Үкімет • Бүгін, 07:37

Инфляцияны тұрақтандыру – басым бағыт

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен инфляцияны тұрақтандыру мәселелері бойынша кезекті кеңес өтті. Кеңес барысында негізгі тауарлар бағасының өзгеру тенденциялары және олардың инфляция деңгейіне әсері қаралды.

Инфляцияны тұрақтандыру – басым бағыт

Сурет: kaz.inform.kz

Ұлттық экономика ми­нистрі­нің бірінші орынбасары Азамат Әмриннің айтуын­ша, қазан айында ақылы қыз­меттердің бағасы 0,8%-ға төменд­еген. Бұл коммуналдық қыз­меттер тариф­тері мен отын бағасын көтеруге мора­торий­дің күшіне енуімен бай­ла­нысты. Мораторий 16 қазан­нан бас­тап іске қосылды.

«Қазан айында жылдық инфляция 0,3 пайыздық тармаққа баяулап, 12,6%-ды құрады. Бұл көрсеткіш қыр­күйек айында 12,9% болған. Республиканың 10 өңірінде инфля­ция деңгейі 10%-дан жоға­ры болды. Ең үлкен өсім Қараған­ды (14,2%), Ұлытау (14,2%), Атырау (13,8%), Ақтөбе (13,5%) облыс­тарында, сон­дай-ақ Шымкент  (13,2%), Астана қаласында (13%) тіркелді», деп атап өтті А.Әмрин. 

Қазан айында айлық инфляция 0,5%-ды құрап, қыркүйек айынан төмен болды. Азық-түлік инфляциясы 1%, азық-түліктік емес инфляция 1,2% болды.

Барлық өңірде көкөніс сатып алу толығымен аяқтал­ды. Көкөніс пен сиыр еті баға­ларын тұрақтан­дыру мақсатын­да Ауыл шаруашылығы ми­нистр­­лігі мен әкімдік­тер ха­лық­­тың үш айлық сұраны­сына сәй­кес сатып алу көле­мін 30%-дан 50%-ға дейін ұлғайтты.

Нәтижесінде, негізгі өнім­дер бойынша сатып алу көлемі келесі көрсеткіштерге өсті: картоп 117,5 мың тоннадан 146,8 мың тоннаға (+25%); сәбіз 28,1 мың тоннадан 35,3 мың тоннаға (+26,6%); пияз 21 мың тоннадан 27,4 мың тоннаға (+30,4%); қырыққабат 26,6 мың тоннадан 37,2 мың тоннаға (+43,6%); сиыр еті 1,6 мың тоннадан 9,9 мың тонна­ға, бұл бастапқы көлемнен 6,2 есе артық.

Жиынды қорытындылай келе,  вице-премьер әкімдіктер мен мемлекеттік органдарға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінен бөлек, азық-түлік инфляциясына әсер ететін басқа да тауарлар (қызанақ, қияр, ет фаршы, томат пастасы, балық және басқа да өнімдер) бағаларын бақылауды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар отандық өндірушілердің өнімдеріне халықтың тікелей қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің санын арттыру қажеттігін атап өтті.