Аймақтар • Кеше

Импорт өнім ығыстырып барады

30 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде ет қымбаттағалы сырттан келетін кейбір ет өнімдерінің бағасы жергілікті өніммен деңгейлес болып қалған. Павлодарлық ет өңдеушілер қазір импорт тауармен жергілікті нарықта өте қатты бәсеке жүріп жатқанын айтады.

Импорт өнім ығыстырып барады

Сурет: agroinfo.kz

Сиыр еті қымбаттағалы елде  оның тапшылығы байқалып отыр. Ет өнеркәсібін дамыту әлеуеті зор мемлекет бола тұра, елде ет мәселесі өзекті болып қалғаны бір жағынан таңғаларлық құбылыс дейді кәсіпкерлер.

– Біздің компания еттен жартылай фаб­рикаттар дайындайды. Өткен жылдың желтоқсанынан биылғы қыркүйекке дейін сиыр етінің құны шамамен 73 пайызға өсті. Алайда біз сауда желілерімен жасайтын келісімшарттар бойынша бағаны тоқсанына бір рет 10 %-ға ғана көтере аламыз. Демек, біз жарты жылда немесе 9 айда тек 20 % ғана көтере алдық. Қалған шығынның бәрі өз мойнымызда. Мұндай қиын жағдай барлық ет өңдеуші кәсіпорындарда кездесіп отыр, – дейді кәсіпкер Михаил Желнов.

Кәсіпкерлер кейбір жергілікті компаниялар бәсекеге төтеп бере алмай, сау­да желілерінен кетуге мәжбүр болып жатқанын айтады. Себебі импортпен өте қатты бәсеке жүріп жатыр. Дүкен сөрелерін шетелдік өнімдер басып алған. Әсіресе ресейлік компаниялар көп келіп жатыр. Мысалы, көрші елдің «Мираторг» компаниясы 40 пайызға дейін маркетингтік қолдау ұсынады. Ал павлодарлық компаниялар өз өнімін дүкен сөрелеріне қою үшін тауар құнының шамамен 10 па­йызын түрлі бонус, жарнама және сөре ақысы түрінде төлеуге мәжбүр болып отыр. Шетелдік компаниялардың өндіріс көлемдері жоғары болғандықтан, олар отандық сауда желілеріне оңай кіріп, жергілікті ет өңдеушілерді нарықтан ығыстырып шығарып жатыр. Ресми деректерге сүйенсек, жыл басынан облысқа 246 тонна мұздатылған ет және тірідей салмақта 300 тонна болатын ірі қара мал шетелден кірген. Негізгі жеткізушілер – Беларусь пен Ресей мемлекеттері.

Статистикалық деректерге сүйенсек, Ертіс-Баян өңірінің халқы бір жылда 15,1 мың тонна ет тұтынады екен. Ал облыс фермерлері жылына 25,9 мың тонна ет тапсырады. Яғни жергілікті нарықты ет және ет өнімдерімен толықтай қамту былай тұрсын, сыртқа да өнім шығаруға қабілеттіміз. Алайда дүкен сөрелеріне көз тіксек, жағдайдың мүлде басқаша екенін байқаймыз. Себебі дүкендерде килограмы 3 500 теңгеден арзан ет жоқ. Жыл басынан өңірден сыртқа 31 936 қара мал сыртқа сатылып кеткен. Ал ет өңдеуші кәсіпорындар небәрі 90% жүктемемен жұмыс істеп тұр. Кәсіпкерлер малды сыртқа тірідей сату жалғаса берсе, жергілікті нарықта өзіміздің ет қалмайтынын айтады. Ал мемлекет қаржысына жүзеге асып жатқан ет өңдеу жобалары тиімсіз болып қалуы мүмкін. Мәселен, Ертіс ауданында салынғалы отырған ет өңдеу кешенінің құрылыс жобасы – 1 млрд теңге. Ертең кәсіпорын салынғанымен ет жетіспеушілігінен толық жүктемеге шығуы екіталай. Сондықтан билік өкілдері бұл мәселеге де назар ауда­руы керек.

Өңірлік ауыл шаруашылығы бас­қармасы басшысының орынбасары Төлеген Көшербаевтың айтуынша, биыл облыстағы сиыр еті өндірісінің көлемі 2024 жылғы деңгейде сақталады. Бірақ мәселе ірі бордақылау алаңдарының жоқтығында болып отыр.

– 1000–2000 және одан да көп сиыр ұстайтын шаруашылықтар етті көбіне еліміздің оңтүстік өңірлеріне тірідей өткізеді. Біз оларға тыйым сала алмаймыз. Ол жақтың кәсіпкерлері өздері келіп сатып алады. Сондықтан негізгі мәселе – ет өндіру көлемінің жетіспеушілігі. Қазір бордақылау алаңдарын ашуға арналған несиелеу бағдарламасы жұмыс істей бас­тады. Бірақ ол тек 500 және одан көп малы бар шаруашылықтарға арналған. Бізде ондайлар әзірге аз. Ұсынылған бір-екі жоба ғана бар, олар әзірше дайындық кезеңінде, – дейді ол.

Облыс нарығына түсетін еттің негізгі бөлігі жеке шаруашылықтардан келеді екен. Осы орайда кәсіпкерлер еліміздегі нормативтік-құқықтық базаны зерттеп-зерделеуді ұсынады. Оны жетілдірсе, павлодарлық кәсіпкерлерге ет өнімдері нарығында өзге өндірушілермен тең дәрежеде бәсекелесуге мүмкіндік беріп, тамақ өнеркәсібіндегі өңдеуші кәсіпорындарды ынталандыру шаралары да арта түсер еді.

 

Павлодар облысы