – тарих ғылымдарының докторы, Асуана университетінің профессоры Абдулазим Гхалваш Мохаммед Риад мәмлүктер дәуірінде Мысырды билеген қыпшақтардың саяси және әскери тарихындағы рөліне тоқталса, ресейлік зерттеуші Исмет Заатов дешті қыпшақ даласында бой көтерген Алтын Орда және Ноғай хандығының мәдени және саяси мұрасы туралы маңызды мәліметтер айтты.
Сондай-ақ Өзбекстаннан келген тарих ғылымдарының докторы, профессор Шодман Вохидов Хорезм хандығының қалыптасуына Жошы ұрпақтарының рөлі мен генеалогиялық сабақтастығы хақында баяндаса, ирландиялық тарихшы Булат Рахимзянов Жошы ұлысы тарихының халықаралық ғылыми зерттелуіндегі заманауи бағыттарды ұсынды.
Тунис академиясының корреспондент-мүшесі, профессор Мирлан Наматов түркі-мәмлүк ақсүйектерінің Шығыс Жерорта теңізі тарихындағы орнын ашып көрсетсе, Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Александр Майоров көпшілікке Жошы ұлысының әкімшілік құрылымы мен әскери ұйымдасу жүйесін талдап-түсіндірді. Бұлармен жалғас тарих ғылымдарының докторы Айболат Көшкімбаев Мұхаммед Шайбани ханның тұлғасын Шыңғыс әулетінің сабақтастығы мен жаңа мемлекеттіліктің қалыптасуы тұрғысынан қарастыра сөйледі.
* * *
Конференцияның панельдік сессиясында «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Сәуле Бөкейханқызы Бозоқ ұлттық паркінің қазіргі мәдени саясатты жүзеге асырудағы стратегиялық рөлін атап өтті. К.Ақышев атындағы археология институтының директоры Марал Хабдулина қалашықтың Алтын Орда дәуіріндегі рухани және әкімшілік маңызын баяндады.
Түркияның Бозок университетінің профессоры Мехмет Кутлу болса, Сарыарқа өңірі және Анадолы жеріндегі тарихи-мәдени параллельдердің үйлесімі туралы баяндады. Новосібір мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, сонымен қатар Еуразияның көшпелі халықтарының әскери тарихы мен қару-жарақ реконструкциясы саласындағы танымал маман Леонид Бобров XI–XV ғасырлардағы Дешті Қыпшақ көшпелілерінің әскери мәдениетіне қатысты жан-жақты талдау жасады. Ресейлік ғалымның пайымын толықтырған тарих ғылымдарының кандидаты, этнограф, суретші Қалиолла Ахметжан өзі жасаған көшпелілердің шабуыл және қорғаныс техникасының реконструкцияларын ұсынды.
Конференция соңында Бозоқ қалашығы қатардағы археологиялық нысан емес, Ұлы дала мәдениетінің сабақтастығын айқындайтын рәмізі ретінде аталды. Қалашықтың тарихи-мәдени жобасының жаңартылған тұжырымдамасы Еуразия далалық өркениеттерінің мұрасын сақтау мен насихаттаудың стратегиялық бағыты ретінде бекітілді.