Саясат • Бүгін, 07:58

Сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Астанада Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары Лю Гочжунмен кездесті.

Сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі

Тараптар осы жазда Астана мен Тяньцзиньде өткен Қазақ­стан мен Қытай басшы­лары келіссөздерінің қоры­тындысы бойынша қол жет­кіз­ген уағдаластықтарды іске асыру барысын қарастырды.

Кездесу күн тәртібінің басты мәселесінің бірі өзара сауданы әсіресе ауыл шаруашылығы саласында арттыру болды. Қытай статис­тикасына сәйкес биылғы қаңтар-қыркүйекте Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы 35,4 млрд долларды (+7,4%) құрады, оның ішінде Қазақстанның Қытайға экспорты 13,5 млрд доллар­ға (+9,9%) және Қытайдан импорт 21,9 млрд долларға (+6,9%) жетті.

«Қытай нарығы Қазақ­станның астық экспорты үшін үлкен қызығушылық туды­рады. Кейінгі екі жылда Қытайға астық экспорты бес еседен астам өсіп, 1,4 млн тоннаға жетті. Мемлекет басшыларының тапсыр­маларын орындау үшін біз­­ге Қытайға астық экспор­­тын 2 млн тоннаға дейін ұл­­ғай­­ту бойынша қосымша шараларды қабылдау қажет», деді С.Жұманғарин.

Осы мақсатқа жету үшін Қытай әлі де логистиканы айтарлықтай баяулататын жекелеген шектеулерді сақтап отырғандықтан, шекарадағы астық қабылдау пункттерінің өткізу мүмкіндігін арттыру қажет екенін баса айтты.

Тараптар Қазақстанның Қытайға дақыл және мал экспортын кеңейту әлеуе­тін талқылады. Қазір екі ел арасында Қытай нарығына отандық 34 түрлі дақыл және мал өнімдерін экспорттау бо­йынша хаттамалар бар. Қытай нарығына жіберілген экспорттаушылар тізіміне 2 865 жергілікті кәсіпорын кіреді.

Қазақстан тарапы Қытайға қауын мен мақта тұқы­мын экспорттауды ашуға өтінім­ берді. Кездесуде жаңа өнімдер­ге арналған фито­санитар­лық талаптарды үйлестіру үдерісін бастау ұсынылды. Мал шаруашылығы мен өңдел­ген өнімдердің, әсіресе сал­қындатылған қой мен сиыр еті, ет өнімдері және құрғақ бие сүті экспортының көлемі мен түрлерін арттыруға ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ Қазақстанның вете­ринарлық қызметтері тек­серу­­­лерінің нәтижесі бойын­­ша Қазақстанның солтүс­­тік-батыс және орта­­лық аймақ­тарынан салқындатыл­ған ет экс­портына қойылған шектеу­лер­ді алып тас­тау мәселесі талқыланды.

Лю Гочжун екі елдің на­рық­­­тарына ауыл ша­руашы­­лығы өнімдерін жет­кізу бо­­йын­ша тиісті ведом­ство­­лар арасындағы үйлес­тіру­­ді кү­шейтуді қоса алған­да, жоғары деңгейдегі уағда­ластықтарды жүзеге асыру үшін бірлесіп жұмыс істеуді жалғастыруға дайын екенін білдірді.