Мәулен Әшімбаев жарысқа қатысушыларға ілтипат білдіріп, жыл өткен сайын елімізде бочча қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың параспортшыларды қолдау, инклюзивті, кедергісіз орта қалыптастыру бағытындағы тапсырмаларын орындау аясында мүдделі тараптармен бірлесіп кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Ел кубогі – сол ауқымды жұмыстың бір бөлігі. Сондай-ақ федерация өкілдері мен жаттықтырушылар аталған сайыс Қазақстанда боччаны дамытуға, дәріптеуге, спорттық шеберлік деңгейін арттыруға және ұлттық құраманы жасақтауға бағытталғанын айтты.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде инклюзия мәдениетін одан әрі дамыту және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың спорт арқылы да қоғам өміріне толыққанды қатысуы үшін қажетті жағдай жасау маңызды міндет екенін үнемі айтып келеді. Бұл ретте бочча айрықша мәнге ие. Себебі бұл – тәртіп қалыптастырып, стратегиялық ойлауды дамытатын және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ортаға бейімделуіне ықпал ететін спорт түрі. Сіздер боччадан Қазақстан кубогі жолындағы жарысқа қатысу арқылы қоғамда маңызды құндылықтарды насихаттайсыздар. Сондай-ақ сіздердің табандылықтарыңыз бен еңбекқорлықтарыңыз замандастарыңызды ынталандыратыны анық», деді Бочча федерациясының президенті.
Айта кетейік, жарыс 9-14 қараша күндері өтеді. Онда 11-14 жас аралығындағы жасөспірімдер мен 15 жастан асқан ересектер жеке, жұптық және командалық сайыстар бойынша бақ сынайды. Жарыс жолында еліміздің 15 өңірінен: Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл, Түркістан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай және Жетісу облыстарынан келген 120 параспортшы өзара мықтыны анықтайды.
Ел кубогі жолындағы байрақты бәсекені Мүмкіндігі шектеулі спортшыларды спорттық даярлау орталығының, Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйытқы болуымен, сондай-ақ серіктестер мен демеушілердің қолдауымен Қазақстан бочча федерациясы ұйымдастырғанын атап өткен жөн.