Өнер • Кеше

«Дала дауысы» – дарындарға дара мүмкіндік

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Астана Опера» театрының К.Байсейітова атындағы Камералық залы сахнасында жас дарындарды әлемдік сахнада ілгерілетуге бағытталған «Dala Voices» жарқын концерті көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Кеште «Құрмет» орденінің иегері Руслан Баймурзиннің басқаруындағы камералық оркестрдің сүйемелдеуімен әлемдік һәм отандық классика жауһарлары шырқалды.

«Дала дауысы» – дарындарға дара мүмкіндік

Айтулы жобаға жетекшілік ете­тін агенттіктің атқарушы ди­ректоры Айсұлу Тәни атап өткендей, «Dala Voices» жас әртістердің дауысы арқылы еліміздің мәдениетін жан-жақты қырынан әйгілейді. «Бұл атаудың символдық мәні бар: «Дала дауыстары» – еркіндік, қуат және отандық вокал мектебіне тән табиғи дыбыс шығару күші», – деп мәлімдеді ол.

Әртістерді іріктеу онлайн-тыңдалым арқылы өтті. Өтінімдер елімізден бө­лек, Қырғызстан, Өзбекстан, Украина, Бе­ларусь, басқа да шет мемлекеттерден келіп түс­кен. Іріктеуге сонымен қатар шет­ел­дік агент­тіктердегі әншілер де қатысқан.

Ал жобаның көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұпар Ғабдуллинаның айтуынша, «Dala Voices» агенттігін құру оның өршіл ойы болған әрі бұған ол ұзақ жыл дайындалған.

– Әншілерді кәсіби тұрғыда көтерме­леп отыратын агенттік құру – менің бұрыннан бергі арманым еді. Батыста бұл жүйе баяғыдан жұмыс істейді. Агент­тік болмаса, әртіс үлкен сахнаға шыға алмайды деуге болады. Біздің жас орын­дау­шыларымыздың да әлемдік сахналар­да жұмыс істеу мүмкіндігі болғанын қаладым, – деді әнші.

Сондай-ақ Жұпар Ғабдуллина өзі үшін әртістің даусынан бөлек, жеке тұлғасы маңызды екенін де атап көрсетті.

– Біз адамға жан-жақты қараймыз: тембр мен техника маңызды, алайда оның ішкі әлемі де, жұмыс істеуге және да­муға дай­ындығы да зор мәнге ие, – деп атап өтті ол.

Көркемдік жетекші баса тоқталғандай, жас әншілер менеджменттің аздығы, алаңдардың жетіспеушілігі, халықаралық байланыстардың болмауы сынды айтар­лық­тай қиындықтарға тап болады. Сондық­тан еліміздегі алғашқы опера агент­ті­гінің ашылуы оларға үлкен серпін берері сөзсіз.

п

– Біздің орындаушыларымыздың дауыстары жас, оларға үйрену, өсу жеңілірек. Алайда бұл кезеңде оларға кәсіби қолдау да керек. Жас әншілерді қолтығынан демеп, байқаулар мен халықаралық фестивальдарға қатыс­тыру, сондай-ақ әлемдік театрлардағы опералық спектакльдерде басты партияларды орындауды ұйымдастыру маңызды, – деген Жұпар Ғабдуллина алғашқы таныстырылым алаңына айналған «Астана Операға» өз ризашы­лығын білдірді:

 – Бұл – бізге көрсетілген зор сенім. Бас­тамамызға қолдау білдіріп, еліміздің бас теа­трының қабырғасында концерт ұйым­дастыруға жағдай жасағаны үшін директор Александр Совостьяновке алғысымды айтамын. Агенттікте алыс-жақын шетелден құралған көптеген халықаралық байқаулардың лауреаттары, дарынды жас солистердің бар екеніне қарамастан бүгінгі бірінші концерттік бағдарламамыз әзірге тек отандық орын­даушылардың қатысуымен ғана өтіп отыр, – деді әнші.

«Dala Voices»-тің жоспарлары ауқым-ды. Алдағы уақытта ұжым құрамы кеңейеді, келешекте халықаралық менторлардың қатысуымен резидент-бағдарлама құру, сонымен қатар ТМД мен Еуропаға гас­трольмен бару мақсаты тұр. Негізгі ба­сымдық – отандық әншілерді әлемдік деңгейге шығару. Жұпар Ғабдуллинаның айтуынша, көптеген ірі шетелдік агенттер қазақстандық вокалистердің айрықша тембрлік бояуын атап өтеді, бұл дара қасиет оларды еуропалық орындаушылардың арасында ерекшелеп тұрады.

Айтулы концерт жобаның алғашқы қадамы әрі оның ресми түрде дүниеге келуінің бастауы ғана емес, сонымен қатар көркемдік жетекші айтқан мақсаттарға бір табан жақындатқан жарқын кездесу болғаны да анық. Мазмұнды әрі сан алуа­н бағдарлама аясында Батыс еуропалық һәм отандық композиторлардың туындыларынан танымал ариялар шырқалды. Дала дауысы әуелеген керемет кеште сопранолар – Ұлпан Әубәкірова, Ләйлә Аламанова, Фируза Рахметова мен Ділназ Омарханова, тенорлар – Балуан Беркенов (Алматы), Талғат Аллабірінов, сондай-ақ баритондар Дінмұхамед Көшкінбаев, Расул Жармағамбетов, Азат Мәлік пен Сұлтан Бақытжан өнер көрсетті. Меццо-сопрано Эльмира Шпекпаеваның тамаша дауысы да талғампаз көрермен көңілінен орын алды. Алдағы уақытта агенттік аталған концерттік бағдарламаны Алматыда таныстыруды жоспарлап отыр.