Фото: sozmedia.kz
Оқу-ағарту минстрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, балалар омбудсмендері – бала мен мемлекет арасындағы сенімді дәнекер. Жастар өз замандастарының құқығын қорғауға бағытталған өзекті мәселелерді көтеріп, олардың шешілуіне ықпал етеді, әлеуметтік бастамаларды қолдайды, балалардың қоғамдық өмірге белсенді араласуын насихаттайды. Сонымен қатар, жас омбудсмендер бала мүддесін ескеретін мемлекеттік саясатты қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірлейді.
Басты назар – балалардың өзін-өзі басқару дағдыларын дамытуға, құқықтық сана мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға, сондай-ақ бала құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық әріптестікті нығайтуға бағытталған.
«Біз үшін әр баланың өз тағдырына қатысты шешімдерге үн қосып, ықпал ете алуы аса маңызды. Балалар омбудсмендері – баланың үні естіліп қана қоймай, ескерілетін жүйенің ажырамас бөлшегі. Біз оларды балалардың құқықтарын қорғаудағы сенімді серіктестеріміз деп білеміз. Өйткені олардың көмегімен біз балалардың көзқарасын тереңірек түсініп, шынайы әрі нақты шешімдер қабылдай аламыз», деп атап өтті сала министрлігіне қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.