Осы сала бойынша еңбек етіп жүрген тарих ғылымдарының кандидаты, этнограф-қарутанушы Қалиолла Ахметжанның пайымдауынша, «Қазақ сарбаздары ерте дәуірден бастап отты қару мылтық қолданған. Бұл жарақтардың жасалу формасы, құрылымы және қолдану ерекшелігіне байланысты бірнеше түрге бөлінген».
Ал халқымыздың батырлық дастандары мен ауыз әдебиет нұсқаларында қазақтар мылтықтың: жезайыр, самқал (шамхал), күлдірмамай, қозыкөш, білте мылтық, орама мылтық, берен мылтық, тағы басқа түрлерін пайдаланғаны хақында айтылады.
Осылардың ішінде қозыкөш мылтық туралы баяндар болсақ, бұл қаруды қазақ бертінге дейін қолдаған. Оған дәлел, 1966 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген қаламгер Сапарғали Бегалиннің «Саятшы әңгімелері» атты жинағында: «Ертіс өзенінің арғы жағында үш болыс ел уақ бар. Осы елдің Ұзақ деген болысы құстан-құс таңдап жүргенде қолына қыран қаршыға түседі. Оның атын «көкжендет» деп қояды. Бір күні осы қыран қаршығасын егін орамында отырған бір топ қазға жіберген екен, қаздар жабылып қанатымен сабалап, тұмсығымен шоқып, өлтіріп кетеді. Ашуланған болыс алысқа тиетін қозыкөш деген мылтығын алып, топ қазды атып қуалады» деп жазады.
Жоғарыдағы жазбада бұл қару алысқа атылатыны туралы айтылған. Демек мылтық алысқа атылуы үшін оның оқпаны (ұнғысы) ұзын болуға тиіс. Мына бір суреттегі қару – оқпаны ұзын қозыкөш мылтықтың түрі.
Қару 1866 жылы Хиуа шаһарындағы ұстаханада соғылыпты. Қазір Ресей Федерациясының ірі мәдени ошағы Санкт-Петербург қаласындағы Әскери-тарихи артиллерия, инженерлік және байланыс әскері музейінде ОЦФ 018/277 нөмірлік ретпен сақтаулы тұр екен. Мылтықтың жалпы ұзындығы – 160 см, ұңғысының (оқпаны) ұзындағы – 116,5 см болса, калибрі – 12 мм.