Бірі – Төле би баба тыныстаған Бостан топырағынан үміт отын арқалап, Алматыға аттанған арманшыл бозбала, екіншісі – Хан Тәңірінің баурайында туып, Мұқағалидың поэтикалық рухымен сусындаған бойжеткен еді. Осылайша, екі тағдырдың тоғысуы – тек махаббат хикаясы емес, өнердің өрісін кеңейткен жарасымды жұптың қалыптасу тарихы болды. Сол студенттік достық уақыт өте сахнадағы серіктестікке, ал сахнадағы үйлесім өмірлік сүйіспеншілікке ұласты.
Жоғары оқу ордасында табысқан қос талант кейін өнер мен өмірде де қатар жүріп, бір-біріне тірек бола білді. Елу жыл бойы театр сахнасынан түспей, өздерінің кәсіби шеберлігін, сахналық мәдениетін, адал еңбегін аянбай сіңірген жұп бүгінгі 75 жылдық өмір белесіне шығармашылық кемелмен, еңбек даңқымен жетіп отыр. Театр мен кинодағы ерен еңбегі, сахнадағы талай есте қаларлық бейнелері олардың өмір жолын шын мәнінде өнерге адалдықтың өлшеміне айналдырды.
Рас, Бикен Римова атындағы драма театрында қазақ сахна өнеріндегі жұлдызды жұп Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кендебай Темірбайұлы мен Қазақстанның халық әртісі Алмахан Кенжебекованың 75 жылдық мерейтойына арналған «Өнерде – 50, өмірде – 75» атты шығармашылық кеші мазмұнымен ерекшеленеді. Құтты мекеннің ғана емес, күллі қазақ елінің мақтанышына айналған қос тұлғаның мерейтойы Талдықорған төрінде айрықша атап өтілді. Сонау 1975 жылы балауыз арман білтесін тұтатқан Шолпан Жандарбекованың курсын бітірген қарлығаш қиял жастардың алғы легінде келіп Талдықорған драма театрының шымылдығын түрген Кендебай мен Алмахан жартығасырлық еңбек жолының ізі сайраған, өзі де 50 жылдық тарих түзген театрдың текті сахнасында еліне шығармашылық кеш ұсынуы заңдылық. Ал бұл тойдың көш-керуенінің басында облыс әкімі Бейбіт Исабаев, театр және кино өнеріне өлшеусіз үлес қосқан Тұңғышбай Жаманқұлов, Нұрқанат Жақыпбай, Дариға Тұранқұлова бастаған өнердегі әріптестері, зиялы қауым өкілдерінің бой көрсетуі, өнерсүйер жұртшылықтың қатысуы да қағидалы дүниедей. Ал Өзбекстан мен Қырғыз елінен келген өнер иелері рухани кештің арнасын кеңітті. Жетісу жерінің мақтанышына айналған қос тұлғаның тойына келген қадірменді қонақтар алдымен театр фойесіне қойылған сахна саңлақтарының шығармашылығына арналған көрмені тамашалады. Онда сахналық киімдері, спектакльдердегі рөлдерінен фотосуреттер, жалпы өнерлеріне қатысты басқа да бұйымдар көпшілік назарына ұсынылды. Рухани іс-шара басында бейнефильм жұртшылық назарына ұсынылса, алғашқы болып құттықтау сөз сөйлеген Бейбіт Исабаев қазақ өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан қос саңлақтың өмір жолы мен шығармашылық жолдағы еңбегін ерекше атап өтті.

«Өнерде де, өмірде де тағдыр жолы тоғысқан сахна саңлақтары көп емес. Сол аз шоғырдың ішінде сіздердің есімдеріңізді біз әрдайым құрметпен атаймыз. Сіздердің өмір жолдарыңызды Бикен Римова атындағы театрдан бөліп қарау мүмкін емес. Ең алғаш осы театрдың іргетасын қаласып, сахна шымылдығын ашқан, табан аудармай жарты ғасыр бойы өнерге қызмет етіп келе жатқан сіздерге жетісулықтардың атынан ерекше ризашылығымды білдіремін», деген облыс басшысы қос тұлғаға ерекше құрмет көрсетті.
Бұдан соң Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау хаттарын депутаттар Жанарбек Әшімжан мен Болат Керімбек оқып берді.
«Қасиетті Қарасаз бен Қайнардың қара қызы, Алаштың дара қызына айналды. «Арғы беттен қарғып өтіп» Төле би бабамыз жатқан топырақтан осы жаққа келіп, Алмахан әпкемізді тауып, жұп жазбай қазақтың өнерін, ұлттық мұратын аспандатып жүрген Кендебай ағамыз екеуі Бақтыбай мен Қабылиса бабаларымыздың, Ілияс пен Ақын Сара дараларымыздың бесігін тербеген өңірден алғаш театр ашып, сол өнер шаңырағымен бірге өсіп-өнді. Өнерлерімен өз өмірлерін өре жүріп театрдың дәуірлегенде, құлдыраған тұсында да еселі еңбек етті. Сол арқылы бірі әз ана, бірі абыз ақсақал биігіне көтерілді. Қазақ өнерінің, әсіресе өңірлердегі театр тарихының ақ бастау, асыл тұғырында екеуіңіздің еңбек пен есімдеріңіз айрықша», деп лебізін білдірген Жанарбек Әшімжан ағыла сөйледі.
Сондай-ақ депутаттардың ақ сәлемін арқалап келген олар мерейтой иелерінің иығына шапанын жауып, құрмет көрсетті. Өз кезегінде ақын Төлеужан Ғұмар Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің де құттықтауын жеткізді. Құттықтау легінен кейін қос тұлғаның шығармашылығына арқау болған ғажайып кеш көрермен назарына ұсынылды. Абай атындағы опера және балет театрының өнерпаздары, «Иль Канто» квартеті, «Қоңыр» тобы әннен шашу шашты. Театр жастары Алмахан Нұрпейісқызының өлеңдерін оқыды. Өнер иесінің актерлік, композиторлық қырын жақсы білетін жұртшылық үшін ол кісінің ақындық әлемі жаңа ашылған аралдай әсер етті. «Дәнеш аға», «Фариза», «Қызыма», «Жапырақ жүрек жас қайың» секілді бірқатар әндері орындалды. Қос актер түскен «Көшпенділер», «Бір уыс бидай» сынды бірқатар фильмнен, олар қатысқан телехабарлардан үзінділер берілді. Рас, өнерлі адам қай қырынан келсе де талант тұғырынан төмендемек емес.
«Мен етікші болсам да данышпан болар едім...», деген Толстой даналығы осындайда ойға оралады екен. Бір өзі үлкен мектеп саналған, театр сахнасы мен қазақ кино әлемінде еселі еңбек ете жүріп ақындық қырын танытар отты өлеңдер жазған, рухани әлемде көз тастар көкжиегіне айналған Мұқағали Мақатаев бастаған шайырлардың жырын әнге айналдырған Алмахан Кенжебекова өн бойы өнерге толы жан. Ол – композитор, ақын, драматург, әнші, актер, қоғам қайраткері, ұлағатты ұстаз. Рухани һәм шығармашылық кеште осынау дегдар тұлғаның, «Сіз Шолпан, Бикен апалардың жолын қуып, бүгінде сол биікке көтерілдіңіз» деп Жанарбек Әшімжан айтқандай, ел анасы дәрежесіне жеткен Алмахан Нұрпейісқызының әсем әндері әуеледі. «Мен Алмахан Кенжебекованың сырлы да сазды әндеріне, әуезді шығармашылығына қарап отырып айрықша сүйсіндім. Жан толқынысы мен өмір ағысында жүрегін тулатқан дүниелерді музыка құдіреті арқылы лайықты деңгейде паш ете біліпті. Актерлік ауыр міндет арқалай жүріп композитор есебінде осындай ерекше шығармашылық із қалдырғаны таңдандырады, сүйсіндіреді», дейді белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әли Алпысбаев шығармашылық кеште ұсынылған музыка туындылары хақында.
Кәсіби музыка майталманының лебізі, жүрек толғамы біздің де көңілге қонақтайтын парасатты пайым екені шүбәсіз. Өйткені халық әртісінің бір ғана Мұқағали ақынның сөзіне жазылған «Түйелер» әні бүкіл қазақ халқының, көшпелі өмір салтымен күн кешіп, мыңжылдықтар бойы мызғымай Тұран даласын еркін билеген атажұртымыздың құндылығын, тарихын, шежірелі өмірін көз алдымызға алып келер ұлы дүние. Бұйрат құмдары бұйыққан сахараның үстінде жөңкіген Ойсылқара төлінің қазақ танымымен сіңісіп кеткені ғана емес, «аттың жалында, түйенің қомында» тірлігі дәуірлерге шанақ болған шарболаттай берік халықтың тұтас шежіресі жатыр бұл әнде. Талантты жазушы Асқар Сүлейменовтің сөзімен айтсақ, «Шикарно!» деп тамсанар классикамен тұжырымдалған шығармашылық кештің соңы мейрамханада жалғасты.
Иә, облыс әкімінің қолдауымен өткен «Өнерде – 50, өмірде – 75» мерейтойлық кештен жетісулық жайсаң жұрт үлкен толқыныспен тарқасты. Телғұмыр тұлғаның қуанышынан кейін қарапайым жандардан да пікір сұрадық. Солардың ішінде Әлия Малғаждар есімді көрермен: – Бүгінгі кештен ерекше әсерге бөлендім. Жалпы, театр қойылымдарының тұрақты көрерменімін. Осындай кеш өтетінін әлеуметтік желіден оқып-біліп, арнайы келдім. Біздің театрдың белді актерлері, абыз ақсақалы мен анасына айналған Алмахан апай мен Кендебай ағаның өнер жолынан тағылымды дүниелер алдым, дейді.
Айта кетерлігі, қос актер Шолпан Жандарбекованың класын бітіріп, алғашқы еңбек жолын жаңа құрылған Талдықорған театрында бастап, елу жыл сахнаға адал қызмет етіп келеді.
Жетісу облысы