Аймақтар • Бүгін, 08:20

Жұртшылықты қуантқан медициналық орталық

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Талдықорғанда заманауи үлгідегі жаңа меди­циналық нысан ашылды. «Asmarmed» көпсалалы медициналық орталығы заманауи құрал-жаб­дықпен толықтай қам­тылған әрі кешенді қыз­мет етуге барлық жағдай жасалған.

Жұртшылықты қуантқан медициналық орталық

Суретті түсірген – Жұмабай МҰСАБЕК

Ашылу рәсімінде сөз алған қала басшысы Ернат Бәзіл жаңа орталықтың өңір тұрғындары үшін мән-маңызын атап өтті.

– Адамның ең қымбат қазы­насы – денсаулық. Сол себепті сапалы медициналық қызмет көрсету – басты міндетіміз. «Asmarmed» орталығының ашылуы – осы бағыттағы нақты қадам. Бұл жоба арқылы қалаға 1,1 млрд теңге инвестиция тар­тылып, 150 жаңа жұмыс орны ашылды. Мұндай бастама Тал­дықорғанның әлеуметтік инфра­құрылымын нығайтып қана қой­май, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға елеулі үлес қосады, – деді Е.Бәзіл.

Ем-дом орталығы меди­циналық технологияның соңғы жетістіктерімен жабдық­тал­ған нысан. Мұнда зерттеу кабинеттері, клиникалық зертханалар, физиотерапия, емдік дене шынықтыру бөлімдері орналасқан. Кешен үш негізгі блоктан тұрады, тәулік бойы жұмыс істейтін 40 төсектік орындық стационар бар. Мұнда науқастарға тәулік бойғы, күндізгі, жедел реанимациялық көмек көрсетіледі. Мамандардың айтуынша, орталық күніне 100-ге дейін пациент қабылдауға қауқарлы. Бұл қала мен маңай­дағы елді мекен тұрғын­дарына үлкен мүмкіндік.

Жаңа орталықтың ашылуына қала тұрғындары да ерекше ықылас танытты.

– Медициналық орталықтың ашылуы – үлкен қуаныш. Бұрын анализ тапсыру немесе ем алу үшін бірнеше жерге жүгіруге тура келетін. Енді бәрі бір орында, сондай-ақ дәрігерлердің науқастармен қарым-қатынасы да барынша қалыпты, қызмет көрсету мәдениеті өте жоғары, – дейді талдықорғандық зейнеткер Раушан Әбдіқадырова.

Жас ана Гүлмира Маханова да осындай орталықты көптен бері күтіп жүргенін айтты.

– Баламды профилактикалық тексеріске әкелдім. Қызмет­кер­лердің кәсіби деңгейі, заманауи жабдықтар көңіл қуантады. Мұндай орталықтардың көп болғаны жақсы. Соның ар­қасында тұрғындар медици­налық көмекті жедел әрі сапалы алады, – дейді ол.

Қала әкімінің баспасөз қыз­метінің мәліметінше, бүгінде Талдықорғанда 60-тан астам мемлекеттік, жекеменшік медициналық мекеме жұмыс істейді. Алайда халық санының өсуі мен қызмет сапасына деген сұраныстың артуы жаңа медициналық орталықтардың қажеттілігін айқындап отыр. Бұл орталық – осындай сұранысты өтейтін заманауи кешен. Мұнда тәжірибелі мамандар қызмет етеді. Сөйтіп, тұрғындарға жоғары деңгейдегі диагностика, ем, оңалту қыз­мет­терін ұсыну жоспарланып отыр.

Медицина саласының арда­гері, дәрігер Серікжан Төлеу­ханов орталықтың ашы­луын өңір меди­цинасындағы жаңа кезең деп бағалады.

– Бүгінгі медицина тек ауру­ды емдеу емес, оның алдын алу мен халықтың денсаулық мәдениетін көтеруге бағытталуға тиіс. «Asmarmed» орталығы осы мақсатқа сай келетін мекеме. Заманауи жабдықтар, кәсіби кадрлар мен қолайлы жағдай – мұның бәрі тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттырады, – дейді маман.

Жетісу облысы бүгінде әлеуметтік бағыттағы жобаларды дамытуға басымдық беріп отыр. Денсаулық сақтау саласына инвестиция тарту арқылы өңірде жаңа медициналық инфрақұрылым қалыптасып келеді. Талдықорғандағы «Asmarmed» көпсалалы орта­лығы – осы саясаттың бір көрінісі. Бұл нысан тұрғындарға қол­­жетімді медициналық көмек көрсетумен қатар, жас­тарға жұмыс беріп, қаланың эко­номи­калық әлеуетін де арттырады.

Аталған орталық – Жетісу жұртының денсаулығын нығайту жолындағы маңыз­ды қадам. Заманауи құралдармен жабдық­талған, білікті мамандар қызмет ететін мекеме Талдықорған медицинасының жаңа белесін танытып отыр. Халықтың сенімі мен қуанышы – орталықтың ең үлкен же­тістігі.